ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОЛДАНЫСЫНДАҒЫ «СЫЙЫНУ»,«МЕДЕТ СҰРАУ» ҰҒЫМДАРЫНЫҢ МӘНІ.

 

7. Қазақ халқының қолданысындағы «сыйыну», «медет сұрау» ұғымдарының мәні

 

Қазақ халқы қолданатын діни-рухани ұғымдардың ішінде «сыйыну», «медет сұрау» деген ұғымдар кездеседі. Сыйынудың сөздіктегі мағынасы «Жаратушы құдірет бар деп табыну, бас ию», «Құдайға құлшылық ету» дегенді білдіреді. Ал ауыспалы мағынасы «қадірлеу», «ардақтау», «қастерлеу» түрінде беріледі.

«Медет» сөзі «қолдау», «көңіл-күйге арқау», «сүйеу боларлық күш», «қуат», «көңіл алданышы», «демеу» деген мағынада жұмсалады. Көңіл-күйге арқау боларлық сөз немесе мақсатқа құрылған істің басқалар жағынан демеу, қолдау тауып, жәрдемге ие болуы.

Алладан медет сұрау, тілеу, Алланы медет тұту деген тұрақты сөз қолданыстары мұсылман адамның Жаратушыға деген күнделікті құлшылығының мәнін, яғни үнемі өз іс-әрекетінде, ниетінде Құдіретті күш иесінен қолдау күтуін білдіреді. Адам баласының бір жаратушы күшке, құдіретке, тылсым күш иелеріне жалынып-жалбарынуы, жәрдем тілеуі – оның болмысында әрдайым болатын қасиет. Сондықтан да сыйыну, медет сұрау ұғымдарының адамзат қоғамының алғашқы дәуірінде-ақ пайда болғаны күмән тудырмайды.

Түбі бір түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына да ортақ мұралардың ең көне үлгілерінде кездесетін Тәңірге жалбарыну, рухтардың желеп-жебеуін, тылсым күш иелерінің жарылқауын тілеу ауыз әдетінде мінәжат жырлары түрінде кездескен. Ислам дінінің енуімен бірге төл әдебиетіміздегі сыйыну мәнді жырлар ислами реңге ие болып, «Аллаға мінәжат» ұғымының аясына топтасқан.

Қорқыт ата кітабындағы «Қазылық Қожаұлы Икенек бек әңгімесінің баяны» жырында бас кейіпкердің «жаратқан Аллаға сиынып, құлшылықпен мадақтауы» былай беріледі:

…Із-түзін білдіртпес білгір Тәңірім!

Зорлығың жоқ ешкімге, ұлы Тәңірім!

Қаһарлансаң қақыратқан Тәңірім!

Бірлігіңе сиындым, Ұлы Тәңірім!

Медет бер!

Жүсіп Баласағұннның «Құтты білік» дастанынан да осы ерекшелікті аңғаруға болады. Онда:

«Ей, мұңсыз ием, бұл мұңлық құлыңды

Жарылқап, күнәсін кешкін бұрынғы.

Үмітім тек сенде, сиындым саған,

Мұңайған сәтімде қолың соз маған» деп берілген.

Қазақ халқының ағартушылық, танымдық, рухани-моральдық тұрғыдан жетілуіне өз ықпалын тигізген ойшыл ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауидің де Аллаға жалбарыну, одан тілек тілеу, базбір тұстарда Алламен сырласу сарынында жазылған «Мінәжат» атауымен берілген хикметтері бар. Оның шығармаларында тұтастай Аллаға сыйыну, медет тілеп, жалбарыну мазмұнына құрылған «Иә Иләһи, заты ұлық хожам сыйынып келдім саған» деген тіркестермен берілетін көптеген хикметтер кездеседі:

Қазақ халқының ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің қазақ баласын білім-ғылымға шақырған өлеңі халқымыздың дүниетанымындағы сенімге негізделіп жазылған:

Бір Құдайға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

Сонымен қатар қазақ халқының қолданысында әулиеден медет сұрау, әруақтарға құрмет көрсету түсініктері ежелден болған.

«Түркістанда түмен баб, Сіздерден медет тілеймін, Сайрамдағы сансыз баб, Отырардағы отыз баб, Ең үлкені Арыстан баб, Сіздерден медет тілеймін» немесе «Бабтардың бабы Арыстан баптан медет тілеймін» деген әулиеден демеу сұрау сөздері кездеседі.

Қазақтың дәстүрінде әулиеден медет тілеу дәстүрі болғанын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Медет» атты өлеңінде дәлелдейді. Ол туралы:

Дін жолын Ол түзеткен,

Хақ зікірін берік тұтқан,

Халайыққа жол көрсеткен,

Ғаусул ағзам сенен медет,

Кәміл дүр сенің пірлерің,

Барша білер сырларын,

Түркістан дүр жерлерің,

Әзрет Сұлтан сенен медет

– деп, қазақтардың ұстанатын ислами мәзһабының негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифадан, содан соң Қожа Ахмет Ясауиден медет сұрайды.

Он үш жасар Абай «Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз – бу һәммаси, Медет бер, я шагири фәрияд» дей отырып, Шығыстың ғұлама ойшыл ақындарынан өз шығармашылығына демеу сұрайды. Мұндағы медет ұғымы қолдау, демеу деген мағынаға толық саяды.

Бұл қазақ халқының өзіне дейін өткендердің қадір-қасиетін қастер тұтудан, соның жұғысты болуынан үміт етуден туындаған. Осындай діни түсінікке байланысты қазақтарда әулие-әнбиелердің мазарын, кесенелереін аралап, Аллаға ғибадат етіп, олардың рухына Құран бағыштау әдеті қалыптасқан.

Қазақ даласындағы мазарлар рухани тұрғыдан алғанда адамның өткенмен, өзімен, Алламен сырласу, арылу, есеп беру орнына айналған. Қазақтың қабірлерді ерекше қасиеттеуі, жиі зиярат етуі осындай себептерден туындаған. Қабірге зиярат етуді серік қосу күнәсімен байланыстырушылардың әрекеті қаншалықты қисынды дегенге келсек, қабірді зиярат етуге, әруақтарға Құран бағыштауға исламның тыйым салмайтыны, қайта қолдайтыны белгілі. Бағышталған Құран соңынан әрбір мұсылманның Алладан тілек сұрап, дұға ететіні белгілі жайт. Осы тілекті қабір басында айтқаны үшін ғана адамның әруаққа табынған болып саналмайтыны анық.

Қабір зияратындағы негізгі түсініспеушілік тәуассул мәселесінің дұрыс ұғынылмауынан туындайды. Алланың көркем есімдерін, пайғамбарымыздың немесе тақуалардың құрметін дәнекер етіп, солардың құрметіне тілек тілеу үрдісі исламның бастапқы кезеңдерінен бар екені белгілі. Құран аяттарынан, Мұхаммед пайғамбар хадистерінен бастау алған бұл тәуассул үрдісі өз кезінде пікір келіспеушіліктерін туындатпай қалған жоқ. Дегенмен дұрыс орындалған тәуассулдің, яғни дәнекер етілушіден (пайғамбардан, әулие-тақуалардан) емес, жалғыз Жаратушыдан ғана көмек сұраудың шариғатқа қайшы іске жатпайтыны да талай ғұламалар тарапынан дәлелденген.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *