6. «Тәуекел» сөзін қалай түсінуге болады?
Қазақ халқының түсінігіндегі «тәуекел» сөзі діни сенім және мінез-құлыққа қатысты қолданылады. Жалпы, алға қойған арман-мұраттарға қол жеткізуде, тіпті кез-келген қысылтаяңнан жол тауып шығу үшін бір шешімге келіп, әрекет етуді тәуекел деп айтамыз. Тәуекелге бел байлай алмау адамды енжарлыққа ұрындырады. Ал, енжар адам батыл әрекет ете алмайды. Әрекеті жоқ адамға берекет берілмейді. Бейнелеп айтсақ, «жүрмегенге жөргем ілінбейді». Әйтсе де, «тәуекел» еттім деп, адамның көзсіз батырлыққа ұрынуына да болмайды. «Тәуекел» әркез ақылға негізделуі тиіс. Бұл туралы Құранда былай дейді:
«Әрбір істе, алдымен адамдармен кеңес, одан кейін шешім шығарып Аллаға тәуекел ет» («Әли-Имран» сүресі, 1569).
Мұхаммед пайғамбар бір сахабасына: «Түйені байлап барып, тәуекел ет» деп бұйырған. Яғни, мұсылман адам «тәуекел» деп тау қопармақ болса да, тіпті, тұрмыстық ұсақ мәселелерде де әрбір іс-әрекеті мейлінше ақылға сыйымды болуы керек.
Әсілі, адам тәуекелге қадам жасамаса, онда қорқақ болып көрінуі мүмкін. Керісінше, ақылға сыйымсыз кейіпте батыл әрекетке көшсе, онда оспадар болып көрінеді. Ал, қорқақтық та, оспадарлық та мұсылманға жат қылықтар. Сондықтан, адам қорқақтық емес байыптылық танытып, оспадарлық емес, батыл да орынды әрекет етсе, шариғат құптаған тәуекел иесі бола алады.
Ал, «тәуекелдің» діни сенімге қатысты жағын айтар болсақ, пендеге алдағы көрер күні әрдайым көмескі, ғайып, белгісіз болып келеді. Бастаған бір істің нәтижесі немен аяқталатынын дәл болжап біле алмаймыз. Сол себепті адам әрбір істе тағырына тәуекел етеді. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар алдағы күндердегі көретін рызық-несібе туралы: «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер, Ол таңертең аш кетіп, кешке тоқ болып ұяларына қайтатын құстарды ризықтандырғаны секілді сендерді де ризықтандырар еді» (Тирмизи, Зүхд, 33; Ибн Мажа, Зүхд, 14) деп өсиет айтқан. Яғни, адам діни сенім бойынша ризық беруші Алланың жазған тағдырына разы болып, тәуекел етуі керек. Өйткені, тағдыр – иман шарттарының бірі. Хаққа тәуекел етіп, нәтижесіне (тағдырға) ризашылығын танытсақ, иман шарттарының бірі орындалған саналады.
Мұхаммед пайғамбардың үмбеті қазақ халқы: «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, уайым түбі – сор қайғы, құрдымына түсерсің» дейді, кейде ақыр-соңы белгісіз іске: «Нар тәуекел» деп бел шешіп кіріседі. Сондай-ақ, «Тәуекелсіз іс бітпейді, Тәуекел етпеген арықтан өтпейді», «Ер жолдасы – тәуекел», «Тәуекел – ердің ісі» және т.б. қанатты сөздер бар. Осы тәуекелшілдігімен бабаларымыз тарих тұғырында өз биігін сақтай білді. Тарих қатпарындағы небір шырғалаңдарда халқымыз «тәуекел деп тас жұтып» шынықты, өсті, өнді, бүйірі тоғайды, байлыққа кенелді, тәуелсіз ел атанды. Себебі, Тәңір-Тағала тәуекел еткен құлдарын сүйеді.