ӘБІШЕВ БАҚЫТЖАН ӘЛІМБАЙҰЛЫ (17 шілде 1947, Ақтөбе) – мүсінші. Алматы орта мектебінің 10 жылдық сыныбын және Алматы Гоголь атындағы сурет училищесін 1969 жылы аяқтағаннан соң, Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтына оқуға түсті.1976 ж. Алматы көркемсурет уч-щесінде, 1978 жылдан Т.Жүргенев атынд. Көркемөнер академиясында ұстаз. 1971 жылдан бері респ., одақтық, шетелдік көрмелерге тұрақты қатысып келеді. Алматы қ-ндағы Т.Бокин (Қазақстан Ленин комсомолы сыйл., 1976), Жамбыл (Жамбыл атынд.халықар.сыйл.,1996) ескерткіштерін жасаған. Әбу Наср әл-Фараби, Махамбет, Қ.Байсейітова, т.б. көрнекті қайраткерлер тұлғасын мүсіндеген. Әлия, Мәншүк, Қ.Сәтбаев мүсіндерін, «Ауған соғысы құрбандарына» арналған ескерткіш жасау бәйгесіне қатысып, жүлде алған. Павлодар обл. Баянауылдағы Бұхар жырау, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ақтөбе обл. Қобда ауд-ндағы Әлия Молдағұлова, Қызылорда обл.Жаңақорған ауд-ндағы «Ұлы Отан соғысының құрбандары» ескерткішінің авторы. Ә-нің «Олимпиадашы» мүсіні Швейцариядағы Лозана қ-ндағы олимпиадалық к-ттің штаб пәтерінде, «Күйші» мүсіні Германияда, «Томирис» мүсіні Мәскеу қ-нда тұр. Әл-Фараби, Жәңгір хан, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Сүйінбай, Ш.Берсиев және басқа да ұлы тұлғалар бейнесі – мүсінші Ә-тің шығармашылық табыстары. Көптеген еңбектерінде көне дәуір тақырыбын өзек еткен. «Тәңірі Ұмай», «Атой», «Аударыспақ», «Скиф», «Ұран», «Сайыс», «Салт атты», «Жаңғырық», «Магдалина», «Күту», «Көш», «Баба», «Батыр», «Хан», «Қорқыт» тәрізді қола, ағаш, саз, мәрмәрдан жасаған еңбектерінен ата-бабалар әлемін дүниелік, заттық тұрғыдан емес, рухани сырына жету арқылы біліп-ұғынуға құштарлық аңғарылады.