ӘБІЛХАЙЫР ХАНДЫҒЫ Өзбек хандығы, Көшпелі өзбектер мемлекеті (1428-69) – орта ғасырлардағы Қыпшақ мемлекеті. Дешті Қыпшақтағы Ақ Орданың жойылуы және Жошы ұрпақтары арасындағы өзара соғыстарға байланысты Шайбани әулетінің саяси басымдыққа қол жеткізуі нәтижесінде құрылған. 1428 ж. Ақ Орда ханы Барақтың өлімінен соң, қыпшақ, найман, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, үйсін, кенегес, т.б. тайпалық бірлестіктердің қолдауымен Әбілхайыр хан таққа отырды. Ә.Х. батысында Жайықтан, шығысында Балқашқа дейін, оңт-нде Арал мен Сырдың төменгі ағысынан, солт-нде Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді алып жатты. Хандықтың астанасы алғашында Батыс Сібірдегі Тура (Тара, Чимги Тура, қазіргі Түмен қ.) болып, кейін 1466 ж. Сыр бойындағы Сығанаққа көшірілді. Ә.х.этник.жағынан біркелкі болмады: маңғыт, қоңырат, үйсін, найман, қосшы, күрлеуіт, қарлұқ, таңғұт, ұйғыр, таймас, бүркіт т.б. тайпалардан құралды. Әскер құрамында қыпшақтардың, ойраттардың, мажарлардың да болған белгілі.Ә.х-ның ішкі және сыртқы мемл.істерінде аталық (көкілташ), диуан, жоғары қази, инақ, наиб, әмир-и шикар, жасауыл, михман-даруға, худай, мубашир, басқақтардың рөлі зор болды. Хандық құрамындағы Иасы, Отырар, Сығанақ, Үзгенд, т.б. қалаларда қолөнер, сауда-саттық, егіншілік, дәстүрлі мал.ш. дамыды. Ашлығ,тағар, соғым, зекет сияқты салық түрлері болды. Ә.х. 15ғ-дағы Орта Азия мен Қазақстанның этносаяси тарихында маңызды орын алды. 1457-69 ж. аралығында Керей мен Жәнібектің Ә-ханнан бөлінуі Ә.х-ның ыдырауына әкеліп соқтырды, Ә.ханның өлімінен соң (1469), мемлекет бірнеше ұлыстарға, иеліктерге бөлініп кетті.