РУХАНИ-ДІНИ ҰҒЫМДАР

РУХАНИ-ДІНИ ҰҒЫМДАР

 

САУАЛДАР МЕН ЖАУАПТАР

________________________________________________

 

1. Ислам шариғатындағы және қазақ дүниетанымындағы «иман» түсінігі

 

Қазіргі қазақ қоғамы үшін рухани мәдениет саласындағы өзекті мәселелердің бірі – рухани ұғымдарды таразылап, қайта пайымдау, дәстүрлі мағынасын жаңғырта отырып, өскелең буын санасына берік орнықтыру. Өйткені қазір радикалды діни ағым өкілдері тарапынан рухани ұғымдарды бұрмалап түсіндірудің салдарынан құндылықтық бағдарлар өзгеріске ұшырап отыр.

Адастырушы ақпараттардың толассыз жаулап алу үдерістері салдарынан қазір жастар ғана емес, аға буын өкілдері болып табылатын жалпы халық та рухани ұғымдардың дәстүрлі мағынасынан көз жазып қалды. Бір ғана «иман» ұғымын алайық.

Иман – (арабша – сену, илану, қабылдау) – Алланың барлығына, бірлігіне, көңілмен сеніп сиыну, тілмен айтып мойындау және іс-әрекетпен дәлелдеу, оның өсиетін және Мұхаммед пайғамбардың айтқандарының барлығын жүрегімен толық қабыл алу деген сөз.

Мұхаммед пайғамбар төмендегі иманға байланысты аяттарды ашықтап иманға былайша анықтама берген: «Иман – Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларға, ақырет күніне (яғни қиямет күніне, жаннатқа, жаһаннамға, есепке, мизанға), тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне, өлімге, өлгеннен соң қайта тірілуге сену дегенді білдіреді . Алладан басқа тәңірдің жоқтығына және мен Оның құлы әрі елшісі екендігіме шәһәдәт ету деген сөз» (Бұхари, Муслим, Насаи).

Құран Кәрімде былай бұйырылған:

«Негізгі игілік – Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтіру болып табылады» («Бақара» сүресі, 177).

«Олар ғайыпқа (Аллаға, періштелеріне, қиямет күніне, жаннат пен жаһаннамды көрместен) иман келтіреді» («Бақара» сүресі, 3).

«Олар саған түсірілген кітапқа, сенен бұрынғы кітаптарға және ақыретке иман етеді» («Бақара» сүресі, 4).

Осы үш аятта Аллаға, ақыретке, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға және ғайыпқа сену жөнінде білдірілген.

«Алла олардың не істегендерін де, не істейтіндерін де біледі» («Бақара» сүресі, 255).

«Өлімі Алланың бұйрығынан тыс болған ешкім жоқ» («Әли Имран» сүресі, 145).

«Өлім мерзімін белгілейтін тек қана Алла» («Әнғам» сүресі, 2).

Бұл үш аят тағдырдың Алланың тарапынан болатындығын білдіруде, тағдырға сенуді көрсетуде.

«Өздеріне бір жақсылық келсе: «Аллаһ тарапынан» дейді, ал бастарына бір жамандық келсе, «Бұл сенің тарапыңнан» дейді. Оларға «Барлығы да Алладан» деп айт» («Ниса», 78).

Бұл аят жақсылық та, жамандық та Алладан болатынын білдіруде.

«Мұхаммед (с.а.у) Алланың елшісі және пайғамбарлардың соңғысы» («Ағзаб» сүресі, 40).

Бұл аяттар Мұхамедтің пайғамбар екендігін білдіреді.

Ал қазақы ұғымға келсек «иманды» деп қазақ жүректегі «Құдай бір, пайғамбар хақ» деген берік сеніміне қоса терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды ғана атаған. «Жүзінен иманы төгілген» деп жүректегі жылуы жүзінен танылатын нұр келбетті жандарға сүйсінген. Мұндайда ол адамның бес уақыт намазын оқитын-оқымайтыны, басқа мұсылманшылық парыздарын өтейтін-өтемейтіні, яғни сенімін амалмен дәлелдейтін-дәлелдемейтіні негізгі өлшем болып саналмайды. Бұл мұсылманшылық парыздардың ұлтымыз үшін маңызы кем болған дегенді білдірмейді. Дегенмен қазақ қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, ішкі сенімі берік, ниеті түзу адамның мұсылмандығына шүбә келтірмеген. Бұл орайдағы қазақы пайымдаулар ханафи мәзһабы ғұламаларының тұжырымдарымен толық үйлеседі.

«Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді» деп, риякерліктен тыйған бабаларымыз бес уақыт намазын қаза етпегенімен, өз нәпсісіне ие бола алмаған адамды көрсе, «имансыз» деп айыптаған. Яғни атамыз қазақ алдымен сырт пен іштің бірлігін пір тұтқан, «иман» ұғымының жан тазалығынан бастау алуын қамдаған, көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Содан кейін барып ниет пен амалдың бірлігін өсиет еткен.

Кешегі қазақтың «иман» ұғымы жөніндегі дәстүрлі түсінігі осындай болатын. Тек қазақ халқы ғана емес, исі Орталық Азия мұсылмандары «иман» дегенде ең алдымен жүрекке бекіген сенімді, сол сеніммен тәрбиеленген көркем мінез-құлықты, сол мінез-құлықтың жемісі болған, отан мен отбасын береке-бірлікке ұйытқан ізгі істерді түсінетін.

Ал қазіргі буын осы дәстүрлі түсінікті біле бермейді. Өкінішке орай, бүгінгі буынның шетін көзқарасқа еліткен бір бөлігі «иман» десе сенімін сыртқы амалмен – бес уақыт намазбен дәлелдеуді ғана түсінеді. Жүректегі иман, көркем мінез-құлық, ізгі амал – иманның негізгі көріністері екенін ұмытқан жастар намаз оқымағаны үшін ғана ата-анасын «кәпір» санап, шариғат заңымен басқарылмағаны үшін ғана діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін зайырлы мемлекетті кәпірге шығаруда. «Кәпірстаннан ислам мемлекетіне хижра жасадық» деп алданып, жат жұртқа ауа көшіп, «шәһид боламыз» деп шатасып, құдай жаратқан жанына қол салып, мезгілсіз, мәнсіз қазаға ұшырауда. Бір ғана «иман» ұғымының дәстүрлі түсініктен ауытқуы осындай зардапты салдарға соқтырып отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *