ӘБІЛХАЙЫР

ӘБІЛХАЙЫР (1412 — 1468) — өзбек ханы. Жазба деректерде Әбілқайыр қаған, Ұлы хан, Бузург хан, Хазірет Бузург хан деп айтыла береді. Шыңғыс ханның 10-ұрпағы (Шыңғыс хан — Жошы хан — Шибан (Шайбан) — Байнал — Есу-Бұқа — Жошы-Бұқа — Бадағұл — Мыңтемір — Пулад (Болат) — Ибраһим (Ибрагим) — Дәулет-шейх — Ә. хан). 1428 ж. 16 жасында Әбілқайырды Дешті Қыпшақтың ру-тайпа көсемдері хан етіп сайлады. Ол билікті өз қолына алысымен Дешті Қыпшақтағы саяси бытыраңқылықты жоюға күш салды. Дешті Қыпшақтағы Шайбани әулетінің билеушілері Мұстафа ханды, Махмұт-Қожа ханды талқандады. 30 — 40 ж. хандықты нығайту үшін ішкі және сыртқы күштермен күрес жүргізді. Тұқай-Темір ұрпақтары Ахмет хан мен Махмұт хан иеліктеріне, Темір әулетінің қол астындағы Хорезм мен Сыр бойына сәтті жорықтар жасады. Сөйтіп тарихта “көшпелі өзбектер” деп аталатын хандық құрды (қ. Әбілқайыр хандығы). Ә. ханның билігі күшейген сайын, оған қарсы жергілікті ру-тайпа көсемдері мен кейбір сұлтандардың қарсылығы арта түседі. Ә. ханның билігіне қарсы жасырын наразылық 1457 ж. Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңіліс тапқан соң, ашық күреске айналды. 1457—59 ж. аралығында Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты тайпалармен Шу өңіріне көшіп барып жеке Қазақ хандығын құрды (қ. Керей хан, Жәнібек хан). Қазақ хандығының күшейе түсуінен қауіптенген Ә. хан 1468 ж. Моғолстанға жорық ұйымдастырды. Бұл — оның ең соңғы жорығы еді. Ә. ханның он бір ұлы болды. Оның ұрпақтары ішінде ең танымал болғаны — немересі Мұхаммед Шайбани хан. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *