Бетпақдала – Шу өзенінің терістігінен басталып, Балқаш көлі мен Сарысу өзені аралығындағы Жамбыл мен Қарағанды облыстарының көп жерлерін алып жатқан шөл дала.
Шөл даланың сүйкімсіз де сұрықсыз қалпына қарай, бұл атау парсы тілінің «бадбахт» немесе «байдбах» сөзі арқылы жасалған дейді, кейбір зрттеушілер. Әрине, бұл көзқарасты теріске шығару қолайсыз. Өйткені көрсетілген сөз біздің түсінігіміздегі «бақытсыз, жаман, жексұрын, жиренішті» іспеттес мағына береді. Шын мәнісінде де жер жаратылысы осы сипатқа сәйкес.
Бұған қосымша мына бір жайтты да естен шығармаған жөн. Қазіргі Бетпақдала өте көне заманда су жайылған жер болуы ықтимал. Уақыт өткен сайын су тартылып, оның орнында батпақты дала пайда болып, міне, сол кезде оған «Бетпақдала» атауы берілуі де ғажап емес. Сол кездегі көл-көсір судан қалғаны Балқаш көлі болуы мүмкін. Ал, «батпақ» сөзінің алғашқы төркіні – түркі тілі ме, әлде парсы тілі ме? Бұл жерін анықтап айту да қиын. Себебі біздегі «батпақ» сөзі мағынасын өзгертпестен парсы тілінде – «батлағ» дыбыстық қалыпта ұшырасады. Мұндағы ерекшілік – біздің тіліміздегі «п» орнына «л», «қ» орнына «ғ» қолданылуы. Бұл тұрғыдан алсақ, бірінші буындағы «а» дыбысының «е»ге алмасып, келе-келе «бетпақ» болып өзгеруі де таңданарлық жағдай емес. Осы себептен де, сөздің алғашқы қалпы «батпақдала» болар деп жорамал жасауға бой ұрдық.