Бектауата – тарихи тау, биіктігі 1215 м., село, Қарағанды обл. Халық аңызы бойынша: «Бектау ата және Бегазы деген екі әулие болған. Олар қашып келіп, осы тауды пайдаланған». Балқаш қаласының өңтүстік шығысында 60 км. жерде Әулиетау деп аталатын тау бар, жергілікті халық оны Бектауата деп атайды. Оның жанында Ұраңқай деген шоқы бар. Әулиетау деп аталуы – тауға сыйыну, табынумен байланысты қойылса керек. Балқаш маңайын зерттеген ғалым П.Сарычев былайша жазады: «Бектау ата – оңтүстік пен солтүстікті жалғастыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған «шамшырақ». Оның сүйір төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көзге ілінеді. Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат береді. Сол таудың астында үлкен үңгір бар. Ол мөп-мөлдір тұщы суға толы. Су бетінің деңгейі әрдайым бір қалыпты: жоғары көтерілмейді, төмен түспейді. Табиғаттың осы жұмбағының көріністері дала жұртының сезімін билеп, атаудың постпозитивтік компоненті боп тұрған «ата» сөзін қоныстырғандай» (орысша текстен аударған Е.Қойшыбаев). Қазақстан жерінде ата тіркесімен аталатын жерлер (мәселен, Әулиеата, Сунақата, Асықата) көбіне сол жердің «киелі», «қасиетті», «әулиелік» құдіретіне байланысты халық нанымына сай қойылып отырған. Демек, осы себептен Бектауата «қасиетті», «әулие», «киелі Бектау» деген мәнді аңғартады.