ЭВФЕМИЗМ

ЭВФЕМИЗМ

Эвфемизм (грек. eu — жақсы, phemі — айтамын) мағынасы тұрпайы сөздерді басқа атаумен ауыстырып, сыпайылап жеткізу. Эвфемизм қоғамдағы моральдық, этикалық норма негізінде қалыптасып, сыпайыгершілік пен әдептілікке байланысты туған. Эвфемизм – тілдегі ауыспалы мағынадағы сөздерді толықтырып отыратын көркемдеуіш, бейнелеуіш құралдардың бірі. Эвфемистік мағына тудырудың тәсілдеріне ауыстыру, алмастыру, синекдоха, символ, ирония, парафраза, айқындау сияқты топтармен қатар фразалық тіркес пен  мақал-мәтелдер, сондай-ақ есімдік пен эллипс те жатады. Мысалы, «өлді» деудің орнына қайтыс болды, дүние салды, жан тәсілім етті, т. б. сөз орамдары айтылады. Сондай-ақ адамның дене мүшесіндегі кем-кетікті (саңырау – құлағының мүкісі бар), ауруды (қылтамақ – жаман ауру) басқа сөздермен ауыстырып қолданады. Тіліміздегі фразеологизмдердің көпшілігі эвфемизмдер негізінде пайда болған. Мысалы, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты, тіл тигізді, сөзге келді, жүз шайысты сияқты тіркестер ұрысты, ренжісті, ауыр сөздер айтты деген мағынаны білдіреді.

Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Х том. – Алматы, 1998.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *