ШЕШЕНДІК СӨЗ

ШЕШЕНДІК СӨЗ

Шешендік сөз – көптеген халықтардың мәдени-рухани өмір тіршілігінде көне заманнан белгілі шешендік өнердің негізгі материалы. А.Байтұрсынұлы 1926 жылғы “Әдебиет танытқыш” атты еңбегінің “Шешен сөз” деген тарауында шешендік сөздердің  саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошамет шешен сөз, білімір шешен сөз, уағыз деген бес түрін көрсетеді. Ал шешендік сөздерді ғылыми тұрғыда зерттеу нысанына алып, теориясын қалыптастырған ғалымдар: Т.Кәкішов, Ж.Дәдебаев, С.Қорабай, Н.Төреқұлов, М. Қазбеков. Шешендік өнерді көркемдеп, мәнерлеп сөйлеудің неғұрлым әсерлі, тартымды тәсілдерін зерттейтін филологиялық теориялық пән деп танысақ, шешендік сөз шешендік өнерді танытатын ең маңызды құралы деуге болады. Шешендік сөз – өнер иелерінің шаршы топ алдында сөйлейтін сөзі. Оған қойылатын талаптар: 1) белгілі бір әлеуметтік мәні бар тақырыпқа байланысты шаршы топ алдында ауызша айтылуы; 2) айтылатын сөздің тыңдаушыларға әсер етіп ойландыратындай логикалық күші, дәлелі болуы; 3) ең бастысы – сөз байлығының молдығынан, қажетті сөздер мен сөз тіркестерін таңдап, сұрыптап ала білуден, оларды орынды, түсінікті әрі айшықты өрнекпен, әсерлі жұмсай білуден, әдемі тартымды сөйлеуден көрінетін эстетикалық талғамының жоғары болуы. Шешендік сөз дәстүрі ертеден белгілі. Бұрынғы шешендік сөздерге ауыз әдебиетінің бір түрі ретінде танылып жүрген даналық сөздер, тапқыр сөздер, нақыл сөздер, шешендік айтыстар, билер, жыраулар сөзі жатады. Шешендік дәстүр  ауызша сөйлеудің аясы кеңіген сайын арта түседі. Мәдени лингвистиканың бір саласы ретінде осы күнгі шешендік сөздердің қалыптасуында тілдің поэтикалық қызметімен байланысты тілдік факторлардың маңызы зор. Қазіргі кездегі шешендік сөздер түрлеріне шешендік сөз талабына сай келетін саяси-әлеуметтік тақырыптағы баяндамаларды, митинг, конференция, форумдарда айтылатын сөздерді, радио, теледидарда ауызша жүргізілетін саяси-әлеуметтік шолуларды, сот ісінде, діни қызметте айтылатын сөздерді, күнделікті әлеумет өмірінде салтанатты,  болмаса қаралы жиындарда, мерейтойларда т.б. айтылатын сөздерді жатқызуға болады. Қазіргі шешендік сөздердің осы күнгі әдеби тілдің нормалық, стильдікбай мүмкіншіліктерімен бірге, халық тілінің бар байлығын пайдалану аясы кең. 

Тіл білімі терминдерінің сөздігі. – Алматы, 2012.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *