ШЕНДЕСТІРУ

ШЕНДЕСТІРУ

Шендестіру  (грек. antithesis — қарама-қайшы) — сөздің мәнерлігін күшейту мақсатында ұғымдар мен бейнелерді бір-біріне қарамақарсы қойып қолданудан туған айшықтаудың бір түрі. Мысалы: Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан (мақал). Ұлт болсаң, кішік бол (мақал). Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға (Абай). Шендестірудің мақсаты мүлде қарама-қарсы ұғымдарды, жағдайларды, образдарды салыстыра беру не қарама-қарсы қою арқылы ой мен сезімді әсерлі жеткізуге ұмтылу. Шендестіру стильдік ерекшелігі бар, эстетикалық мәнге толы бейнелеу құралы. Қазақ фольклорында шендестіру көркемдік әдістің бірі ретінде жиі қолданылған. Мәселен, «Қатыны семіз, ері арық, Иесі семіз, аты арық, Тұз жұтынан сақтасын» деген мақалда шендестіру арқылы адам бойындағы кемшілік әсерлі бейнеленген. Ер Тарғын жырындағы Ақжүністің сұлулығын сипаттайтын «Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр. Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де, бетім көр» деген үзіндіде жырау шендестіруді ұтымды қолданып, қыздың сұлулығын береді.  Шендестірудің сөз өнеріндегі орны ерекше және көріктеу құралы ретінде бастауы ежелгі мифтерде жатыр. Адамзат санасының балаң кезеңіндегі қоршаған әлемді аспан — жер, жарық — қараңғы, су — от тәрізді қарама-қарсы ұғыммен салыстыра тану шендестірудің алғашқы белгілері болып табылады. Шендестіруді жай ғана салыстырумен шатастыруға болмайды. Ол көркемдігімен, образдылығымен, өзіндік  бояуымен ерекшеленіп тұрады.  Қазақ ауыз әдебиетінің «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі», «Бұлбұл мен есек» сияқты мысал жанрындағы шығармаларында да шендестіру нышандары кездеседі. Қазақ әдебиетіндегі шендестірудің күрделі, көркемдік қуаты мол, эстетикалық әсері күшті үлгілері Абай туындыларында кездеседі. «Қар — аппақ, бүркіт — қара, түлкі — қызыл, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға…» немесе «Аппақ ет, қыпқызыл бет, жап-жалаңаш, Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда…» деген жолдарда Абай реңі жағынан бір-біріне қарама-қарсы үш түсті алып, шендестіру арқылы негізі образ — төртінші суретті сомдайды. Антоним сөздерді бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы жасалған шендестірулерге көптеген мысал келтіруге болады. «Қан мен тер» (Ә.Нұрпейісов), «Соғыс және бейбітшілік» (Л.Толстой), «Қызыл мен қара» (Стендаль”) т.б. шығармалардың аты шендестіру арқылы тура немесе жанама болса да оның мәнін ашуға қызмет етіп тұр.

  Қ.Сыдықов. Көркемдік өрнектер. – Алматы, 1992.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *