ШАРШЫ ТОП АЛДЫНДАҒЫ СӨЗ

ШАРШЫ ТОП АЛДЫНДАҒЫ СӨЗ Шаршы топ алдындағы сөз — сөйлеу әрекетінің адресантпен тікелей қарым-қатынас жасау нәтижесінде пайда болатын ерекше түрі. Шаршы топ алдындағы сөз тыңдаушыларды ақпараттандыру және оларға көздегеніндей әсер ету (иландыру, сендіру, қанаттандыру, нақты әрекет етуге шақыру т.б.) мақсатында қолданылады. Тыңдаушылармен пікір алмасып, сөйлесу арқылы тілдік қарым-қатынасқа түсуді көздемейтіндіктен, шаршы топ алдындағы сөз монолог сипатында құрылады. Ол, керісінше, тыңдаушыларға эмоционалды деңгейде әсер ете отырып, оларды қоғамдық-тұрмыстық немесе азаматтық тұрғыдан әрекет етуге шақырады.  Шаршы топ алдындағы сөздің жеке композициялық құрылымы, мағыналық тұтастығы сақталады. Р.Сыздық «Тілдік норма және оның қалыптануы» еңбегінде: «Бұл сөзді шешеннің сөзі немесе «шешендік сөз» деп те атап жүр, бірақ бұлайша атағаннан гөрі оны «шаршы топ алдындағы сөз» (орысша «публичная речь») немесе «көпшілікке арналып айтылар сөз» деген дұрысырақ болар, өйткені қазақ ұғымында «шешендік сөздер» деп бұрынғы дәуірлерде өткен билер мен ел, ру басыларының, қысқасы, от ауызды, орақ тілдердің сөйлеу үрдісі танылады» — деп түсіндіреді. Ғалымның пікірінше, шаршы топ алдындағы сөз, аты айтып тұрғандай, көпке қарата сөз айтылатын жерде орындалуы керек және ол сөз әлеуметтік мәні бар, қоғам мүддесіне арналған әңгіме (тақырып) болуы керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *