ТІЛ КӨРНЕКТІЛІГІ
Сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады. Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде сөзі толық түсінікті болу үшін дерексіз заттарды деректі затша, бернесіз заттарды бернелі затша сипаттайды, жансыз затты жанды заттай ғамалдайды. Ақ көңіл, шолақ ақыл, арам ой деу, яки күн бүркіп тұр, найзағай ойнайды, су қайтты деу, я болмаса, қазанның құлағы, ошақтың бұты, үйдің төбесі деу дерексіз заттарды деректі затша, жансыз заттарды жанды затша, бернесіз заттарды бернелі затша қалыптау, ғамалдау, бернелеуден шығып, әдетті сөзге айналып кеткен. Мұндай сөздер жалғыз әдетті түрінде емес, әдейі де айтылады. Мәселен, Мағжанның «Толқын» деген өлеңінде, толқынның толқығанын бернелеп, түсінікті түрде көрсету үшін әдейі жанды нәрседей ғамалдап былай дейді:
Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады.
Толқын мен толқын жарысады, Күңіренісіп кеңеспен, Бітпейтін бір егеспен. Толқын мен толқын сырласып, Сырларын еппен ұрласып. Толқынға толқын еркелеп, Меруерт көбікке оранып.
Жыландай жүзге бұралып, Жарға жетер ентелеп.
Осы сияқты өң берілген сөздер көрнекі тіл делінеді. Тіл көрнекі болу үшін дерексіз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі сөз ондай дәрежеге жету үшін түрлі әдістер істеледі. Ол әдістер негізгі түріне қарай үш топқа бөлінеді:
1. Көріктеу. 2. Меңзеу. 3. Әсерлеу.
Айтушының сөзі әрқашан көрнекті, әсерлі болған жағдайда тыңдаушының толық назарында болады. Демек, жазба әдебиетте тіл көрнектілігі арқылы айтар ойды әсем жеткізуге болса, ал ауызша сөйлеуде тартымды (экспрессивтік бояуы бар) сөздер арқылы қызықты әңгіме құруға болады. Бұл адамның сөздік қоры мен тіл байлығына да тікелей байланысты.
А.Байтұрсынұлы. Әдебиет танытқыш. – Алматы, 2003.