ТІЛ АНЫҚТЫҒЫ

ТІЛ АНЫҚТЫҒЫ

Тіл анықтығы – сөйлеушінің тілдің дыбысталу заңдылықтарын, орфоэпиялық нормаларды сақтауы. Сөйлеу анықтығында айтылған ойдың  қисындылығы, дәлдігі мен бірізділігіне мән берілсе, тіл анықтығында сөйлеушінің сөйлеу барысында дұрыс дыбыстауына, сөздің анық шығуына, дыбыстарды дәл әрі нақты етіп айтуына мән беріледі. Тіл анықтығының бұзылуы балалар арасында да, ересектер арасында да кездесіп жатады. Әсіресе, шаршы топ алдында дәріс оқитын лектор, теледидарда хабар жүргізуші диктор немесе әнші-жыршылар үшін тіл анықтығын сақтау аса маңызды. Тіл анықтығының бұзылуы бала жастан қалыптасады. Тіл анықтығының бұзылуына әлеуметтікпсихологиялық факторлар да, физиологиялық факторлар да әсер етеді. Әсіресе, фонетикалық бұзылулар – бір дыбысты немесе бір топ қа жататын дыбыстарды айта алмау (ызың, шұғыл, тіл ортасы, тіл алды дыбыстардың бұзылуы; дауыссыз дыбыстардың қатаңұяң-үнді айтылуының бұзылуы, дыбыстарды дұрыс қабылдау қабілетінің бұзылуы) жиі кездеседі. Сонымен қатар шектеулі сөздік қор, жадағай фраза, фразадағы және сөйлемдегі сөздердің өзара қиыспауы, шылаулар мен жалғау – жұрнақтарының қате қолдануынан лексика-грамматикалық бұзылулар да туындап жатады. Сондай-ақ әуендік-екпіндік бұзылулар да тіл анықтығына нұқсан келтіреді. Дауыстың күші мен жоғарылығы, тембрінің бұзылуына қарай ақырын, қарлығыңқы, тұншыға, анық емес, мәнерсіз, шырылдап, күмілжіңкі шыққан сөздер тіл анықтығын бұзып, тыңдаушының ойды түсінуіне кедергі келтіреді. Орыс тілді балалардың екі тілдің  екпін қою заңдылығын шатастыруынан туындайтын қателіктер де тіл анықтығының бұзылуына әкеледі. Мидағы қозу процестерінің басымдығымен байланысты болатын қарқындық – ырғақтық бұзылулар, яғни тұтығу немесе кекештік салдарынан да тіл анықтығы көмескіленеді. Қазіргі таңда баланың ауызекі сөйлеу тілінде жетідем – жетідемін, баратырық – бара жатырмын, сәмбердік – сәлем бердік, барамшығар – баратын шығармын, болармын сияқты нормадан ауытқуларды да тіл анықтығының бұзылуы ретінде атап өтуге болады.  Ата-ананың баласымен дұрыс, нормаға сай тілмен қарым-қатынасқа түспеуі сауатсыз ұрпақтың өсуіне ықпалын тигізеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *