ТЕЛЕДИДАР ТІЛІ

ТЕЛЕДИДАР ТІЛІ

Теледидар тілі – технология мен сөйлеу шығармашылығының бірлігі. Теледидар тілі деп жоғары дамыған технологиялардың нәтижесінде техникалық өрнектеулер арқылы таралатын, көрермендерге арналған тілді айтамыз. Бүгінде бұқаралық ақпарат құрал дары қоғамның аса маңызды бөлігіне айналуда. БАҚ ішінде анағұрлым көп сұранысқа, ауқымды қолданысқа теледидар ие болып отыр десек қателеспейміз. Қоғамдық пікірді жинақтауда, елді ақпараттандыруда, сондай-ақ адамдардың моральдық-эстетикалық құндылықтарын қалыптастыруда теледидардың алатын орны ерекше. Осыдан келіп, теледидар тіліне бұқара халықтың тіл мәдениетіне әсер ететін, жұртшылықтың тіл тазалығын тәрбиелейтін құрал ретінде қарау қажеттілігі туындайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының міндеттерінің бірі – адамның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қажеттілігін қамтамасыз ету. Радио немесе баспасөз құралдарына қарағанда теледидар ақпаратты мейлінше толық, жылдам, нақты және қызғылықты етіп бере алады. Жұртшылыққа экономикалық, саяси, мәдени ақпарат беруді көздейтін жаңалықтар сияқты хабарлардың тілі халыққа түсінікті болумен ғана шектелмей, ақпараттық үгіттеуден аулақ болуы да қажет. Бұл хабарларда ақпараттың мазмұнына сәйкес салалық терминдер қолданылғанымен, олардың мағынасы түсіндіріліп өтеді. Кез келген телехабар адамды мәдениеттілікке үйретеді. Көрермен хабарға қатысушылардың сөз саптауынан, сөйлеу мәнерінен, тіл тазалығынан өзіне қажетті білім мен білікті қабылдайды.  Қазіргі теледидар тілінде орыс тілді мәтіндерді калька тәсілімен тікелей аудару, сөз екпіні мен логикалық екпіннің дұрыс қойылмауы, орфоэпиялық заңдылықтарды сақтамау, мәнерлеп оқу заңдылықтарын сақтамау, бейәдеби сөздерді қолдану, әдеби нормаларды бұзу, көркемдегіш құралдарды орынсыз қолдану, сөз мағынасын түсінбей пайдалану салдарынан жіберілген қателер жиі кездеседі. Теледидар тілі адресатқа көру және есту арқылы жететіндіктен аса сауатты, таза, дәл болуға тиісті. Тележүргізуші әдеби тілді қолданумен ғана шектелмей, орфоэпиялық сауаттылығын да танытқаны жөн. Теледидар тілінде жүргізушінің тіл мәдениетіне, тіл тазалығына, сөйлеу дәлдігіне баса назар аударылады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *