СӨЙЛЕУ ТІЛІ

СӨЙЛЕУ ТІЛІ

Сөйлеу тілі – күнделікті қарым-қатынаста пайдаланатын әдеби тілдің бір түрі. Сөйлеу тілі белгілі бір жағдайда ауызба-ауыз тікелей жалғанатын қатынас тілі болғандықтан, ол сөйлеудің ауызша формасымен тығыз байланысты болады. Ал ауызша сөйлеуде еркіндік басым келеді, яғни үйреншікті жағдайда адамдар емін-еркін сөйлейді. Сондықтан онда сөйлеу тақырыбына сай күнделікті тұрмыста жиі жұмсалатын дағдылы сөздер мен сөз тіркестері қолданылады. Сонымен бірге сөйлеу тілі жазбаша түрде де қолданылады деген пікір бар (жекелеген адамдардың хат жазысу, күнделік жүргізу т. б.). Сөйлеу тілі мен кітаби тіл арасындағы айырмашылықтар көптеген экстралингвистикалық факторлар (бейресми жағдайда, дайындықсыз өтуі, сөйлеуші және тыңдаушы жақтардың болуы т. б.) әсерінен туындайды. Өмірдің барлық саласында сөйлеу тілі кеңінен пайдаланылады, бірақ қарым-қатынас жағдаятына байланысты оның атқаратын қызметі және тілдік құралдардың пайдаланылуы біртекті болып келмейді. Сондықтан сөйлеу мәнері де түрліше болады. Сонымен бірге сөйлеу тілінде интонация, сөз екпіні, ым, дене қимылы үлкен қызмет атқарады. Ым мен дене қимылы сөйлеу үстінде белгілі бір нәрсенің көлемін, түрін т. б. бейнелеуді (мысалы, ұзындығы мынандай — дене қимылы — сала құлаш жылан көрдім), құптау, мақұлдауды (бас изеу), шақыруды (қол бұлғау), қорқытуды (жұдырығын түю, қабағын түю) т. б. білдіре алады. Кітаби тіл секілді, сөйлеу тілінің қалыптасқан нормалары бар. Оның өзіндік ерекшеліктері тілдің барлық деңгейінде көрінеді. Дыбыс жүйесінде, мысалы, бір дыбыстың орнына басқа бір дыбыстың айтылуы (анаң қара), дыбыстарды түсіріп айту, (кеп-келіп, босын-болсын), дыбыстың созыңқылығы (ке-ре-мет!) т.б., морфологияда кейбір морфемалардың түсіріліп айтылуы (барам-барамын, барад-барады), синтаксисте сөздердің орын тәртібінің еркін болатындығы (Іштеме шығар ма екен осы көптен!) т.б. сөйлеу тіліне тән белгілерді кездестіруге болады.

Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *