XIX ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ

ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ

XIX  ғасыр – қазақ  көркем әдебиетінің (поэзиясының) қаулап да мы ған кезеңі. Көркем әдебиеттің дамуы қазақ әдеби тілінің қалыптасуымен тікелей байланысты. XIX ғасырдағы қазақ әдеби тілінің, қоғамның тілді пайдалану әрекетінің даму барысын екі кезеңге, екі топқа бөліп қарастырған жөн. Бірі – осы ғасырдың басынан 60-70-жылдарына дейінгі, екіншісі – соңғы үш-төрт онжылдықтар ішіндегі кезеңдер. Бұлайша бөліп зерттеудің себебі мынадай: ең алдымен, өткен ғасырдың 70-жылдары – қазақ тілінің түбірлі жаңа сапаға – ұлттық жазба әдеби тілдің негізі қаланып, әрі қарай дамуға көшкен тұсы. Ал бұған дейінгі кезең қазақтың ауызша дамыған төл әдеби тілінің жалғасы ретінде танылуға тиіс. Әрине, қазақ тілінің өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап жаңа сатыға көтерілуі – тұтқиылдан болған құбылыс емес, ол алдыңғы кезеңдерде іргесі қаланып, бірте-бірте дайындалған болатын. Бұл үдерісте, әсіресе XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі қазақ әдеби тілінің күй-қалпы мен дамуы елеулі рөл атқарды. Жазбаша әдеби тілдің негізін қалауға Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Махамбет Өтемісұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Сүйінбай Аронұлы сияқты сөз иелерінің туындылары үлесін қосты.  Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің бастауы Абай, Ыбырай сияқты қаламгерлер есімімен, «Түркістан уалаяты газеті», «Дала уалаяты газеттерінің» шығуымен байланыстырыла сөз етіліп жүргені мәлім. Бірақ бұл – осыларға дейін ұлттық жазба әдеби тіліміздің алғашқы нышандары болмады деген таным емес. Ұлттық жазба әдеби тілге келу үшін тілде сапалық өзгерістер мен дамудың жаңа белгілері болуы шарт. XIX ғасырдың I жартысындағы қазақтың төл әдеби тілінің лексикалық құрамының негізі – алдыңғы дәуірлерден сұрыпталып, нормаланып келген сөз байлығы болды. Оның басымы – қазақтың өз сөздері, екінші қабаты – кірме сөздер. Қазақ тіліне араб-парсылық және орыс сөздері енген. Орыс тілінен енген майор, шай, сот, самауыр сөздері әлі күнге дейін әдеби тілімізден орын алады. Дегенмен, сол кездегі көптеген сөздер бүгінгі тілдік алаңнан ығыстырылды.

Р.Сыздық. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы, 201

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *