XVIIІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ
XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің қоғамға, оның мәдениетіне және халық мүддесіне қызмет етуі мен дамуы сол тілді иемденуші халықтың саяси, экономикалық және мәдени өмірімен тікелей байланысты болды. XVIII ғасырдың өн бойында қазақ даласында баспа орындары, кітап шығару ісі, мерзімді баспасөз, оқу-ғылым болмағанымен, осы кезеңдегі қоғамға қызмет еткен тілдің типтерін, жай-күйін, лексикалық-грамматикалық сипатын, оның нормалану процесін танытатын үлгі-нұсқалар бар еді. Оларға көркем әдебиет, оның ішінде авторлы поэзия үлгілері жатады. Бұл әдебиеттің ірі уәкілдері: Ақтамберді, Тәтіғара, Үмбетей, Бұхар жыраулар мен Шал, Көтеш ақындар. Қазақтың ауызша дамыған төл әдеби тілінің өткен ғасырлардағыдай әлі де өрісі шағын болды. Ол негізінен көркем әдебиет пен ауызша шешендік сөз салаларына қызмет етті. Көркем әдебиеттің өзі поэзия жанрында дамыды. Сондықтан XVIII ғасырдағы қазақтың ауызша әдеби тілі өткен XV-ХVII ғасырлардағы әдеби тілдің әрі қарайғы жалғасы болып дамыды. Бірақ өткен үш ғасырмен салыстырғанда, бұл кезеңдегі әдеби тіл өзінің тарихын айқындауға келгенде, едәуір ұтымды жақтарынан көрінеді. Ең алдымен, оның жай-күйін, әсіресе лексикасы мен фразеологиясын және кейбір грамматикалық нормаларын танытатын үлгілер әлдеқайда молырақ екені мәлім. XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің лексикасын сөз еткенде, ең бір көзге түсетін жайт – бұл кезеңде қазақ әдебиетінде жаугершілік тақырыппен қатар, әлеуметтік-қоғамдық және күнделікті тұрмыстық тақырыптардың сөз бола бастауына қарай, осы салаларға қатысты лексикалық топтардың актив қолданылуы. Қазірде көнерген хан, құл, ақ сүйек, бек, қара, қарашы, күң, ханым сияқты сөздер ХVІІІ ғасыр үшін тура өз мағынасында қолданылатын актив элементтер болып келеді. Бұлар осы кездегі лексикалық норманы танытады.
Р.Сыздық. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы, 2014