XV-XVII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕ ТІЛІ

XV-XVII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ

XV-XVII ғасырлардағы қазақ халқының мәдени-рухани өмірінде жаңа құрала бастаған халықтың сөйлеу тілі мен қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан поэзиясы тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті. Ол, негізінен, поэзия түріндегі көркем әдебиет пен ауызша жүргізілетін дау-билік саласында (шешендік сөздерде) көрінді. Сонымен қатар хан жарлықтары, өзге елдермен арадағы қарым-қатынас қағаздары, тарихи шежірелер сияқты жазба дүниелердің қажетін ортаазиялық түркі әдеби дәстүріне негізделген қазақтың ескі жазба тілі өтеп отырды. Қазақ хан дарының канцеляриясы ресми хат-хабарларын, іс-қағаздарын, үкім-жарлықтарын осы тілде жүргізді. Қазақ елінде орта ғасырлар шамасынан бергі жерде шежірелер жазылып, ол шежірелер көбінесе би, сұлтан, ру басы үйлерінде сақталған. Бұл жазба дәстүр біртебірте қазақтың өз жазба тіл машығына айналды. Қазақтың жалайыр руынан шыққан Қадырғали Қосымұлы сияқты тарихшысының шығармасы да қазақтың ескі жазба тілінде жазылған. Бұл кезеңде әдеби тілдің болуы жайында Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Өмірәлиев, Ә.Дербісәлин сияқты ғалымдардың еңбектерінен көруге болады. Аталған ғалымдар сол замандағы қазақ көркем әдебиетінен зерттеулеріне нысан еткен. Бұл заманда қазақтың ауызша әдеби тілінің қалыптасқан кезеңі деп те айтуға болады. Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Шобан, Марғасқа, Жиембеттердің толғаулары сол замандағы әдеби тілдің үлгілері болып саналады. Мәселен, өсімдік, жан-жануар, малға қатысты Асан қайғының толғауларында мынадай лексикалық бірліктер көрініс табады: тырна, арғымақ, бозжусан, сұңқар және т.б. Ал батырлар портретін беретін Шобанның толғауларында найза, алдаспан ауыр қылыш, ала балта, қара болат сынды тілдік бірліктер кездеседі. Сол кезеңде актив сөздер қатарына жататын сөздер қазіргі таңда көне сөздер, тарихи сөздер ретінде қарастырылып жүр. Қазтуғанның толғауында кездесетін қылшан сөзі бүгін садақ деп аталады. Демек, сол кезеңде әдеби тіл қатарына жататын сөздер бүгінгі таңда ығыстырылып, көне сөздер қатарына енген. Дегенмен, бұл кезең жыраулар толғауларында кездесетін лексикалық бірліктерімен, тарихи бояуларымен ерекшеленеді. 

Р.Сыздық. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы, 2014

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *