
ЖАНАСПАЛЫҚ ПОТЕНЦИАЛДАР АЙЫРЫМЫ (латынша «потен-
циа – күш») – термодинамикалық тепе-теңдік жағдайларда жанасушы әртүрлі өткізгіштер арасында пайда болатын потенциалдардың айырымы. Егер екі өткізгіш жанастырылатын болса, онда бұлардың арасында электрондардың алмасуы болады. Осының нәтижесінде өткізгіштер электрондар ағындары екі бағытта теңгерілгенше (өткізгіштердің шығару жұмысы азы оң, ал шығару жұмысы көбі – теріс) зарядталады. Орныққан жанаспа потенциалдардың айырымы өткізгіштердің шығару жұмыстарының электронның зарядына қатысты айырымына тең. Егер бірнеше өткізгіштен электр тізбегі құрылатын болса, онда шеткері өткізгіштердің арасындағы жанаспа потенциалдар айырымы тек олардың шығару жұмыстарымен анықталады, тізбектің аралық мүшелеріне тәуелді болмайды (Вольта ережесі). Жанаспа потенциалдар айырымы бірнеше Вольтке (В) жетеді. Потенциалдар айырымы өткізгіштердің құрылымдарына және олардың беттерінің күйіне тәуелді. Сондықтан жанаспа потенциалдар айырымын беттерді өңдеу (қабат жалату, адсорбция т.б.), қоспалар қосу (жартылайөткізгіштер үшін) және басқа заттармен қорытпалау (металдар үшін) арқылы өзгертуге болады.
Жанаспа потенциалдар айырымының электр өрісі өткізгіштер арасындағы соңылаудағы ажырау шекарасының маңайында шоғырланады. Өткізгіштердегі өткізгіштік электрондар қаншалықты аз болса, осы аймақтың сызықтық өлшемдері соншалықты үлкен болады. Металдарда ~10–8 – 10–7 см, жартылай өткізгіштерде 10–4 – 10–3 см-ге дейін жетеді.
Жанаспа потенциалдар айырымы электрондық шамдардың вольт-амперлік сипаттамасына әсерін тигізеді. Энергияның термоэлектрондық түрлендіргіштерінде жанаспа потенциалдар айырымы жылуды тікелей электр энергиясына түрлендіру үшін пайдаланылады.
ЖАНУ – жануға қатысатын заттар жүйесінде жылудың жинақталуына байланысты өздігінен үдетілетін химиялық реакция.