ӘБУ МҰХАММАД ӘЛ-ҒАЗАЛИ Әбу Хамид Мұхаммад бин Мұхаммад ат-Туси әл-Ғазали (1058 — 1111) — аса ірі діндар, философ және факихші (мұсылмандық құқық білімпазы). Тус қаласында (Хорасанда) туған, Нишапурда әл-Джувейнидің ( имам әл-Харамайн) шәкірті болған. Ұстазы қайтыс болған соң, 1085 жылдан бастап салжұқ уәзірі Низам әл-Мүлктің жанында болады. Ол мұны 1091 ж. Бағдатта өзі негізін қалаған Низамия медресесіне фикхтан дәріс беретін ұстаз етіп тағайындайды. 1095 ж. исмаилиттер Низам әл-Мүлкті өлтіргеннен кейін Әбу Мұхаммад әл-Ғазали қажылық сапарды сылтау етіп, Бағдатты тастап кетеді де, 11 жыл бойы Шамда (Дамаск), Туста т.б. бірқатар қ-ларда болады. 1106 ж. Низам әл-Мүлктің ұлы Фахр әл-Мүлктің (салжұқ сұлтаны Санжардың тұсындағы уәзір) шақыруымен Нишапурдағы Низамийа медресесінде сабақ бере бастайды. Қайтыс болардан аз ғана бұрын туған жері Тусқа қайтып оралады.
Әбу Мұхаммад әл-Ғазали адамдарды танымдық қабілеттері бойынша “қалың бұқара” (әл-һамма, әл-һауамм) және “таңдаулылар” (әл-хасса) деп екі топқа бөлді. Діни дәстүрлер соңынан көзсіз еретін қарапайым қауым мен ислам қағидаларын қорғаумен ғана шектелетін мутакалимдерді ол алғашқы топқа жатқызды. 2-сіне — ең алдымен сенімді дәлелдер мен дәйектемелер көмегі арқылы ақиқатқа жетуге тырысатын философтарды ендірді. Сонымен қатар “таңдаулылар” қатарына тұрмыс-тіршілік мәнін логикалық қисындардан бұрын түйсік арқылы түсінетін сопылар да кіргізілді. Әбу Мұхаммад әл-Ғазали сопылықтың өзін-өзі жетілдіру бағытынан оның пайдалы жақтарын көрді, бірақ сопылар ұсынған құдаймен онтологиялық бірлікке жету бағдарын теріске шығарды. Өйткені ол “бірлікке жетуді” ең жоғары танымдық күш-қуат — зерде түйсігі арқылы құдіретті пайымдау нышаны ретінде ғана таныды. Әбу Мұхаммад әл-Ғазали бірқатар шығармаларында әлемнің мәңгілігі проблемалары, себептілік теориясы т.б. бойынша мұсылман философтарымен, Шығысаристотелшілері өкілдерімен (Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина т.б.) пікірталасты өрістетті. Философтар көзқарастарына түсініктер жазып, олардың іс жүзінде мұсылман әлеміне таралуына себепкер болды. Ол өзінің басты еңбегі “Ихйа улум әд-динде” (“Діндегі ғылым сәулесі”) діни-филос., этика қағидаларын саралап, онда суннит дәстүршілдігі қағидаларын сопылық түсініктермен үйлестірді (мысалы, шариғатта көрсетілген ғұрыптарды сопылық дәстүрлермен толықтырды). Адам еркі мен жазмыш туралы мәселеде Әбу Мұхаммад әл-Ғазали “таңдап алу” ұғымын (касбаны) дамытады, оған сәйкес адам Алланың ұсынған жақсы-жаман әрекеттерінен өзіне қажетін таңдап алуына ерікті екендігін, бірақ соған орай жауап та беретіндігін айтады. Әбу Мұхаммад әл-Ғазали мұсылмандық ақыл-ойдың дамуына, сондай-ақ орта ғасырлық еуропалық философияға зор ықпал жасады. Әбу Мұхаммад әл-Ғазалиды әдетте худжжат әл-ислам (ислам дәйекшісі) деп атайды.