ДИАМАГНЕТИК – сыртқы магнит өрісіне қарама-қарсы бағытта магниттелетін зат. Сыртқы магнит өрісі болмайтын жағдайда магнитсіз. Диамагнетиктерге инертті газдар, азот, сутек, кремний, фосфор, мырыш, алтын, сынап, висмут, графит, органикалық қосылыстар – нафталин, глицерин т.б. жатады. Сыртқы магнит өрісінің әсерінен диамагнетиктің әрбір атомы магниттік моментке ие болады (заттың әр молі – қосынды моменті М), бұл момент өрістің кернеулігіне (Н) пропорционал және өріске қарсы бағытталған болады. Сол себепті диамагнетиктің магниттік алғырлығы χ = М/Н әрқашан теріс және іс жүзінде магниттік өрістің кернеулігінің шамасына және температураға тәуелді болмайды.