Бауыржан Жақыпов

1963 жылы Шығыс Қазақстан облысының, Абай ауданы, Аққора ауылында дүниеге келген. Бауыржан Жақыпов Абай ауданы Архат мектебін алтын медальға бітіргеннен кейін Алматыдағы КаМУ-дің журналистика мамандығын алған соң, еңбек жолын Қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар редакциясында редактор ретінде бастаған.
Бүгінде оның өнер өлкесінде ақын Бауыржан Жақыпов деген лайықты орны бар. Жерлес ақынымыз Бауыржан Жақып өлеңдегі өзіне тән аяқ алыспен өз оқырмандарын тауып үлгерген қаламгер. Жыр өлкесіне жастайынан ат шалдырған Бауыржан ақынның бірнеше жыр жинақтары қалың оқырманына 1980 жылдардың ортасынан бері жол тартып келеді. Қаламы қарымды, жырлары жалынды келетін Бауыржанның таяу арада «Отырар кітапханасы» сериясы бойынша «Өлке» баспасынан жарық көрді. «Қолтаңба» деп аталатын жинағында кейінгі жылдарда жадына түйген туған жер, өскен өлкеге деген құштарлық сезімі өлең боп өрнек тапқан. Ата-баба, әке, әжеге деген перзенттік пейілден төгілген шырайлы шумақтар сағыныш сазымен үндесе түскен.
1984 жылы өткен жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. «Көзімнің нұры», «Айдындағы аспан» және «Ақ лақ» атты жеке өлең кітаптары жарық көрген.
Ақынның «Көзімнің нұры» деген кітабы ауыл тақырыбына арналған. Балалық шақ, ауыл, әже тақырыбына келгенде өлеңдері ерекше құлпырып сала береді. Қанық бояу, шебер тіл образы оқырманды еріксіз елең еткізеді. Ақынның «Әке туралы балладасынан» әкесінің өмір жолы елестейді. Қай тақырыпқа өлең жазбасын өзіне тән өрнегі, табиғи мінезінен ауытқымайтын айрықша қолтаңбасы бар.
2009 жылдың 5 қарашасында Семей қаласында жерлесіміз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, белгілі ақын Бауыржан Жақыптың «Қолтаңба» атты әдеби-музыкалық шығармашылық кеші өткізілді.
Бауыржан Жақып – қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың, Македонияның Скопье, Түркияның «Елазығ», Стамбул, Әзірбайжанның Баку шаһарларында өткен Бүкіл түркі дүниесі ақындары фестивальдарының лауреаты. Шыңғыс Айтматов атындағы академияның академигі (2011), «Қазақ энциклопедиясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры (2009), көрнекті ғалым.

Әдебиеттер:

Жақып Б. Тамыздың жиырма тоғызы // Семей таңы. — 2009. — 3 қыркүйек. — Б. 3
Жақып Б. Қолтаңба: Әдебиет кеші / Б. Жақып // Семей таңы. — 2009. — 29 қазан. -10 б.
Жақып Б. Атқаратын шаруа ұшан-теңіз /Сұхбаттасқан О.Жақсанов // Мәдениет.-2011.-№ 8.-8-11 б.
Жақып Б. Қолтаңба.-Абайдың Қасқабұлағы.-Абыралы.-Арқат.-Сеңкібай қажы // Семей таңы.-2009.-29 қазан.-10 б.
Жақып Б. Қарашығымда таң атқан // Парасат. — 2007. — № 4. — 11 б.
Зекенұлы Қ. Бауыржанның бесінші жинағы жарық көрді // Семей таңы.-2002.-7 маусым.-4 6.
Қасымжанұлы, С. Асығы алшысынан түскен ақын: Бауыржан Жақыптың «Білте шамның жарығы» бар жүрекке нұр шашты // Семей таңы . — 2013. — 4 маусым. — Б. 3
Ниязбек, Р. Жүрегінен жүлдызды жырлар саулаған // Ана тілі. — 2013. — 23 — 29 мамыр. — Б. 9

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *