ҒАБДОЛ-ХАКІМ БӨКЕЙХАНОВ

ҒАБДОЛ-ХАКІМ БӨКЕЙХАНОВ
ТУҒАНЫНА 125 ЖЫЛ (1896-1938)

Мемлекет қайраткері, күйші Бөкейханов Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы 1896 жылы 15 сәуірде Бөкей Ордасында дүниеге келді. Ордада 4 кластық мектепті, Орал қаласындағы реалдық әскер училищесін бітірді, 1917 ж. Мәскеудің а.ш. академиясында оқыды.
1920 жылы Орынборда алғашқы ұлттық үкімет – Қазревкомның мүшесі, ҚазОАК-тің жауапты хатшысы, 1921ж. Ақмола, Семей губ. Атқару комитеттерінің төрағасы. 1926-1937 жж. Орынборда, Қызылордада Жерге орналастыру басқармасының бастығы, Нөкісте Қарақалпақ облысы жоспарлау комитетінің, Алматыда қазақ мақта комитетінің төрағасы, Шымкентте мақта – трактор орталығының, облыстық жерге орналастыру басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Әбілқайыр хан әулетінен шыққан дарынды домбырашылардың бірі. А.Затаевичке ондаған күй мен әндерді өз орындауында нотаға жаздырды. Этнографтың «Қазақ халқының 1000 әнін» қабылдау комиссиясы құрамындағы үш адамның бірі болды. Туған ағасы, Құрманғазы оркестрін құрушылардың бірі, атақты күйші М.Бөкейханов екеуі 1937 ж. «халық жауы» жаласымен тұтқындалды. «Зиянкестік ұйымға қатысушы, М.Шоқаймен байланысты, С.Сәдуақасов тобының мүшесі» деген кінәмен 1938 ж. 25 ақпанда атышулы «Горячев тізімі» бойынша С.Сейфуллин, Қ.Жұбанов, Т.Жүргенов, С.Меңдешев, Ғ.Тоғжанов, С.Аспандияров секілді 39 ұлт қайраткерімен бірге атылды.

 

 

Әдебиеттер

Ақтаев С. Бұл қай Бөкейханов? [Текст] : Ғабдол-Хакім Бөкейханов / С. Ақтаев // Ақиқат. — 2005. — №1. — 56-65 б.
Бөкейханов Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы //Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия.-Алматы: Арыс, 2002.- 206 б.
Қабошқызы Ұлдай. Қазақтың Ғабдолхакімі [Текст] / Ұлдай Қабошқызы // Орал өңірі. — 2016. — 2 маусым. – 16 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *