ЗВАЙДА УТЕШЕВА
60 ЖАСТА (1961)
Утешева Звайда Бисенқызы 1961 жылы 14 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жәнібек ауылында дүниеге келген.
1984 жылы Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтын «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1984 жылы А.Гайдар атындағы облыстық балалар кітапханасында әдіскер болып бастаған. 1984-1989 жылдары Н.Крупская атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында кітапханашы, бөлім басшысы, 1989-1991 жылдары облыстық мәдениет комитетінің театрлық көрсетілім кәсіпорындары бойынша аға инспектор, 1991-1994 жылдары А.Гайдар атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында директордың орынбасары, 1994 жылдың маусым айынан бүгінге дейін «Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының Х.Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқарып келеді.
Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы базасында З.Өтешеваның жетекшілігімен «Оқу және жасөспірім әлемі», «Бос уақыт және оқу», «Шетелдегі кітапхана», «Жастардың құндылыққа бет түзеуі» сияқты жүйелі түрде әлеуметтік зерттеулер жүргізу үйреншікті әдетке айналуда. Сергектікпен басшылық жасаудың арқасында кітапханадағы жетекші мамандардың жұмысы «Кітапхана – мүгедек балаларға», «Аналар оқуы», «Кітапхана – экологиялық мәдениет орталығы», «Жастар және ХХІ ғасыр» және т.б. шығармашылық бағдарламаларды ендіруге бағытталған. Оның бастамасымен АҚШ елшілігінің қолдауымен 2006 жылдың сәуір айында Америка бұрышы ашылып, оқырмандарға қызмет көрсетуді дамытып, кеңейту үшін ақпараттық — білім беру орталығы құрылды.
З.Утешеваның бастамасымен кітапханада 2012 жылдан бастап, «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы» облыстық оқырман отбасылар байқауы өткізіліп келеді. Жас кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін көтеруге бағытталған «ХХІ ғасыр кітапханасы жастар көзімен» айдарында 2013 жылдан бастап жыл сайын түрлі жастар үшін өзекті мәселелерді қамтитын жас кітапханашылар конференциясы өткізіліп келеді. Кітапханада 2015 жылдан бері қарай «Қазақстан Стратегиясы — 2050» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында Қазақстанда өмір сүріп жатқан әр ұлт өкілдері арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтуға, балалар мен жасөспірімдер арасында өзге ұлттар мен ұлыстардың әдебиеттерін танытуға бағытталған «Кітап – достық көпірі» атты ұлттар әдебиеті байқауы (виртуалды) шығармашылық байқауы өткізіліп келеді. Кітапханада көптеген жобалар іске асырылуда: «Ақжайық — ару мекенім», «Уральск – времен связующая нить», «Батырлар жыры», «Көше аттары батырлар есімімен», «Алтын бесік — ата жұрт». Облыстық шаралар мен акциялар: «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы», «Алақай, жаз!», «Жылдың үздік оқырманы», «Қауіпсіз интернет апталығы», «Балалар кітаптарының апталығы», «Біз өмірді таңдаймыз», «ХХІ ғасыр кітапханасы: жастар көзімен», «Кітап – достық көпірі», «Кітап» университеті», «Соғыс туралы кітап оқимыз», «Ашық аспан астындағы оқу залы», арт-кеңістіктегі: «Ойын — орталығы, оқу — орталығы» жобалары және кітапханамыз есімін иеленіп отырған Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясын жан-жақты зерттеу, жазушының әдеби мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында «Хамзатану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмысын бастады.
З.Утешева Батыс Қазақстан облысының кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2001), «Мәдениет қайраткері» белгісімен (2006), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен (2011), «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгісімен (2017), Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен (2019) марапатталды.
Әдебиеттер, дереккөздер
Өтешева З. Қыздар «Батырлар жырына» құштар [Текст] : Сұхбат / Өтешева // Орал өңірі. – 2011.- 7 сәуір.- (№39)
Өтешева З. Сыбайлас жемқорлыққа күрес – дамуға қосылған үлес // Орал өңірі.- 2015.- 21 мамыр (№59)
Өтешева З. Кітапхана-парасат ордасы [Текст] / Өтешева // Орал өңірі. – 2014.-21 тамыз.-(№94).- 6 б.
Өтешева З. Қызың болсын моншақты…//Мәдениет.- 2015.- №6-7
Өтешева З. Кітапхана – білім аймағы // Жайық үні.- 2019.- 6 маусым (№22).- 7 б.
Утешева З. Балалар оқуы – интеллектуалдық ресурсы // Кітап- Кітапхана.- 2017.- №1.- 47-50 б.
Утешева З. Еңбегімен елге сыйлы // Үш қоңыр.- 2019.- 30 тамыз (№35)
Кітапхана және уақыт. Библиотека и время: БҚО Ж. Молдағалиев атындағы ОӘҒК-ның 140 жылдығына арналған материалдар жинағы.- Уральск, 2011,- 89 б.
Өтешева Звайда Бисенқызы // Маман келбеті: библиографиялық көрсеткіш. 2-ші шығарылым / Құраст: С.Г. Ақапова, И.М. Коленко.- Орал, 2013.74-88 б.
https://kz.linkedin.com/in/
http://ibirzha.kz/chtoby-dusha-ne-ocherstvela/
https://pk.uchet.kz/c/bin/941240001012/
http://www.obduoral.kz/o-biblioteke/rukovoditeli.html