
ХV-ХVІІ ғасырлардағы ауызша әдеби тілдің
грамматикалық сипаты
Ең алдымен, бұдан үш-төрт ғасыр бұрын жасалған көр- кемсөз үлгілері тілінің негізгі грамматикалық категориялары: септік, жіктік, тәуелдік жалғауларының мағыналары мен қызметтері, етістіктің рай, етіс, есімше, көсемше тұлғаларында жұмсалу тәртібі, сөздердің байланысу амалдары (қиысу, меңгеру, жанасу) қазіргі кездегімен бірдей түсетіңдігін айту керек. Бұл бірдейліктің басты себептері, біздіңше, мынада. XV-ХVI ғасырлар – осы күнгі бірқатар ұлттық түркі тілдері- нің жеке-жеке халық тілдері болып қалыптаса бастаған дәуі- рі. Әрине, бұл қалыптасу көрсетілген кезден көп бұрын бас- талған, әр халық тілінің фонетикалық-грамматикалық бел- гілері XV-ХVI ғасырларда бір- бірінен едәуір ажыратылып, бірсыпыра орныққан деуге болады. Ол белгілер кейінгі ғасырларда әрі қарай бекітіле түскен, жалпыхалықтық тіл нормасына айнала бастаған. Бірдейліктің екінші себебі – түркі тілдерінің фонетикалық-грамматикалық жүйесінің өте баяу өзгеретіндігінде. Үшіншісі – біз әңгіме етіп отырған әдеби нұсқалардың ауызша таралып, ауызша жеткендігінде, яғни ұрпақтан ұрпаққа өткенде ескі элементтердің заманға сай жаңасымен ішінара алмастырылып отырғандығында.
Дегенмен бұл кезеңдегі қазақ тілінде бүгінгі нормалардан өзгеше келетін азды-көпті грамматикалық тұлға-тәсілдердің болғаны сөзсіз.
Сөз өзгерту саласында. Септеу тәртібі (парадигмасы) негізінен қазіргімен бірдей, тек есімдіктердің септелуінде өзгешелік бар. Ілік жалғауы мен, біз деген есімдіктерге жал- ғанғанда —ің, -ім түрінде де келеді: менім, бізің. Әсіресе менім варианты қазіргі қазақ тіліне жат, ол – ноғайлық тұлға. Бірақ XV-ХVI ғасырлардағы қазақ тілі үшін де бұлайша қолданыстың тән болуы ықтимал. Жіктеу есімдіктерінің сеп- телу жүйесінде күні бүгінге дейін жеткен ерекшеліктердің (мен-ің, ма-ған, о-ның, о-ған, о-ны) бар екендігін ескерсек, қазақ тіліндегі қазіргі норманың бірден қалыптаса қойма- ғандығын мойындауға болады.
Шығыс септіктің екі-үш жерде —дын /—дін варианты кездеседі: Ер өзіндін соңратын… Бұ кеткендін қайтпасаң (Шалкиіз). Бұл осы күнгі басылымдарда —дан /-ден түрінде берілген. Егер сірә да қазақшалау керек болса, өзіңнен, кеткеннен деп, —нан /-нен түріне көшіру керек еді. Біздіңше, шығыс септіктің көне ұйғыр жазба әдеби дәстүрінен келе жатқан —дын /-дін варианты негізінен ортағасырлық түркі жазба тілдеріне тән болғанымен, ертерек дәуірлердегі ауызша жырланған үлгілердің де тілінен орын алуы мүмкін.
Етістіктің тұйық түрі (немесе қимыл атауы) екі түрлі тәсіл- мен жасалған: бірі – қазіргіше -у жұрнағы арқылы, екіншісі – —мақ жұрнағы арқылы. Алғашқысы өте сирек ұшырасады, негізінен бұл кезде қимыл атауы —мақ тұлғалы болып келеді: мақтанбақ, батыр болмақ, кешу кешмек. Мақсат (супин) реңкімен келетін тұстарда -уға қосымшаларымен берілетін етістік біз талдап отырған дәуірлерде —арға тұлғасымен кезде- седі: «Ал дегенде аларға, Алып жерге саларға», «Сырғаласқан жауды сықтарға. Сырт бергенді зорларға Сырттанның ұлы Қара Қосай мырза бар» (Шобан). «Жарақшылар жоқ па екен, Жармай білте соларға» (Доспамбет). Бұл көрсетілген ерекше- ліктер ауыз әдебиеті тіліне де тән.
Есімшенің өткен шағы -ған жұрнағымен беріледі, оғұздық —мыш жұрнақты тұлға мүлде жоқ. Есімшенің ауыспалы шағын жасайтын формант (тұлға) негізінен —тұғын түрінде келеді: «Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін» (Асанқайғы).
Етістіктің бұйрық рай тұлғасы (II жағы) қазіргі қазақ әдеби тілі нормасымен сай түседі: анайы түрінде жұрнақсыз (нөлдік) тұлға (бар, кел, сынаспа, сақын), көпше түрі -ңыз жұрнағын жалғайды: барыңыз, болыңыз. Сірә, соңғылар сыпайылық реңктен гөрі көпшелік мағынаны білдіретін тәрізді, өйткені —ңыз қосымшасымен берілген іс-әрекет бір адамға емес, көпке арнай айтылған сөз-толғауларда келеді: «Бір болыңыз бәріңіз» (Асан). Бұл аффикстің үстіне —дар қосымшасын жалғау жоқ.
Сонымен қатар бұл кезеңдегі әдеби тілде бұйрық райдың II жақта —ғыл/-гіл жұрнағын жалғаған түрі кездеседі: «Адам әзіз айтар деп, көңіліңді салмағыл. Нәпсі алдаушы дұшпанның Насихатын алмағыл» (Асан).
Өткен шақ есімшенің жіктеуш түрінде соңғы н дыбысын түсіріп айтушылық бар: жортқамын. Сонымен қатар оның толық түрі де (жортқанмын) бар. Бұл кезеңде қайсысы басым болғанын кесіп айту қиын.
Етіс категориясының да морфологиялық көрінісі қазіргі қазақ тілі нормасынан көп алшақтамайды. Тек бірер жерде осы күнде —қыз /-кіз жұрнағымен келетін етіс тұлғалары —кер қосымшасымен берілген: «Масағынан өткеріп, Басын қолға жеткеріп, Созып тартар күн қайда?!» (Доспамбет). Етістіктің ашық рай тұлғаларының ішінде келе жата («Жараға мамық тосатып, Келе жата дегейсің» – Доспамбет), не білейім сияқты бірді-екілі тұлға – XV-ХVI ғасырлардағы қазақ тілі үшін де, қазіргі тіл үшін де жат тұлғалар. Олар – біздіңше, ноғай тілі элементтерінің көрінісі.
Етістіктің өткен шақ семантикасын —ғай /-гей жұрнақты тұлғамен беру бар: «Қалаға қабылан жаулар тигей ме?» (Доспамбет). «Тұқылдықтан сартылдап Үзілер болғай сол мүйіз» (Шалкиіз). Бұл – көне тәсілдердің бірі. С.Сейфуллин келтірген материалдардың ішінде Шыңғысқа баласының өлімін естірткен Ұлығ жыршы мен Шыңғыс ханның сөздері деп берілген мәтінде:
Көзің жасың жүгіртет Көңілің тұлды болғай ма? Жырың көңіл үркітет
Жошы өлді болғай ма?
деген жолдар бар[1]. Мұндағы өлді болғай ма деген тұлға қазірде өлгені ме, өлген болар ма түрінде қолданылар еді.
Ауыспалы осы шақтың болымсыз түрінің I жақта —ма+й+ мын вариантының орнына —ман (фонетикалық түрлерімен) жұрнақты тұлғасы да кездеседі. Және бұл амал жиі жұмсал- ған: «Тоғай қондым – өкінбен. Ару сүйдім – өкінбен» (Доспамбет). «Көбе сайлап кимен-ді. Алдыма алып сүймен-ді» (Шалкиіз). «Мұныңа, ханым, шыдаман» (Жиембет). Бұл тұл- ғаның беретін мағынасында үзілді-кесілділік реңкі (категоричность) бар. Жоғарғы мысалдарда осы реңк сақталған. Ал кейінгі дәуірлерде, айталық, XIX ғасырдың II жартысында, Абай тілінде бұл тұлға аталған мағынаны білдірмей-ақ, жай хабарлау үшін де жұмсалатын болған.
Шылаулар қазақ тіліне тән түрлерінде ғана кездеседі. Жазба тілдерге тән арабша уа, лекин, парсыша һәм шылауы бірекі жерде ғана көрінеді: «Жайыңды білген қарындас. Ол – қарындас һәм жолдас» (Шалкиіз). Соң шылауының соңратын деген көне варианты да қолданылған.
Сөз тудыру жүйесінде. Туынды түбірлердің ең бір жиі қолданылған сипатты топтары – —лық, —лы, -сыз, -дай жұр- нақтарымен жасалғандар. —лық жұрнағы бұл кезде тек дерексіз есім жасайды: ерлік, өрлік, зорлық, беріктік, әділдік, ал —лы, —сыз, -дай (- дайын) жұрнақтарының беретін мағыналары қазіргі кездегідей. Бір ерекшелігі бұл күнде жанаса байланысатын қатысты сын есімдер біз талдап отырған үлгілер тілдерінде -лы қосымшасымен келеді: алтынды кесе, айдынды көл. Қалған жұрнақтардан —шы (қызметші, жарақшы), -с (жүріс, беркініс), —ім (көрінім жер), — шылық (сыпайшылық), — сын (сүйесін, демесін), —шық (сызашық, ботташық) қосымшалары бір-екі реттен ғана көрінеді. Демек, бұлар – әлі жүйелі түрде келетін, актив жұрнақтар емес.
Грамматикалық ерекшеліктердің қатарында дүр (-ды /-ді, -ты /—ті) формантының қолданылуын көрсетуге болады. Мысалы: «Жауынды күні көп жүрме, Жар жағасы тайғақ-ты» (Шалкиіз). «Сырым саған түзу-ді» (Жиембет). Есімнен болған баяндауыш іс-әрекеттің нақты болған-болмағанын білдіру мәнін беретін дүр көрсеткіші қазіргі күнге —ды /-ді түрінде жеткен. XV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясында, сірә, дүр варианты басым болғанға ұқсайды. Бұл үлгілердің кейін (ең әрісі XIX ғасырда) хатқа түскенінде — ды/-ді, —ты/-ті болып өзгертілуі мүмкін. Соған қарамастан дүр түрінде жеткен сәт- тері де бар: «Сайдың басы түгел-үр. Толған тоғай малы-дүр» (Жиембет). «Жалп-жалп еткен бәйтерек Жайылмағы желдендүр» (Ақын. — Қазан, 1912). Осы толғауды В.В.Радлов Қырым ноғайларынан жазып алғанда: «Бәйтеректің йалқалмағы йелден дір» деп береді. Демек, бұл көрсеткіш аталған қызметте қыпшақ тілдерінде бұрын актив жұмсалғаны байқалады.
Бұлардан басқа бұл күнде өзгеше тұлғада қолданылатын кейбір туынды етістіктер бар. Мысалы, «ырысымды сындайын» дегендегі соңғы етістік қазірде сынайын түрінде болар еді. «Сұлу үнмен үндейін» (Асанқайғы) дегендегі үндеу етістігі бұл күнде сөйлеу болып айтылар еді немесе үн шығару деп аналитикалық жолмен (тіркеспен) берілер еді. Қазіргі қазақ тілінде бой жеткен, айдын шүю сияқты есім мен етістік тіркестері бойға жету, айдынға шүю түрінде келеді.
Сөйтіп, XV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясы тілінің грамматикалық жүйесі қазіргі кездегімен көбінесе бірдей келіп отырғанымен, едәуір сәттерде ерекшеліктері де бар екені байқалады. Ол ерекшеліктер, біріншіден, әріден келе жатқан ескі тұлғалардың орын алуынан туса (-ғай, —ман, —дүр), екін- шіден, әдебиет жанрының сөз қолданыс тәсіліне байланысты (мысалы, -ар, —ман жұрнақты етістіктердің қолданысы) орын алғандар.
[1] Сейфуллин С. Көрсетілген кітап. — 139-б.
Р.СЫЗДЫҚОВА