
Орта түркі тілдері және олардың қазіргі түркі әдеби тілдерге тигізген әсері. Латын және орыс графикасына негізделіп жасалған түркі графикасы. Орта Азия, Жетісу, Шығыс Түркістанда кең тараған түркі жазба әдеби тілі(ХІҮ-ХҮІ ғасырдағы ортаазиялық әдеби «түркі» тілі). «Түркі» тіліндегі ортаазиялық әдеби шығармаларының өзбек, ұйғыр, түркмен, қазақ, қарақалпақ халықтарының ескі әдеби тілдеріне еткен әсері.
Латын алфавитінің шығу тегі, даму тарихы, графикалық құрамы(21 әріп, кейін 23 әріп, орта ғасырда 26 әріпке жетуі.). Латын графикасының латын тілінің фонетикалық жүйесіне сәйкесуі. Латын тілі мен латын жазуының Рим католик миссионерлері арқылы кең таралуы. Латын жазуының басқа тілдерде қолданылуы. Түркі тілдес халықтардың 1924-1929 жылдары арасында латын алфавитіне көшуі. Бұл шараға қарсы шыққандардың, араб жазуын жақтаушыларының дәлелсіз байбаламдары. Қазақстанда «жаңа әліп»-латын алфавитін қабылдау(1929), оның маңызы. Латын алфавитіне көшу Шығыстағы мәдени революция екендігі. Қазіргі түркі әдеби тілдеріне шолу. Олардың негізгі даму бағыттары. Орфографиялық, орфоэпиялық нормаларының жетілуі. Орфография(емле) мен терминологияны жақындатып үйлестіру проблемалары. Түркі халықтары үшін ортақ әдеби тіл жасау проблемасы.
Қазіргі таңда қазақ орфографиясы нормасындағы динамизм жазу тәжірибесіндегі (практикасында) қарама-қайшылықтардың шешімін тауып, бір ретке келтіру мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Бұл жайт – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қоғамдағы қызметіне қатысты шешімін табуы тиіс қазақ тілтанымының өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінгі таңдағы қазақ тілінің мәдени-әлеуметтік, ұлттұтастырушылық және бірегейлендірушілік мәніне орай қазіргі қазақ жазуының қоғам дамуының талаптарына, заманауи лайықты болуы жалпы қазақстандықтар үшін маңызды елдік, мемлекеттік деңгейдегі проблемаға айналды. Тәуелсіз ел ретінде халықаралық қатынас субъектісі болып отырған Қазақстанның ұлттық әліпбиінің жаңа жобасын талқылау барысында тілтанымшы (лингвист) ғалымдар мен белгілі әлеуметтанушы ғалымдар, саясаткерлер Қазақстанның Елбасына, Үкімет басшылығына әліпби өзгертулер енгізіп, жаңа сападағы ұлттық жазуды қалыптастыру мен жетілдіру туралы қоғамдық пікір қозғап, БАҚ арқылы өз ұсыныстарын жария етіп отырды. Осымен байланысты әртүрлі, жан-жақты ой-пікірлерді зерттеп, саралап, тұжырымдау, қазақ жазуының бұрынғысы мен өткендегісін, қазіргісімен болашағын зерделеу ғылыми тілтанымдық рефлекцияны талап етеді.
Осыған орай 1929-40 жылдардағы латын графикасына негізделген жазудың негізгі категориялары болып табылатын әліпби, графика және орфография ерекшелігін талдау, сол кезеңнің жазу тәжірибесіндегі пайдалы, ұтымды жақтарын, ізденістерін, қайшылықтарын, жазба тілдің даму деңгейіне оң және теріс әсер ететін тілдік емес (экстралингвистикалық) жайттарды анықтау, олардың шешімін табу сияқты мәселелер өзекті болып табылады. Тіл жайлы заңның қабылданған (1989) сәтінен бастап 20 шақты жылдай өтсе де, ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері және осы мәселеге көңіл аударған азаматтар тарапынан қазақ тілі латын графикасына өту қажет пе немесе кирил жазуында қалу керек пе деген тақырыпта әртүрлі дәйектерін алға тартқан пікірталастар толастамауда. Осыған орай лингвистикалық технологиялық, әлеуметтік және басқа да сипатты дәлелдемелер сараланып, әртүрлі деректер келтірілуде. Шын мәнінде, бұл пікірталастың шешуші мәні Қазақстанның ұлттық бірегейлігінде жатыр. Латын, кирил дилеммасы қаншалықты өткір мәселе болғанымен, екеуі де жазу тарихымызда бастан өткен, қолданыста болған және бар әліпби жүйелері.
Қазақ тіл білімінің орфография және графика саласы 1920 жылдардан бастап мақсатты түрде зерттеліне бастады. Осы саланың дамуына сара жол салған, тың ой, сарабдал пікірлерімен, құнды ғылыми тұжырымдарымен із қалдырған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Е.Омаров, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Басымов, Т.Шонанов, Ж.Аймауытұлы т.б. ғалымдардың соңын ала, әдеби тіл нормалары, орфография, орфоэпия, графика жөнінде зерттеулер легін М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Р.Сыздықова, Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, Т.Қордабаев, Б.Әбілқасымов, Н.Оралбаева, С.Хасанова, С.Мырзабеков, Ә.Жүнісбеков, Н.Уәли, Ш.Мәжітаева, Қ.Күдеринова, Г.Мамырбекова жалғастырып, саланың жан-жақты, іргелі зерттелуіне өзіндік үлестерін қосты. Сонымен қатар аталған тараушада орфография терминінің анықтамасы дәлелденіп, графика мен орфография салаларының жазу мәселесіне тікелей қатыстылығы мен зерттеу нысандары, қарастыратын мәселелері жан-жақты талданып көрсетілді.
«Ұлттық кезеңге дейінгі және ұлттық кезеңдегі қазақ жазуының сипаты» – қазақ қоғамында қолданылған қадим, жадид, төте жазуларына жалпы сипаттама беріліп, олардың өзіндік ерекшеліктері көрсетіліп, түркілік, миссионерлік және ұлттық бағыт деп үшке бөлініп қарастырылды.
Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланған. Араб графикасына негізделген қазақ әліпбиі (қадим, жәдид) көпшілік қауымның сөйлеу тілінен алшақ, жалпыхалықтық сипатта емес, элитарлық топтың ғана игілігі болған-ды. Сондықтан ұлттың мүддесін тереңінен ойлаған зиялы қауым өкілдері жаңа жүйедегі әліпбиге көшу, жазу жүйесін түбегейлі реформалау жөнінде пікір айтып, қоғамдық ойға қозғау салады. Мұндай елдік мәселе бұрынырақ өзге түркі елдерінде көтерілген болатын.
Түркілік бағыт. Ең алғаш графиканы реформалау жөнінде пікір айтқан әзербайжан жазушысы Мырза-Фет-Али Ахундовтың сол кезеңде мақалалары жарияланып, әліпби жобаларын жасаған болатын, сонымен қатар әліпби майданында ерекше еңбек еткен парсы әдебиеттанушысы Мырза Мелькем-Ханомның, парсы ханзадасы Мырза-Риза-Ханның, «Shardi Rus» (Русский Восток) газетінің редакторы Мемед-Ага-Шах—Тахтиннің, түрік оқымысты Гази-Мұхтар-Пашаның есімдерін ерекше атауға болады.
Жазу проблемасына байланысты туындаған түрлі қарама-қайшылықты көзқарастарды, түркі тілдес халықтар жазу жүйесіндегі кемшіліктерді байқаған орыс миссионерлері осы сәтті өз мүдделеріне пайдалану мақсатында жобаларын дайындап, тәжірибеге енгізуге тырысып бақты.
Миссионерлік бағыт. Миссионерлер қазақ тілінің тілдік болмысын құрту үшін саяси астармен « араб жазуы қолайсыз», « қазақ және басқа түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін беруге икемсіз» деген желеумен орыс графикасына негізделген қазақ әліпбилерін жасап, оқулықтар шығара бастайды. Олар орыс жазуына көшуді насихаттауды орысша оқыған қазақ жастары арқылы жүргізуді көздеді. Түркі тілдес халықтардың кітаптары араб әрпімен жазылса, бұл келешекте орыс жазуының үстемдік алуына кедергі жасайды деген миссионерлік оймен алғаш қазақ әліпбиін орыс графикасына негіздеп, жоба да ұсынады. Мысалы, Н.И. Ильминскийдің қазақ тілінің дауысты дыбыстарына 8 әріп (а (ä), é (е); ы, і; о, ö; у, ÿ), ал дауыссыз дыбыстарына 19 әріп (п, б, м, w, т, д, н, ж, з, ш, с, р, л, j, ќ, ѓ, њ) арнаған жобасы [1], 1897 жылы В.В. Катаринскийдің 21 әріптен тұратын әліпби жобасы ( а (а), е, ы, и, о (о), у, б, г, д, ж, з, к, л, м, н, г, п, р, с, т, ш) [2, 196 -209] және А.Е. Алекторовтың 38 әріптен тұратын әліпби жобасы ( а, с, ш, у, з, к, ы, т, р, е, л, и, о, н, м, п, і, й, б, д, ж, г, ә, ө, ұ, ң, ъ, ь, в, ф, ц, ч, щ, я, ю, э, е, ғ) [2] жарияланған болатын. Дегенмен, мұндай жоба-ұсыныстарға бірқатар қазақ оқығандары қарсылығын байқатқан.
Ұлттық бағыт және қазақ жазуы. 1910 жылдардан бастап, А.Байтұрсынұлы халық тілі негізіне сүйеніп, ескі қазақ жазба тілін реформалайды. Нәтижесінде ХХ ғасырдың басында ғылыми тілде А.Байтұрсынұлы жазуы, төте жазу аталып жүрген жазу үлгісі кең қолданысқа түсіп, әліпби жүйесі бір қалыпқа келе бастайды. Жаппай сауаттандыруды жедел атқаруға кемшін соғатын, игеру процесі ұзаққа (кем дегенде үш-төрт жыл) созылатын, қиындығы көп ескі жазудан гөрі, қалың жұртшылыққа қысқа мерзімде (үш-төрт айда) игеріп алатындай, тіл ерекшеліктері ескеріліп жасалған төте жазудың тиімділігі байқалады. Ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастыра отырып, қазақ тіліне тән, төл дыбыстарға ғана орын беріп, кірме дыбыстарды мүмкіндігінше қысқартып алады[3]. Жалпы А.Байтұрсынұлының бұл жазу жүйесін ұлттық қазақ жазуы деп атаймыз.
Әдебиеттер:
- Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі .- Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -229 б
2.Сартқожаұлы Қ. Байырғы түркі жазуының генезисі. Алматы: Арыс, 2007. -301 б
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. – 255 б.
- Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. — Алматы: Арыс, 2008. -470 б.
- Аханов К. Тіл білімінің негіздері. — Алматы: Санат, 2009. -496 б.
Қосымша:
- 6. Махмұт Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы, Сөздік-Словарь, 2006. -336 б
- 7. Түркі тілдері (Энциклопедиялық басылым). Астана: Фолиант, 2002. -699