ӘБУҒАЛИЕВ ІЗТӨЛЕУ (16.12. 1930, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы – 27.10.2004, Алматы) – ауыл шаруашылығының ғылымдарының докторы (1976), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1984), профессор (1988), Қазақстан Ғылым Академиясының акадеимигі (1994). ҚазМУ-ды (1953, қазіргі ҚазҰУ) және осы университтің аспирантурасын (1956) бітірген.Қазақстан Ғылым Акедемиясының Ботаника институтында (1957–1959, қазіргі Ботаника және фитоинтродукция институты) кіші ғылыми қызметкер.1959 жылдан Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры (1975–1995). 1995 жылдан Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығының академик-хатшысы болды. 1975 жылы «Қант қызылшасының тұқымын өсіруге және оның селекциясына, аймақтық егіншілік жүйесі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Ол Қазақстанауыл шаруашылығы ғылымына жаңа бағыттарды – қант қызылшасының селекциясын, биотехнологияны, сорттық агротехниканы, өсімдік генофондын, биометрияны, т.б. енгізді; ауыл шаруашылық дақылдарының (қант қызылшасының, жүгерінің, күздік бидайдың) жаңа сорттарын шығарды. Оның суғарылатын, суғарылмайтын, тәлімі, таулы жерлерде егіс жүйелерін жасауға және ауыл шаруашылықтын дақылдарын өсіру технологиясын жақсартуға арналған ғылыми ұсыныстары мен әдістемелері ауыл шаруашылық өндірісіне енгізілді. Әбуғалиев 260-тан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 10 авторлық куәліктер мен патенттердің иегері.