ЛЕКСИКАЛЫҚ СТИЛИСТИКА
Лексикалық стилистика лексиканың әртүрлі қабаттарының мүмкіндігін және стилистикалық белгілерін, сөздердің функционалды-стилис тикалық және эмоционалды-экспрессивті реңктерін, тілді мақсатты қолданудың лексикалық қасиеттерін қарастырады. Лексикалық стилис тиканың құрамына синонимдер, полисемия, омонимдер, антонимдер, паронимдер, неологизмдер, кітаби лексика, лексикалық тіркесімділік, тұрақты тіркестер және т.б. кіреді. Тіліміздегі сөздер дің лексикалық және грамматикалық мағыналарынан басқа қо сымша реңі, яғни эмоциональды-экспрессивті бояуы болады. Әдеби тілдің стилистикалық жүйесі өте күрделі және біркелкі сипатқа ие емес, көп қырлы. Стилистикалық жүйеге әлеуметтік және жергілікті диалектілердің сипаттамалары, жазба тілдің әртүрлі формалары кіреді. Лексикалық стилистика тіл жүйесіндегі стилистикалық ресурстарды мәтіннен тыс қарастырмайды, керісінше қарым-қатынастың әртүрлі саласында қолдану кезінде туындайтын тілдік заңдылықтарды, соның нәтижесінде пайда болатын тілдік құрылымдарды зерттеуге көбірек көңіл бөледі. Қолданым кезіндегі стилистикалық құбылыстардың жүзеге асуы, яғни айтылым стилінің қатысым міндетіне сай болуы (дұрыстығы, мәнерлілігі, тиімділігі) айтылымда, мәтінде орындалады. Сөздің реңі контексте белгілі болады. Мысалы, жеке бір сөздің бірнеше мәні, бояуы болуы мүмкін (ит: үй жануары, ит мінезді адам, шошқа: жануар, шошқа сияқты адам т.б.). Контексте соның қай мәнде қолданылғаны белгілі болады.