КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ СТИЛІ

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ СТИЛІ

Көркем әдебиет стилі —  тіл байлығының кеңдігімен ерекшеленетін, авторлық баяндау мен кейіпкерлер тілінен тұратын, проза, поэзия, драматургияда қолданылатын функционалды стильдің айрықша дамыған түрі. Бұл стиль әдеби шығармаларды жазу барысында қолданылып, адамның эстетикалық талғамын оятады. Көркем әдебиет стилінің басты мақсаты оқырманның сезіміне әсер ету арқылы адамның бойындағы ізгі қасиеттерді арттыру, жаманнан жирендіріп, жақсыға ұмтылдыру. Бұл мақсатқа  бас қаһарманның күйініш-сүйініші мен тағдыр-тауқыметін суреттеу, сондай-ақ тірі табиғаттың әсем кейпін сомдау, ұлттық рух пен халықтық ділді сипаттау арқылы жету міндеттеледі. Көркем әдебиет стилінің бейнелі-танымдық, эстетикалық, коммуникативтік қызметтері бар. Бұл қызметтер қоғам мен әлем туралы ақпаратты оқырманға эмоционалды әсер ету арқылы жеткізуінен, шығарма сюжеті мен авторлық идеяны ашуға қажетті бейнелер жүйесін құруынан, көркем әдебиетті шынайы өмірмен байланыстыра отырып, оқырманның сезіміне әсер етуінен көрінеді.

Көркем әдебиет стилінің өзіне тән тілдік ерекшеліктері де бар. Бұл стильде жазбаша сөйлеу, монолог пен диалог қолданылып, оқырманға әсер ету, коммуникативті және эстетикалық қызметтің бірлігі басшылыққа алынады. Көркем әдебиет стилінде автор арнайы тілдік тәсілдер арқылы оқырманмен сырласып отырғандай әсер қалдырып, кейіп кердің бейнесін сомдау барысында немесе пародиялау үшін экспрессивті тәсіл ретінде бейәдеби сөздерді қолдана алады. Басқа стильдерге тән тәсілдерді кеңінен қолдану, эмоционалды-экспрессивті сөздерді, көркемдеу құралдарын, поэтикалық синтаксисті пайдалану және әр автордың өзіндік сөз қолданыстарының болуы бұл стильді стильдің басқа түрлерінен ерекшелендіріп тұрады. Көркем әдебиет стилінде сөйлеу лексикасы да, жалпыхалықтық, кітаби лексика да, шағын топ өкілдерінің қолданысындағы арго, жаргон, кәсіби сөздер де,  көркемдік тәсілдер мен көріктеу құралдарының барлық түрлері де пайдаланылады. Айшықтау, теңеу, ауыстыру, алмастыру, шендестіру, шешендік арнау, инверсия т.б. тілдік тәсілдерді қолдану автордың шеберлігін танытып, шығарманың көркемдік құндылығын арттыра түсетін стильдік ерекшелік болып табылады. Көркем әдебиет стилінде сөздің бірнеше мағынасы туындап, авторлық қолданыста жаңа сипатқа ие болады. Кейде сөйлемнің қалыпты құры лы мының өзгеріске ұшырап қолданылуы оқырманға тың серпін береді. Сонымен қатар көркем туындының көлемді болуы, прозалық шығарманың тарауларға, драмалық шығарманың көріністерге, поэтикалық туындының ырғақ, бунақ пен тармаққа бөлінуі көркем әдебиет стилін басқа стильдерден ерекшелендіретін құрылымдық белгілерге жатады. Көркем мәтін қазақ тілінің мөлдірлігі мен байлығын, ой ұшқырлығы мен қабылдау кеңдігін танытады. Көркем әдебиет стилінің қолданылу аумағы әдебиеттің көне тегіне жататын эпос, лирика, драмадан бастау алып, эпопея, роман, повесть, әңгіме, жыр, терме, айтыс, қара өлең, өлең, комедия, трагедияға дейін жетіп отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *