КӨП МАҒЫНАЛЫЛЫҚ
Көп мағыналылық – сөздің екі немесе одан да көп мағынаға ие болуы. Тілдің байлығы мен даму дәрежесі сөздік құрамдағы сөздердің саны көп болуымен ғана өлшеніп қоймайды, сонымен бірге ондағы сөздердің көп мағыналы болуымен де ерекшеленеді. Сөздердің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірден-бір белгі – көп мағыналылық. Сөздік қордағы сөздер ең алғашқы пайда болған кезде аз мағыналы болғандығы байқалады. Кейін олар бұрынғы мағынасының үстіне жаңадан тағы бір немесе бірнеше қосымша туынды мағыналарға ие болған. Мысалы, «қанат» алғашында құстар мен шыбын-шіркейлердің ұшып-қонатын дене мүшесін білдірген. Онан кейін балықтың жүзу мүшесін, киіз үйдің керегелерін (алты қанат ақ орда), арба-шананың үстін кеңейту үшін салынған ағашты (қанаты жоқ шанаға шөп аз сияды), ұшақтың қанаты және белгілі бір нәрсенің орналасқан шебі, екі жағы (футбол алаңының оң жақ, сол жақ қанаттары, т.б.) мағыналарын білдіріп, көп мағыналы сөзге айналды. Адам санасындағы белгілі бір зат туралы түсінік басқа бір затпен де ұқсастырылып, байланысып тұрады. Соның нәтижесінде екі заттың екі сапасында, яки атқаратын қызметінде жалпы ұқсастық пайда болады. Сол ұқсастықтың негізінде адамдар ұқсас келген екі не бірнеше затты бір атаумен айтатын болған. Мысалы, «судың асты» мағынасындағы «түп» сөзінің қазіргі қазақ тілінде мынадай мағыналары бар: 1. Бір заттың төменгі, ішкі қабаты (ыдыстың түбі). 2. Өсімдіктің жер астындағы бөлігі (томардың түбін қопардық). 3. Өсіп тұрған немесе қазып алынған өсімдік (бес түп отырғыздық). 4. Түкпірдегі, шеткі (түп бөлмеде отыр). 5. Адамның шыққан тегі, арғы заты («Мен сол керей ішіне сіңген аз атаның баласы едім, түбім қызай». М.Әуезов). 6. Бір нәрсенің жаны, қасы (Мәскеу түбінде фашистер талқан болды). Сөздердің семантикалық құрылысы неғұрлым күрделі әрі бай болса, соғұрлым олардың тілдегі атқаратын қызметі де күшейе бермек. Әсіресе, көп мағыналы сөздер сөздік құрамындағы синонимдердің көбеюіне үлкен ықпал етеді.
Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Лингвистика.
– Павлодар, 2007.