КӨНЕРГЕН СӨЗДЕР

КӨНЕРГЕН СӨЗДЕР

Көнерген сөздер – күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылмайтын, бірақ тілдің сөздік қорында сақталған, көпшілікке түсінікті сөздер. Көнерген сөздер көнелену дәрежесі мен себебі және қолданылу сипатына қарай өзіндік лексика жүйесін құрайды. Көнеру дәрежесі бойынша: а) мағынасы түсініксіз сөздер (байыз – байыз табу, кежеге – кежегесін кейін тарту); ә) мағынасы түсінікті, бі рақ сирек қолданылатын сөздер (бәйбіше, қатын, мыстан, алдаспан) болып бөлінеді. Көнерген сөздер көнеру сипаты мен тілдегі қолданылу ерекшеліктеріне қарай екіге бөлінеді: тарихи сөздер және архаизмдер. Тарихи сөздердің көнеруі лауазымдық атаулардың, қоғамдық құбылыстардың жойылуымен, сондай-ақ әскери қару-жарақ, өндірістік құрал-жабдықтардың қолданыстан шығып қалуымен байланысты (болыс, сұлтан, барымта, ақ берен, айбалта). Архаизмдер халықтың күн көріс тіршілігіне, салт-сана тұрмысына, әдет-ғұрпы, дүниетанымына қарай әр дәуірде өзгеріп, басқа сөздермен ауысып, ескіріп, пайдаланудан біржола шығып қалған сөздер (жаушы, дағара, ергенек, саптыаяқ, түмен, асадал, дүрия, патсайы, т.б.). Әйтсе де, қайсыбір көнерген сөздер жаңа мағына алып, сөздік құрамдағы белсенді сөздерге қосылуы мүмкін. Мысалы: жасақ – жасақшы, төре-төреші сынды сөздер қосымша жалғану арқылы қайтадан күнделікті қолданысқа ие болды. Ұлт тілінің термин жасамдағы мүмкіндігін пайдаланып, о бастағы мағыналары ұмытыла бастаған немесе көмескі тартқан архаизмдер мен историзмдерге жаңа мағына жүктеу арқылы жаңаша қолданысқа енгізу құптарлық іс. Аумақтық қолданыспен шектеліп келген кеден, кент, рәсім, рәміз, ұжым сияқты сөздер аздаған мағыналық өзгерістерге ұшырау арқылы терминденіп, қазір ресми бекітілген терминдер ретінде жаппай қолданыста жүр. Көнерген сөздер тарихи өзгеріп отыратын лексика-семантикалық құбылыс. Көнерген сөздерді көркем әдебиет стилінде, ғылыми стильде қолдану норма болып табылады. Көнерген сөздерді стилдің басқа түрлерінде қолдану нормадан ауытқу болып табылмайды. Қайта, көнерген сөздерді қолдану арқылы төл тіліміздің көркемдік қырлары ашыла түседі.

   Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. V том. – Алматы, 1998

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *