
ҒАЛАМ – бізді қоршаған бүкіл материалдық әлемнің бақыланатын бөлігі. Ғаламда өлшемдері мен массаларының айырмашылықтары болатын сан алуан нысандар (объектілер) тегі – қарапайым бөлшектерден, атомдардан және молекулалардан бастап, көлемі әралуан ғаламшарлар, жұлдыздар, галактикалар, галактика шоғырлары және дисперстік заттар (газдар мен шаң-тозаңдарға), солармен қоса әр текті физикалық өрістер (гравитациялық, электрмагниттік, т.б.) кездеседі. Ғаламның кеңістік пен уақыт бойынша шеті де, шегі де жоқ. Ғаламды зерттеумен тікелей шұғылданатын ғылым – астрономия.
Егер ХХ ғасырға дейін Ғалам туралы ілім Ньютонның бүкіләлемдік тартылыс заңы мен евклидтік геометрияға негізделсе, қазіргі заманның ғаламтану ғылымы өзінің теориялық тұжырымына Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясы мен евклидтік емес геометрияны басшылыққа алған. Ғалам – кеңістік тұрғысынан да, уақыт тұрғысынан да шексіз, оның әу баста басталған басы болмаған, ең соңында ақыры да болмайды. Ғалам мәңгі.