ӘБУ ӘЛИ ИБН СИНА Әбу Әли Хусейн ибн Абдаллах

ӘБУ ӘЛИ ИБН СИНА Әбу Әли Хусейн ибн Абдаллах (латын транскрипциясы — Авиценна; 980, Бұхара қалысы жанындағы Афшана ауылы — 18. 6. 1037, Хамадан) — ортағасырлық ғалым, философ, дәрігер. Орта Азияда және парсы жерінде (Иранда) өмір сүрген; түрлі әмірлер тұсында дәрігерлік және уәзірлік қызметтер атқарған. Басты философиялық еңбектері — “Дауа кітабы” (“Іұтқару кітабының” қысқаша мазмұндамалық нұсқасы), “өсиеттер мен кеңестер кітабы”, “Білім кітабы” (парсы тілінде, “Даныш-намэ”). Әбу Әли ибн Сина философиясы метафизика, гносеология және логика салалары бойынша шығыс аристотелизмі дәстүрін, бір жағынан неоплатонизмнің онтологиялық концепцияларын дамытады. Әбу Әли ибн Сина пікірінше тек құдай ғана абсолютті тіршілікке ие, қалғандардың бәрі де өздігінше тек мүмкін нәрселер ғана, олардың болмысқа енуі тек құдайдың құдіретімен болатын жәйт. Әйтсе де құдай жаратқан табиғат уақыт пен кеңістік ішінде бола тұрып, эманациялар иерархиясы арқылы мұнан әрі өзіндік қозғалыс принципі бойынша дамиды. Әбу Әли ибн Синаның әлеуметтік ілімінде әділетсіз қоғамға қарсы қарулы көтерілістер жасауға дейін баруға болатыны туралы ой бөлекше есте қалады. Мұсылмандық дін ілімі өкілдері (әсіресе, Әбу Мұхаммед Ғазали) Әбу Әли ибн Синаны “дін бұзарлығы” мен “атеизмі” үшін айыптаса, Әбу-л-Уәлид Мұхаммед ибн Рушд оны натуралистік көзқарастары үшін сынға алады. Әбу Әли ибн Синаның философияға және жаратылыстану ғылымына арналған трактаттары бірнеше жүздеген жылдар бойы Шығыс пен Батыста кең таралған тарихи мәні зор мәшһүр еңбектер қатарында келеді. Әбу Әли ибн Синаның араб және парсы тілдерінде азын-аулақ өлеңдері сақталған. Оның поэтикалық шығармаларына арқау болған тақырыптар — материяның мәңгілігі, ағартушылық пен ғылымды уағыздау. өлеңдерінің өзіндік белгілері — афоризмге толылығы, көркемдік бейнелеу әдістерінің қарапайымдылығы. Парсы тіліндегі өлеңдерінің басым бөлігі рубаяттар түрінде жазылған. Әбу Әли ибн Сина шығармалары классикалық парсы, араб, өзбек және орта ғасырлық еврей әдебиетіне елеулі ықпал жасаған. Әбу Әли ибн Сина дәрігерлік кәсіппен 16 жасынан бастап шұғылданды. жергілікті тәбиб әдістерін үйренген соң, ол кітаптардан ескі грек, руми, үнді, парсы, қытай медицина негіздерін өңдеп жетіктірді. Әсіресе, ескі юнан жұртының атақты дәрігерлері Гиппократ пен Галеннің еңбектерімен толық танысты, олар айтқан қағидаларды толықтырды, қатесін түзетті, ескірген ұғымдарын алып тастады. Әбу Әли ибн Сина арқасында Гиппократ пен Галеннің даңқы қайта жайылды, әйтегенде Еуропада олардың еңбегі түгіл есімі де ұмытыла бастаған еді. Оның күрделі туындысы — “Дәрігерлік ғылымның каноны” (“Китаб әл-канун фи-т-тибб”), бұл — көлемі 200 баспа табақ, 5 кітаптан тұратын медицина энциклопедия. Араб тілінде сан рет көшірілді. Латынша аудармасы 12 ғ-да жарық көріп, аз уақытта бүкіл дүние жүзіне таралды. Күллі Шығыс пен Батыста Әбу Әли ибн Сина осы кітап арқылы 5 — 6 ғ. бойы медицина ғылымының дара жетекшісі, дәрігерлердің ұлы ұстазы болды, “Медициналық ханзада”, “Шейх-ур-райс” деген ұлы есімге ие болды. Баспа әдісі пайда болғаннан кейін “Канонның” басылуы Інжілмен бәсекелес өтті. Араб тіліндегісін санамағанда латын аудармасы 30 шақты рет басылды. “Канон” орыс, өзбек тілінде ғалымның 1000 жылдық салтанатына байланысты Ташкентте (1954 — 56) басылып шықты. “Медицина — саулықты сақтау, науқасты кеселден айықтыру үшін адам тәнін зерттейтін ғылым”, — дейді автор. “Медицинаның бір бөлігі — білім, екіншісі — амал, мұның екеуі де ғылым, біреуі медицинаның түп негізі болса, екіншісі — амал жасау ережелері”. Әбу Әли ибн Синаның ең негізгі насихаты — саулықты күні бұрын сақтау. Бұл жөнінде оның қоятын шарттары: тағамды талғай білу, денені шынықтыру және таза ұстау. Бұл ережелер осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Ал ғасырлар бойы бұған еліктеп жазылған кітаптар да өте көп. Саулық сақтау жолдарын Әбу Әли ибн Сина былай деп көрсетеді: “Дене құрылысының гармониясын бір қалыпты ұстау, тағам мен ішімдікті талғау, дәрет тәртібін мұхияттау, киім мен ауа тазалығын ұстау, дене мен рух бірлестігін көздеу, ол үшін ұйқы тәртібін бұздырмау. Дене шынықтыру үшін жаттығулар әр адамның жасына, күшіне сәйкес әрқилы болуы қажет. Орта жастағыларға салт қыдыру тиімді болса, қуаты азайған кекселерге жаяу жүрген пайдалы. Сол сияқты бозбалаға шарт тағам қарттарға зиянды болуы ықтимал. Жасы келіп қартайған шақта ұйқыны көбейту, жылы сулы бұлау қабылдау, қышқыл, тұзды тағамды азайтып, сүт қоректерін, өсімдіктерді әсіресе сарымсақ, қызылша мен капустаны көбірек пайдалану керек”, — дейді. “Канондағы” саулық сақтау үшін дәрігерлер қолданатын ережелердің ең маңыздысы — қанағат. Тамақтануда, шарап ішуде, дәрі пайдалануда, нәпсіге де, қомағайлыққа да жол бермей, қанағат ету. Әбу Әли ибн Сина қалдырған соны мұраның ішіндегі ізгісінің бірі — ауру-кеселді қоздырмас үшін күні бұрын шаралар қолдану. Бұл жөніндегі ережелер тек дәрігерлерге арналған уағыз ғана болған жоқ, ғасырлар бойы қоғамға пайдалы ережеге айналды. Мысалы, сол дәуірде Үргеніш, Самарқан, Отырар, Тараз сияқты қалаларда мал сою, сүт сату, балық сақтау, ауыз су тазарту тәртіптері өкімет тарапынан қадағаланып отырды. Бұл тәртіптер Әбу Әли ибн Синаның және оның шәкірттерінің ықпалымен жүзеге асырылды. Таң қаларлық жағдай: Әбу Әли ибн Сина кесел-аурулардың жұғуы көзге көрінбейтін өте ұсақ нәрселермен байланысты деген пікір айтты. “Бұзылған, иістенген су ішті бұзады, ал бұзылған ауа шешек, оба кеселдерін қоздырады. Аурудан сақтану үшін ауыз суды сүзіп, қайнатып ішу шарт”, — дейді ұлы ғалым. Әбу Әли ибн Сина ауру-кеселдің түрін анықтауға, жалпы оташылыққа аса көп көңіл бөлді. Әр түрлі мүшенің зақымдануы, жара, жарақат, қызба ауруларын толық сипаттап жазды. Науқастың реңі, бет-әлпеті, тамыр соғуы, зәрдің түсі мен түрі арқылы ауру кезеңін байқауды замандастарына үйрете білді. Кеудені түрткілеу арқылы өкпе нұқсанын аңғару әдісін кең пайдалана білген. Бұл диагностикалық әдіс Еуропада 18 ғ-да қайта табылып, кең өріс алды. Әбу Әли ибн Сина келтірген көптеген ауру-кеселдер сипаты осы уақытқа дейін маңызын сақтауда. Мысалы, өткен 1000 жылдың ішінде құтыру ауруының жұғу жолдары, бастамасы, қозуы тіпті өзгеріссіз деуге болады. Ал Еуропада бұл кеселдің толық белгісі тек 18 ғ-да ғана сипатталып жазылды. Көздің құрылысы мен қалай көретіндігіне оның берген ұғымы осы күнге дейін қалпында. Әбу Әли ибн Сина келте кесу (ампутация), шекебұрғылау (трепанация), қуықтан тас алу, онымен қатар жара таңу, білтелеу, сынық салу амалдарын да үйретіп кетті. Әбу Әли ибн Сина ауруды емдеуде дәріні кең қолданды, Гиппократ дәрінің 200 түрін, үнді тәбибтері 800 түрін пайдаланған болса, Әбу Әли ибн Сина дәуірінде 2600 түрлі дәрі қолданылып, оның жартысынан көбі өсімдіктерден алынған, Әбу Әли ибн Сина көптеген дәрілерді жасау, дайындау, сақтау әдістерін ұсынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *