
ГОЛОГРАФИЯ, а к у с т и к а л ы қ – дыбыстық өрістерді жазудың, жаңғыртудың және түрлендірудің интерференциялық әдісі. Акустикалық голография шағылысқан және шашыраған өрістердің амплитудалық-фазалық құрылымдарын, акустикалық сигналдарды кеңістіктік-уақыттық өңдеу, акустикалық антенналардың бағыт алуының сипаттамаларын өлшеу үшін дыбыстықвизияда (дыбыс арқылы көруде) пайдаланылады. Акустикалық голографияның негізгі принципі оптикалық голографияға ұқсас: ең алдымен тірек және зат шашыратқан екі толқынның (өрістің) интерференциялық құрылым (кескін сурет) тіркеледі, сонан соң кескін сурет (акустикалық голограмма) алынысымен ол сурет қалпына келтіріледі немесе әлгі зат шашыратқан өрістің суреті заттан біраз қашықтықта пайда болады.
Жоғары жиілікті ультрадыбыстық-жиіліктердің акустикалық голография ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында, мысалы, биологиялық зерттеулер
үшін акустикалық микроскопияда, ішкі органдардың құрылымдары туралы ақпараттар алу үшін медициналық диагностикалық құрылғыларда, материалдардың ішкі ақауларының кескіндерін алу үшін дефектоскопияда қолданылады.