ГИДРОСТАТИКА

ГИДРОСТАТИКА (гидро… + статика) – гидроаэромеханиканың сұйықтардың тепе-теңдігін және тынышталған (тынық) сұйыққа батырылған денеге осы сұйықтар тарапынан болатын ықпалдарды зерттейтін саласы. Гидростатикада және жалпы сұйықтар механикасында сұйықтардың молекулалық құрылысы ескерілмейді. Гидростатиканың негізгі мәселелерінің бірі – сұйықтардағы қысымдардың тара- луын зерттеу – қысымдардың таралуын біле отырып гидростатика заңдары негізінде тыныштықтағы сұйықтар тарапынан батырылған денелерге (мысалы, сүңгуір қайықтарға, бөгет қабырғаларға, ыдыс түбіне) әсер ететін күштерді анықтауға болады. Дербес жағдайда денелердің сұйықтың бетінде немесе оның ішінде жүзу шартын, сонымен бірге кеме жасау ісінде ерекше маңызы болатын денелердің қандай шарттар кезінде орнықты болатынын анықтауға болады. Гидравликалық престің, гидравликалық аккумулятордың, сұйықтық манометрдің, сифонның, т.б. аспаптардың әсерлері гидростатиканың заңдарына, атап айтқанда, Паскаль заңына негізделген. Гидростатиканың негізгі заңдарының бірі – Архимед заңы сұйықтарға немесе газға батырылған денеге әсер ететін ығыстыру күштерінің шамасын анықтайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *