ГИДРАВЛИКАЛЫҚ СОҚҚЫ – ағын жылдамдығының күрт тоқтатылуы салдарынан (ысырма не шүмек жабылғанда) құбырдағы сұйық қысымының кенеттен артуы кезінде пайда болады. Бұл құбылыс құбырдың ішінде ағып тұрған сұйықтың жолын кенеттен бөгегенде, турбина немесе сорғы жұмысын кенеттен тоқтатқанда, т.б. жағдайларда туындайды. Ысырма немесе шүмек жабылғанда құбырдағы сұйықтың ағыс жылдамдығы күрт тежеледі де лезде инерциялық қысым күші пайда болып сұйық қысымын арттырады. Пайда болған жоғары қысым құбырды бойлай ағысқа қарсы бағытта 1000 м/сек жылдамдықпен соққы (соқпа) толқын түрінде таралады. Осы соққы толқынның әсерінен құбыр жүйесі, машина бөлшектері және ағынның жолындағы әртүрлі аспаптар бүлі- неді. Гидравликалық жүйелерде әлгіндей соққылардан сақтандыру үшін клапан, диафрагма, теңгергіш, мұнара, кері клапан секілді сақтандыру құрылғылары пайдаланылады. Гидравликалық соққы теориясын дамытуға орыс ғалымы Нико- лай Жуковский (1847–1921) елеулі үлес қосқан (1898 жылы).