Байтоқ Алаша

Байтоқ Алаша (туылған-өлген жылы белгісіз) – Батыс Қазақстан өңірінде XIX ғасырда өмір сүрген жырау. Бөкей ордасында, Жәңгір ханның жанында болған. Байұлының алаша руынан шыққандықтан ел арасында «Алаша Байтоқ жырау» деп аталған. Оның Жәңгір хан дүниеден қайтқан соң айтқан толғауы, «Мұрат ақынның Ғұмар Қазыоғлына айтқаны» (Қазан, 1908), «Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары» (Орынбор, 1910) жинақтарында жарық көрген. Ел арасына кең тараған «Қары азамат сардарбек» деп басталатын толғауын маңғыстаулық Т.Жанғабылұлынан 1939 жылы Байтоқ Жақыппайұлы, 1947 жылы И. Ұйықбаев жазып алған мәтіні Қазақстан Ғылыми Академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақтаулы (198-705 бумалар). Байтоқ жыраудың 2 толғауы да Жәңгір ханға, оның сән-салтанатына арналған мадақ жырлар. Қолжазба мәліметтерге қарағанда, Жәңгірге жырау сексен жасында барған. Ханның сұрауымен, әуелі жиналып отырған жамағатқа, биге, байға, батырға, қызға, бәйбішеге өмірде не жарасатынын жырлайды, сосын хан мәртебесіне ойысады. «Жәңгір хан дүниеден қайтқан соң айтқан толғауында» әсерлеу әдісін мол қолданады. Жоқтау сарынындағы бұл толғауда жыраудың Ресей үкіметінің қазақ даласын отарлау саясатына қарсы көзқарасы айқын сезіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *