«Әдебиет теориясы»

«Әдебиет теориясы» – Қажым Жұмалиевтің іргелі ғылыми зерттеуі. «Мектеп» баспасынан жарыққа шыққанына биыл 75 жыл толды. Осы ғылыми-теориялық зерттеу 1964 жылға дейін өңделіп, түзетіліп, бірнеше рет (1938, 1939, 1940, 1941, 1942 жылдары латын әрпінде) жарық көрген. 1964 жылы бұл кітапты Қазақ ССР Оқу министрлігі орта мектептің жоғары кластарына арналған оқу құралы ретінде бекіткен. Жалпы совет әдебиетінің, оның саласы қазақ совет әдебиеті сол кезеңде КПСС съездерінің, Орталық Комитет пленумдарының қаулыларында, партия мен үкімет басшыларының әдебиет пен өнер қайраткерлері алдында сөйлеген сөздерінде әдебиетке зор мән беріліп, оны өмірмен тығыз байланысты ету жағына көңіл бөлінді. Сөйтіп көркем әдебиет жалпы халықтың рухани қажетіне айналды.

Қ.Жұмалиев кітабының қазақ әдебиеттануындағы орнын тек мектеп оқушыларының ғана емес, қалың көпшіліктің эстетикалық талғамын қалыптастырудағы рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, бұл әдебиет теориясының түбегейлі мәселелерін кеңінен және тереңірек зерттеу міндетін күн тәртібінен түсірген жоқ. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» «шаң басқан архивте» жатқан кезде мектептер мен жоғары оқу орындарында «Әдебиет теориясы» жетекші оқу құралы ретінде міндетін осылай атқарды.

«Әдебиет танытқыш» жоқта көркем әдебиетті тану, оның өзіне тән ерекшеліктерін жақсы түсіну үшін қалың ел осы кітапты оқыды. «Әдебиет танытқыштың» негізінде жазылған бұл кітапта кейбір мәселелер жаңаша талданып, жаңа тараулар мен бөлімдер қосылып, сол кезеңдегі «советтік» әдебиеттану ғылымы тұрғысынан жазылды. Қ.Жұмалиев Аристотельден бастап әдебиет теориясы жайлы құнды пікірлер айтқан ресейлік сыншылар В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, М.Горький және әдебиеттануға арналған оқулық, монография жазған В.В.Виноградов, Л.И.Тимофеев, Г.Л.Абрамович, М.Серебрянский, А.Н.Тарасенков, Г.В.Плеханов, Л.П.Щепилова, т.б. теориялық көзқарастарына сүйеніп, олардан сілтеме алып, ой-түйіндерін өз сөзімен де жеткізе білген. Сонымен қатар М.О.Әуезовтің, автор өзінің «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1948) еңбектерін де пайдаланған.

Автордың өзі жазғандай: «… біз бұл кітапта әдебиет теориясының барлық проблемаларын, искусствоның басқа салалары мен әдебиеттің байланыстылығын және айырмашылығын түп-түгел дұрыс шештік не ол жөнінде кемшілігіміз жоқ деген пікірден аулақпыз. Белгілі бір оқушыларға арналып, белгілі шеңберде жазылған көлемі шағын кітапта ол мүмкін емес, бірақ бұл мәселелер жөнінде кітапта азды-көпті түсініктер берілді. Ал кітаптың ішіндегі оқырмандар жұртшылығы үшін өте керекті, әдебиеттің келелі мәселелеріне бару үшін кілт саналатын көркем әдебиеттің өзіне ерекшелік жақтарына аса зер салынып, мұқият талданды»[1].

Осы 2013 жылғы жинақта 1964 жылғы түпнұсқадағы біршама тараулар мен сөйлемдер, тіпті тұтастай абзацтар мен шумақтарды кітаптың көлеміне байланысты қысқартылды. Атап айтқанда, «Жалпы бөлімдегі» «совет әдебиетінің тоталитарлық тәртібінің» талаптарына сәйкес жазылған «Маркстік әдебиет теориясы жайында», «Ленин әдебиет туралы», «Әдеби мұраға сын көзімен қарау», «Әдебиеттің партиялық болу принциптері», «Әдебиеттегі партия саясатының негіздер», «Совет әдебиетінің табыстары», «БК(б)П ОК-нің 1932 жылғы 23 апрельдегі қаулысы», «Әдебиеттің халықтығы», «Көркем әдебиеттің қоғамдық мәні», т.б. тараулары тәуелсіздік кезең талаптарына байланысты қысқартылды. Кітап 1964 жылы 16 баспа табақ көлемінде жарық көрсе, біз жинақтың көлеміне қарай 9 баспа табаққа дейін қысқартуға мәжбүр болдық. Бұл кітап 1964 жылғы басылым бойынша дайындалды.

Пейзаж, баяндау, оқиғаның құрылыс тәртібі, эпилог – совет кезіндегі әдебиеттану талаптарына сай жазылған. Көркем шығармалардың тілі (тілдің қоғамдық мәні, көркем тіл, сөз мәніндегі кейбір ерекшеліктер де «Әдебиет танытқыштың» басты ойларына негізделген), синоним, омоним, архаизм, диалектизм, неологизм, т.б. совет әдебиеттану талаптарымен шектелген.

Қ.Жұмаливтің: «Жаңа сөз табуға ұмтылушылық табиғи нәрсе, бірақ табу да, ол табылған сөздердің тілде тұрақталуы да қиын. Бір кезде кейбір әдебиетшілер әдебиет терминдерін таза қазақша атауымыз керек деп, бірнеше сөздер ұсынды. Мысалы: пәнді әліптеу, сәнді әліптеу, көркем лебіз, көсе лебіз, айырық оңқай, жиылыңқы оңқай, т.б. осылар тәрізді «жаңа» сөздерді тілімізге енгізбек болды. Оларды автордың өзінен басқа ешкім қолданған жоқ». Ғалымның кейбір әдебиетшілер деп отырғаны Ахмет Байтұрсынұлы екені даусыз. Ол кезде Алаш ғалымдарының атын атап, түсін түстеу мүмкін емес еді. Атын атамаса да автор «Әдебиет танытқыштағы» сөздерді мысал ретінде, өз сөзі ретінде пайдаланған.

«Эпитет пен теңеу, олардың ерекшеліктері» тарауында да Қ.Жұмалиев А.Байтұрсынұлының ойларын сол кездегі ресми біліммен ұштастыра білген. Теңеу тараушасындағы тұжырымдар «Әдебиет танытқыштан» алынған: «Жазушы бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін, ол нәрсенің өзгешілік белгілерін көрсетпей-ақ, оны екінші нәрсемен салыстырып та суреттей алады. Бұл салыстыруды теңеу деп атайды».

Ғалым «Әдебиет теориясының» «Әдеби метод – әдеби стиль» тарауында да «Әдебиет танытқыштағы» басты ойларды пайдаланған.

Тек соңғы «Әдебиеттегі методтар – классицизм, романтизм, реализм, социалистік реализм» тарауы ғана соцреализм (советтік заман) талабына сай жазылған. Әдебиеттің тектері мен түрлері эпос – әңгіме, лирика – өлең, драма – қимыл деп алғаны да А.Байтұрсынұлының теориясына сүйенген. Айырмашылығы А.Байтұрсынұлы өлеңді лирика емес, толғау деп атаған.

Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышын» атауға ресми тыйым салынған соцреализм тұсында Қажым Жұмалиев бұл басылымның басты қағидаларын атай алмай, ғылымға осылай енгізуге мәжбүр болды.

[1] Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы: Мектеп, 1964. 5-б.

А.Т.Ойсылбай  филол.ғ.к.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *