Қос тармақты егіз ұйқас

Қос тармақты (егіз ұйқас):

Жазға күз кеп жалғасар-ау, Күзді келіп қар басар-ау.

Бәрінде көр, жан қосағым, Алда – мұнар, алда – сағым.

                                  (Т. Есімжанов)

Егіз ұйқастың алты тармақты шумақта қолданылуы:

Ленинград, тыңда, тыңда, Күш мол ұл мен қыздарыңда. Еңкею жоқ ер салтында, Семсеріңді қайта шыңда. Жеңіс сенен емес жырақ, Баста соны, Ленинград!

                             (Ә. Тәжібаев)

Төрт тармақты өлеңде арагідік қаусырма ұйқас та қолданылады. Осы ұйқасты әдемі өріп келтіруі жағынан Ілиястың «Ауылдың алды» атты өлеңі ерекше назар аударады.

Ауылдың алды айдын көл, Айдын көлде шағала. Айдын көлді жағала –

Айнала қонған қалың ел…

Ақын ұйқастың қазақ поэзиясында сирек кездесетін үлгісін – қаусырма ұйқасты сүйсінерліктей шеберлікпен қолданған. Ұйқастың абба болып өзгеше ретпен келуі өлең шумағында да уыс толқынының түрленіп, басқаша сипат алуына себін тигізген.

7-8 буынды сегіз тармақтан бір шумақ құраған.

Құбақандап бозара, Көтерілді көк жиек.

Нұр сәулесі көк жара,

Берді аспанға таң қылаң.

Сөнді жұлдыз шоқтайын, Түн түндігі түрілді. Шалқып жанған оттайын Атты қырда жазғы таң.

                             (І.Жансүгіров)

Осы шумақты төрт тармақтан екіге бөліп қарасақ, әрқайсысында бірінші, үшінші тармақтар өзара үйлескен де, екінші тармақ ұйқастан тыс қалады. Төртінші тармақ та басқа үш тармақтың ешқайсысымен үйлеспейді, бірақ төртінші тармақ пен сегізінші тармақ үйлеседі. Сегіз тармақты шумақтың бірлік-тұтастығына себепші болып тұрған да бір жағынан екі төрт тар мақты бөлшектердің ұйқас өрнегі ұқсас келетіндігі болса, екінші жағынан, осы төртінші және сегізінші тармақтардың бірімен-бірі ұйқасатындығы.

11 буынды өлеңде ақсақ ұйқасты (ааба) әрі қарай аттамалы ұйқас түрінде (вагада…) жалғастырып әкету, сөйтіп негізгі ұйқасты бір тармақты тастап кетіп, қайталап отыру арқылы ұзақ сақтау тәсілі жиі қолданылады. Абай «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» өлеңдерінде асқан шеберлікпен қолданған.

11 буынды өлшеммен жазылған лирикалық шығармаларда (әсіресе кейінгі кездерде) кезекті ұйқас та қолданылып жүр.

Жайнады Қазақстан жалауы да, Лениннің күн нұрының тармағы боп. Жіберді гүлге бөлеп даланы да,

Байлықтың нелер түрі қаулады кеп.

Немесе:

Бір мен емес, Советтің бар адамы Биік жанды боп өсті, денесі алып. Барар беті белгілі, нық қадамы,

Көш басшысы – партия, жолы жарық.

                                                          (С.Мұқанов)

Кезекті ұйқас қолдану бұл өлшемде өлең ырғағына жеңілдік бере қоймағанымен, ол сөздің интонациясына біраз өзгешелеу сипат қосады. Өлеңді осылай үйлестіргенде шумақтағы соңғы екі тармақпен қатар алғашқы екі тармақты да мағыналық, интонациялық-синтаксистік жағынан біртұтас етіп құру қолайлырақ келеді.

 11 буын ды өлшемді қолданғанда шумақты бес тармақты шумақ үлгісі (ұйқасы – ааббб):

Жолдар, жолдар мені алыс апарыңдар,

Апарыңдар, ұзаққа сапарым бар;

Қаламдаймын әлі мен ұшталмаған, Өткізіңдер шөлдерден құс қонбаған, Сын тақпасын дос түгіл, дұшпан маған. Қайғың болса, тартайын тақсіретін, Ғұмыр болса, көрейін пәк суретін. Пәк суретін ғұмырға кез болайын,

Достар түгел көретін көз болайын, Әйтеуір мен тынымсыз қозғалайын.

                                                (Т.Айбергенов)

Бес тармақты шумақты басқаша үйлестірген:

Айнытпастан таныған ақ-қараны, Осы бір жан өзімдей боп барады.

Неден секем алды екен, сақтанады? Көңіліне көлеңке түсірді ме Көбік езу біреудің даттағаны?

                                                 (М. Мақатаев)

11 буынды өлеңнің соңғы бунағы 3 буынды түрінде де тармақтарды топтастырып шумақтау, үйлестірудің өзгеше мүмкіндіктері бар екенін байқаймыз. Ертеден қалыптасқан қара өлең ұйқасы немесе ақсақ ұйқас деп аталатын үйлесім – ааба өте-мөте көп қолданылып келген. С.Дөнентаев «Өз-өзіме» деген өлеңінде осы ұйқасты аттамалы ұйқас арқылы жалғастырып әкетіп, шығарма аяқталғанша сол бір-ақ ұйқасты қолданады.

Бұл өлшеммен жазылған өлеңдерде біраз ақындар егіз ұйқасты да пайдалана береді.

Жаз айында байқаймысың, ақын-ау, Самайыңа түсіпті ғой ақ қырау… Деп достарым кездескенде тағар сын, Мейлі, мейлі сақал-шашым ағарсын.

Тілегім сол:

– Ағармаса болғаны

Ешқашанда өлеңімнін жолдары.

                                            (Т. Бердияров)

Ұйқасты түрлендіріп пайдалану өлең сөздің синтаксистік құрылыс жүйесін байытып, молықтыра түсуге мүмкіндік береді. Кейде ойды ширата түсіп, сөйлемді ұзақ созып, оншақты тармақтан барып бір-ақ аяқтаған өлеңдерді көреміз. Мысалы:

Жерде, көкте, бар қимылдың бәрінде,

Ракетада, сонау ағаш соқада,

Құмыр құстың жан тербеткен әнінде

Шегірткенің шырылында – о тоба, – Нұр көктемде тасытқан бір қар суын,

Толқындардың түйдегінде жар тепкен, Моп-момақан таяғында малшының,

Сарбаздардың семсерінде жарқ еткен – Бәрінде де, бәрінде де шын өлең, Сұлу шабыт, тұрсың қарап сен үстем.

                                            (Т. Есімжанов)

С.Дөнентаев «Балалық» өлеңінде осы өлшеммен жазылған өлеңдерде бұрын кездеспейтін ұйқас түрін жарасымды қолданады: аааб – вввб болып өріліп, созыла беретін ұйқас кестесін өлеңнің аяғына дейін пайдаланып, әр шумақтың соңғы тармағында бір ұйқасты үнемі қайталап отырған. Мұның өзі әр шумақты біртұтас күрделі сөйлем етіп құруға ұмтылу әрекетіне сәйкес алынғанын көреміз. Соңғы тармақта ұйқастың үнемі өзгермей сақталып отыруы айтылатын ойдың негізгі қазығы деп санауға боларлық «балалық» деген сөздің (осы сөз өлеңнің тақырыбы ретінде алынып отырғаны да көңіл аударарлық) әр шумақта сөйлем соңында қайталанып келетініне және байланысты екенін байқаймыз.

Бес тармақты шумақта аааба және абааб секілді сирек ұйқас түрлері де пайдаланылады. Біріншісіне мысал:

Сусыны жоқ жолаушыдай кезерген,

Сусыным бір қанбай қойды ежелден,

Ол – жүректің шөлдегені, сезем мен; Төрт аяғын тағалатып бурылдың, Бұрқыратып кең өлкемді кезер ме ем?

                                              (М. Мақатаев)

Екіншісіне мысал:

Туған жерді сүйген болсаң, жаяу жүр;

Жарқыным-ау, егер жаяу жүрмесең,

Қалар еді көзден таса анау гүл, Жүзіңді онда өппес еді алау нұр.

Сен солардың қадірін де білмес ең.

                                        (Ә. Абайділданов)

Алты тармақты шумақта әдетте тек қысқа тармақтарда ғана қолданылатын аабввб түріндегі ұйқас та кездеседі. Мысалы:

Мен ғана емес өзі науан уақыттың,

Тұр көтеріп тозбас туын бақыттың,

                       Айтыңдаршы, қартаюға мүмкін бе?!

Кел, жылдарым, менің жарқын жылдарым, Көтер мені, жарқырасын жырларым,

                      Құй кеудеме, қуатынды іркілме!

                                                               (Ә. Тәжібаев)

Қазақ поэзиясында әсіресе 7-8 буынды өлшемдерде бір шумақ көлемінен асып, келесі шумақтарға ұласатын шумақаралық ұйқастар да қолданылып келеді. Мұның бір түрі – бірінші шумақтағы ұйқас келесі шумақтарда да қайталана беретіні. Ал екінші түрі – бірінші шумақта тармақ ұйқассыз сыңар қалып, келесі шумақтардағы сәйкес тармақпен үйлеседі:

            Ылғал тұман шағында,

            Құздардан жауын сырылдап,             Қиядан сорғалауында…

                        Самалшыл, сауқым, сауықшыл,                          Саятшы Сартай не күйде?

Теңіз көшкен дауылда, Асты терең, үсті жел,

Толқын соқты баурында…

                     Балтыры ақ жем балықшы,                      Қайықшы Қалтай не күйде?

Дай-дай даукес ауылда,

Жесір, намыс, тартыстың

Үзілмес ұзын дауында

                     Жаралы жүрек жарымшыл                      Мұңды Күнтай не күйде?

                                                 (І.Жансүгіров)

Алғашқы шумақта-ақ бірінші, үшінші тармақтар өз ара ұйқасады да, одан кейінгі шумақтарда осы үлгі қайталанып қана отырады. Ал соңғы екі тармақтың екеуі де бір шумақ көлемінде үйлессіз қала береді де, басқа шумақтардағы тармақтармен ұйқасады.

Шығарманың басынан аяғына дейін барлық шумақтарында ортақ бір ұйқасты үнемі қайталап отыру үлгісін Сәкеннің «Жазғы түнде» атты өлеңінен көреміз.

Сұлудай айна ап қараған,

Жібектей шашын тараған,

Өзенге біткен қалың тал

Суға төніп телмірер;

Жапырақтары желбірер,

Көлеңкесі суда ойнап,

Өзеннің шетін жапқанда.

Шумақтағы бастапқы екі тармақ, төртінші және бесінші тар мақ қос-қостан өзара үйлеседі, басқа тармақтар үйлессіз қалады. Соңғы тармақ та шумақ көлемінде үйлеске қатыспайды. Оның есесіне өлеңдегі барлық 23 шумақтың соңғы тармағы осы соңғы тармақпен ылғи біркелкі ұйқасып отырады. Осындай ұйқасты қолдану сөйлемдерді синтаксистік-интонациялық құрылысы жағынан шумақтағы жеті тармақ көлемінде біртұтас етіп келтіреді және шумақ пен шумақтың арасындағы жалғастықты күшейтуге себепші.

С.Дөнентаев өлеңді 11 буынды өлшеммен жазғанда осы өлшемге тән ааба болып келетін белгілі қара өлең ұйқасын айтарлықтай тапқырлық, шеберлікпен қолданатын кездері бар. Ақынның «Заман кімдікі» атты өлеңі осы тұрғыдан алғанда айрықша көз тартарлық. Мұндағы ұйқастың басты өзгешелігі ондағы үйлескен сөздер өлеңнің басынан аяғына дейін грамматикалық құрылысы жағынан бір ыңғайлас. Ақын осы алты шумақты өлеңдегі үш-үштен өз ара үйлесетін он сегіз тармақтың бәрінде де үнемі күштінікі – тістінікі – істінікі деген сияқты үшінші жақтық жіктік жалғауы жалғанған сөздерді ұйқасқа алып отырған. Әрі қарай қасқырдікі – тақсырдікі деп жалғаса беретін, көбі шебер қиыстырылған осындай грамматикалық құрылыс-бітімі ұқсас ұйқастар молдығымен де, жиі кездесе бермейтін ерекшелігімен де қызғылықты. Бұл ұйқастар әрине, тек келісті, әдемі өрнек, үйлес-үндестік табу тілегінен ғана туған деп санауға болмайды. Өлеңдегі өзекті ой желісі «Заман кімдікі?» деген сауалға жауап беру негізінде өрбіп отыратын болса, тармақтан-тармаққа ауысқан сайын ұйқастағы тізбектеліп келетін сөздердің күштінікі– тістінікі–істінікі сияқты болып түгелдей негізгі сауалға тікелей жауап беру түрінде алыныуы және мағынасы, құрылыс-бітімі, үндестігі жағынан да үнемі бір-бірімен жалғас келуі айтылатын ойды неғұрлым өткір, әсерлі етіп жеткізу мақсатына қызмет етеді.

Қазақ поэзиясында етістік сөздерді өлең ұйқасына кіргізгенде, молынан тізіп пайдалануға болатынын Абай өлеңдерінен анық байқаймыз. Қазақ совет поэзиясында бұл тәсілді ұстаған ақынның бірі – Ілияс. Ол 1920 жылы жазған «Боранда» атты өлеңінде бірыңғай етістіктерді ұйқастырады (қарпылдап тұр –шартылдап тұр–қарқындап тұ –қалтылдап тұр, т.б.) Осы өлеңнің күрделі ұйқас өрнегінен жас ақынның сөзшең-тапқырлығына қоса қазақ тіліндегі етістік сөздерге тән суреттілікті де анық байқаймыз. Ұйқасты етістік сөздерді ұтымды пайдаланудың үлгісін Ілияс кейінірек «Әнші» секілді туындыларында әсіресе айқын таныта алды.

Абай қазақ поэзиясының өлең өрнектерін дамытып, байытуға зор үлес қосты дегенді үнемі айтып жүрміз. Ұлы ақынның осы салада тындырған еңбегінің көлемі, мән-мағынасы шексіз зор екенін жоғарыда келтірілген әртүрлі мысалдардан-ақ көруге болады. Бұл тұста атап айтатын, есте сақтайтын нәрсе – Абай жаңа өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін орнықтыруда қандай асқан өнерпаздық көрсетсе, бұрыннан белгілі көп тараған өлшемөрнектерді керек жерінде қырнап, өңдеп, түрлендіріп, мейлінше мол пайдалану жағынан да соншалық зор өнегелі іс атқарды. Ол туралы біз осы еңбектің әр жерінде айтып келдік. Бұл жерде біз қазақ поэзиясына Абай тыңнан қосқан өрнектердің басты-бастыларына тоқталып өтпекпіз.

Сырмақ қып астына                                                      Осының бәрімен

Байының тоқымын,    Көңлінде міні жоқ, Отының басына       Жүзінің нәрі мен Төрінің қоқымын     Бойының сыны жоқ.

                  Бүксітіп,             Бүкшиіп,                   Бықсытып,             Сексиіп,

                  Қоқсытып келтірді.                                       Түксиіп өлтірді.

Осындағы 6 буынды тармақтар түгелдей 3 буынды қос бунақтан құралса, қысқа тармақтар 3 буынды болып келген. Бұдан біз осы өлең түрінің қазақ өлеңі құрылысының өзгешелік қалпын берік сақтап, поэзияда орныққан өрнектер негізінде өріліп шыққанын көреміз.

Қысқа тармақтардың ырғағын айқындай түсу үшін Абай бүксітіп – бықсытып – қоңсытып, бүкшиіп – сексиіп – түксиіп де ген сөздерді үйлестіріп, 3 буынды тармақтармен келесі 6 буынды тармақтың бастапқы бунағын да ұйқастырып қойған. Етістіктен жасалған сипаттама сөздер өзінің нақтылы мағынасы, әсерлі суреттілігімен де назар аударады. Өлең ырғағын шығарманың мазмұнына байланысты алып қарасақ, осындағы ұзынырақ (6 буынды) тармақтардың соңында 3 буынды ырғақтың айқын естіліп, оқшауланып шығуы, қайталануы айтылатын ойдың кекесін, сықақ, ажуаға толы мәнін ашып көрсетуге орайлы. «Қор болды жаным» атты өлеңнің де ырғағы, шумағы өзгеше құрылған:

Сайрай бер, тілім,

Сарғайған соң бұл дерттен.

Бүгілді белім,

Жар тайған соң әр серттен.

                     Қамырықты көңіл,

                     Қайтсе болар жеңіл.

Шумақ ішінде 5, 6, 7 буынды тармақтар белгілі ретпен келіп отырады. Бұл оның негізгі ерекшелігі. Ал тармақтарды бөлек алсақ, 5 буындысының өрнегі 3 буын + 2 буын болып келеді. «Сегіз аяқтағы» 5 буынды тармақтар да сондай. Бұл ырғақ мақалдарда кездеседі. 6 буынды тармақтардың өрнегі 4 буын + 2 буын. Бұл да мақалдарда, қысқа өлеңдерде ұшырасады. Ал 7 буынды тармақтар мол тараған (4 буын + 3 буын) өрнектен құрылған. Тек алғашқы шумақтағы бір тармақ қана 3 буын + 4 буын болып келеді.

Абайдың өзгеше ырғағы, шумағы, ұйқасы бар өрнек тудырған тағы бір өлеңі – «Сен мені не етесің?».

Сен мені не етесің?

Мені тастап,       

Өнер бастап,

Жайыңа

Және алдап,

Арбап,

          Өз бетіңмен сен кетесің. 

Heг (е) әуре етесің?

Қосылыспай,

Басылыспай,

Байына

Және жаттан

Бай тап, –

            Өмір бойы қор етесің.

Бұл – қазақ поэзиясында да, Абай жасаған өлең өрнектердің ішінде де оқшау тұрған туынды. Дауыс толқынының еркін құбылып отыруына мейлінше сәйкестендіріліп құрылған осы өлшемнің басты ерекшелігі мұнда ұзынды-қысқалы, көлемі жағынан бірінен-бірі мүлде алшақ тармақтар бір шумақ шеңберіне түйіскен. Шумақ құрылысы бірінен-бірі аумайтын екі бөлшектен тұратын болғандықтан, алғашқысын талдап көру жеткілікті. Мұнда бір 6 буынды, бір 8 буынды тармақ бар екенін көреміз. 4 буынды тармақ – үшеу. Бұларға қоса бірі 3 буын ды және бірі 2 буынды екі тармақ және бар. Әрқайсысы әркелкі осынша тармақтардың бір шумақта қалай жанасып, сиысып, бірігіп тұрғаны таңғаларлық-ақ нәрсе! Осы әртүрлі тармақтардың шашырамай, жымдасып тұруының, шумақтың шұбалаң көрінбей, бас-аяғы жинақы болып, тұтастығы айқын сезілуінің сыры неде?

Шумақтағы ең көлемді тармақтар – екі 6 буынды тармақ пен екі 8 буынды тармақ – құрылысы жағынан сабақтас: соңғы бунақтары 3 буынды. Осы төрт тармақ бірыңғай үйлесіп және бұлардың ұйқасы шумақтағы ұйқастың негізгі желісін құpaп тұр. Шумақтың біртұтастығын арттыруға себі бар. 3 буынды екі тармақтың соңғы бунағы 3 буынды тармақтармен ырғағы жағынан жанасатыны сөзсіз. 4 буынды тармақтар – алтау. Қайталатындықтан қатар тұрғандары өзара ұйқасатындықтан, олардың ырғағы да күшті сезіледі, көлемі, құрылысы өзгеше тармақтармен орайлас келуінде. Ақырында қос буынды екі тармақ та өз орнына тауып қойылған, олар бір-бірімен және кейде алдындағы 4 буынды тармақпен ұйқасады. Бұл өрнекті Абай басқа шығармасында қолданбайды. Осындай құрылысбітімі бөлекше өлең өрнегі өзінің ретті жерінде ғана пайдалануға лайық, сондықтан өте сирек кездеседі.

Абай поэзияға енгізген осы өрнектің сөйлеу интонациясына бейімделіп жасалған қазақ әдебиетіндегі алғашқы үлгінің бірі екенін атап айту керек. Тақпақ өлеңдерде, ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларында осыған негіз боларлық ырғақ-өлшемдер кездескенімен, бұл өлең түрінің сонылығы талас туғызбауға тиіс. Қазақ поэзиясына Абай тыңнан қосқан өлең өрнектерінің ішіндегі ең күрделі және жарасымды жасалғаны «Сегіз аяқ». М.Әуезов Абай поэзиясындағы осы үздік көркем туындыны аса жоғары бағалап, «Сегіз аяқ» – ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі»[1], – деп жазды. Өлең кестесін «бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түр»109 деп сипаттады.

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған,

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

 Тағыны жетіп қайырған,

      Толғауы тоқсан қызыл тіл,        Сөйлеймін десең өзің біл.

Осы шумақта 5 буынды тармақтар мен 8 буынды тар мақтар белгілі ретпен кезектесіп келіп отыратынын көреміз, басқа шумақтарда 8 буынды тармақтың орнына 7 бу ынды тармақ түсуі де ықтимал. Бунақ кестесі 3 буын + 2 буын + 3 буын болып келетін 8 буынды тармақ пен бунақ өрнегі 4 буын + 3 буын болып келетін 7 буынды тармақ жыр өлшемінде де, шумақты өлеңдерде де еркін алмасады. «Сегіз аяқтағы» 7, 8 буынды тармақтардың бунақтық кестесі де дәл осындай. Жырда:

Атаңның /аты/ кім болар?

Анаңның /аты/ кім болар? Айтып кеткін, /қарағым,

Қандай жаман /күн болар.

Мұнда алғашқы екі тармақ 3 буын + 2 буын + 3 буын болып құралса, соңғы екі тармақ 4 буын + 3 буын болып келеді. «Сегіз аяқта»:

Толғауы /тоқсан/ қызыл тіл, Сөйлеймін /десең/ өзің біл.

Немесе:

Бойда қайрат, /ойда көз,

Болмаған соң, /айтпа сөз.

Мұнда да бастапқы екі тармақтың кестесі 3 буын+2 буын + 3 буын  болса, кейінгі екі тармақтың құрылысы 4 буын + 3 буын бо лып келеді.

Енді 7, 8 буынды тармақтардың 5 буынды қысқа тармақтармен алмасса, өлеңнің ырғағы түрлене түседі. Бұл жерде біз екі қысқа тармақтың олардан ұзынырақ бір тармақпен қосылып, үшеуден топтасатынын ескеруіміз керек. Және екі қысқа тармақтың өзара жанасу, жымдасуы өзінен ұзынырақ тармақпен бірігуінде әлдеқайда күштірек болады. Сондықтан шумақтың ырғақтық құрылысы жағынан қарағанда екі қысқа тармақпен бір ұзын тармақ қатарласып (қарсы келіп) теңдесу ыңғайы да сезіледі. Оған қосымша себеп – бұл үш тармақ шумақтың жеке бір бөлшегін құрайтындықтан, соңғы 8 (не 7) буынды тармақтан кейін дауыс толқынында айқын кідіріс (пауза) болады. Сонымен бірге, егер 5 буынды екі тармақтың 8 буынды тар мақпен қосылып келетін кезін алсақ, шумақтың осы бөлшегін ырғақтық ерекшелігі жағынан басқаша қарастырып, түсінудің де реті бар. Айталық:

Алыстан /сермеп/

Жүректен /тербеп/ Шымырлап /бойға/

             Жайылған…

Бұлай қарағанда бірыңғай келген 5 буынды ырғақтардың қатары 3 буынды қысқа тармаққа келіп тынып тұр немесе басқа бір қырынан келсек, 5 буынды тармақты 8 буынды тармақтың соңғы бунағын алып тастап, қысқартқан шолақ түрі деуге де болар еді. Әрине, 8 буынды тармақ та, 7 буынды тармақ та біртұтас өлең жолы, оларды тек шартты түрде болмаса, бөлшектеп қарауға болмайды. Мұндай бөлшектеп қарастыру олардың құрылыс-бітіміндегі бірлік-ұқсастықты, жалғастықты түсініп білу үшін ғана қажет. «Сегіз аяқтың» шумағындағы тармақтарды өзіндік дербестік сипаты бар үш топқа бөлуге болады.

  • Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным,

                 Қаңғыртты, қысты басымды.

  • Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

                Ағызды сығып жасымды.

  • Сүйеніп күлкі, тоқтыққа, Тартыпты өнер жоқтыққа.

 Алғашқы үш тармақ бөлектеніп тұрғанымен, ырғағы дауыс толқынының өзгеру, тынуы жағынан алғанда толық тиянақты емес. Тек осы алғашқы үш тармақтың құрылысын, ретін айнытпай қайталайтын келесі үш тармақтың соңында ғана ырғақ, ин тонация тиянақты болатынын көреміз. Осы екі топтағы үш тармақтан құралған шумақтың екі бөлшегінің арасын ажыратып тұрған да, оларды жақындастырып тұрған да – ырғақтың құрылыс-өрнегінің толық ұқсас болып, бірінбірі түгелдей қайталайтындығы. Соңғы екі тармақтың шумақ өрнегін толықтыру, түрлендіруде мәні ерекше зор. Мұндағы 7 (8) буынды тармақтар алдыңғы екі топтағы соңғы тармақтардың құрылыс өрнегін қайталап, өріліп шығатыны байқалады.

Соңғы екі тармақтың дербестік сипатын синтаксистік құрылысы, мағынасы жағынан бөлектеніп тұрғандығы арттырады. Мұнда көбінесе шумақтағы ойды түйіндеп, қорытындылайтын, нақыл сөз секілді тұжырым пікір айтылып отырады. Мысалы:

Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң айтпа сөз.

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей,

 

Ойнасшы қатын болса қар,

Аңдыған ерде қала ма ар?

Баяғы жартас – бір жартас  Қаңқ етер, түкті байқамас.

 

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым, тап шыным.

Бұлардың мағынасы жағынан дербес, тиянақты екенін олардың көбі мақал, нақыл сөз түрінде кең тарап кеткенінен де айқын байқауға болады. Жалпы алғанда, «Сегіз аяқтың» өте шебер өрнектелген ырғақтық құрылысы терең ойлы лирикалық өлеңге лайықталып жасалған.

Шумақтың ырғағына, дауыс толқынының өзгеру ретіне ұйқас та әбден сәйкес келіп отырады. Ұйқас кестесі – аабввбгг. Шумақта төрт түрлі үйлесім белгілі ретпен араласып келед және үйлестен тыс қалатын бірде-бір тармақ жоқ. Осының өзінен-ақ ақынның ұйқасты шумақ өрнегін ұстартып, жетілдіре түсудегі аса қажет құрал етіп, түрлендіріп пайдалануға қаншалық зор мән бергенін аңғарамыз. Мұндай бір шумақта төрт үйлесім қа тар алынатын өрнек қазақ поэзиясында Абайдан бұрын болған емес. Ұйқастың әртүрлі келіп, сан жағынан көп болуын айтумен ғана бітпейді. Олардың шумақтағы кезектесу реті ұтымды екенін ерекше атап кету де қажет.

Қатар келетін қысқа тармақтар егіз ұйқаспен үйлеседі, бірақ қысқа тармақтардың егіз ұйқасы шумақтың алғашқы бөлшегінде бір түрлі де, екінші бөлшегінде екінші түрлі. Үш тармақты екі бөлшекті жанастырып, біріктіруде соңғы тармақтардың үйлесуі де жеткілікті.

Қысқа тармақтардағы егіз ұйқастың екінші рет қайталанбауы ырғақ, интонацияны барынша оралымды, икемді етуден туған. Соңғы екі тармақтың да үйлесі – егіз ұйқас, ұзын тармақтардың ұйқасы әр шумақта әртүрлі болғандықтан әсерлі шығады.

Ұйқас туралы айтқанда, оның үнділігі, сапалық жағы ескерілуі керек. «Сегіз аяқта» қысқа тармақтарда үнемі 2 буынды ұйқас, ұзын тармақтарда көбінесе 3 буынды ұйқас қолданылады. Демек өлең ұйқасы тармақтағы соңғы бунақты түгелдей қамти алатын болса, ақын осы мүмкіншілікті неғұрлым толық пайдалануға ұмтылған. «Сегіз аяқтың» өлең ырғағы, шумағы, ұйқасы өлеңнің мазмұнына, ондағы ой-сезім өзгешелігіне мейлінше сәйкес. Өлең ырғағының әуезділігі, оралымдылығы, өзгеріп, түрленіп отыруға бейімділігі көркем түрді мазмұн байлығына, ой тереңдігіне үйлестіре білу шеберлігінен туған. «Сегіз аяққа» тән жарасымдылық, асқан көркемдік зор ақындық қуатты, асқан шеберлікті танытады.

Абай поэзиямызға тыңнан қосқан «Сегіз аяқ» секілді өлең өлшемдерінен біз ақынның қазақ өлең құрылысының өзгешеліктерін, сипат-ерекшеліктерін терең түсінгенін көреміз. Абай халық тілінің ырғақ-интонациялық байлығын жақсы сезінді, ең ұтымды ырғақтық өрнектерді талғап, екшеп алып, жаңа ұтымды өлшеулер туғызды. Қазақ тілінің үнділік, әуезділік сипаттарын толығынан ашып бере білді. «Сегіз аяқ» өлшемімен Абай бір-ақ өлең жазса да, осы өлеңнің кестесі қазақ поэзиясында берік орнықты. Біраз ақындар «Сегіз аяқ» өлшемін қолданды, бірақ осы күрделі, қиыннан қиыстырылып жасалған өлең өрнегіне сай көркемдік қуаттылық танытқан адам некен-саяқ. Дегенмен, бұл өлең өлшемінің поэзияда өзіне тиісті орнын алып келеді.

[1] Әуезов М. Абай Құнанбаев. Алматы, 1967. 136-б. 109 Бұл да сонда, 137-б.

З.АХМЕТОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *