Түйдек (тирада) – өлең жолдарын топтаудың байырғы түрі, эпостық поэзияда оның шумақтан бұрын орныққан. Жырда тармақтар әдетте белгілі мөлшерде топтаспайды, тармақтар шумаққа бөлінбей, түйдектүйдегімен түсіп отырады. Мысалы:
Базарбайдың Төлеген
Қаршығадай ақынның
Бұл сөзін мақұл көреді.
Алдырып атын мінеді, Қаршығаменен ілесіп,
Шаңқай түсте аулына, Шатырдан шыға жөнеді.
Алты шекті елінде,
Қаршығаға сенеді,
Сырлыбайдың алты ұлы, Алтауы бірдей бөрі еді.
Ең кенжесі Жиенбай,
Сол жылы түскен отауы, Сонда келіп енеді. Басшы болған Қаршыға, Кереметін көргізді. Төлегенді атымен
Шаңқай түсте ауылға
Іркілместен жүргізді
Жиенбай мырза үйіне, Шаңқай түсте отауға, Ертіп келіп кіргізді.
(«Қыз Жібек»)
Үзіндінің екі түйдектен тұратынын әрқайсысының өзінше бөлек ұйқасы бар, біріншісінде 14 тармақ, екіншісінде 8 тармақ бар. Түйдек көбінше шумақтан әлдеқайда көлемдірек, ұзағырақ болады, бірақ бұл орынсыз көш-құлаштық, шұбалаңқылық, әйтеуір созбалай беру емес. Түйдектеліп келетін жырды ешбір тиянағы жоқ, сырғанай беретін өлең түрі деуге болмайды. Жыр түйдегін суырып салып айтатын ақынның нақыл сөз үлгісімен әр жайдан қозғап, теріп, төгілтіп айтатын шешендігіне сәйкес ерекшелік деп қарауымыз керек. Түйдек қырғыз халқының эпостық жырында («Манас») мол орын тепкен. Түйдектің қазақ поэзиясында ертерек заманда қалыптасқан байырғы түрін Бұқар жырау жырларында жиі кездестіреміз:
Айналасын жер тұтқан Айды батпас демеңіз. Айнала ішсе таусылмас Көл суалмас демеңіз. Құрсағы құшақ байлардан Дәулет таймас демеңіз. Жарлыны жарлы демеңіз. Жарлы байға тең келіп, Жайлауға жарыса көшпес демеңіз. |
|
Жалғызды жалғыз демеңіз. Жалғыз көпке теңеліп, Бір жапанда соғысып, Кегін алмас демеңіз Құландар ойнар қу тақыр Қурай бітпес демеңіз. Қурай бітпес құба жон Құлан жортпас демеңіз. Құрсағы жуан боз бие Құлын салмас демеңіз. |
Жыр түйдегінің осы композициялық құрылысы өмірде әртүрлі өзгеріс болуы мүмкін, бір қалыпта тұрмақ жоқ деген философиялық ойды қатар-қатар келіп жатқан көп мысалмен, нақтылы жайлармен дәлелдеп көрсету мақсатына сәйкес туып отыр. Сөйлем құрылысындағы біркелкілік, ұқсастық (синтаксистік парал лелизм) және осының ұйқас құрауға әсері күштілігі, ұйқаста үнемі бір сөздің (демеңіз) қайталанып отыруы – суырыпсалма ақындардың терме, толғау, жырларына айрықша хас ерекшеліктер.
Жырда ой желісіне қазық, арқау боларлық пікірлерді ұтымды өрістетіп, ұзағырақ сақтауға ұмтылу жиі кездеседі де, осыған орай ой-пікірлерді айтып жеткізуде тіл, сөз құралдарын тізбектеп, айшықты қолдану байқалады. Құйылып отыратын суырыпсалма жыр ағысының еркіндігін сақтауға, айтылатын ойды керегінше өрістетіп әкетуге мөлшерлі шегі бар шумақтан гөрі түйдек ыңғайлырақ. Түйдектің ерекшелігі және артықшылығы – онда жекежеке ойлардың кеңінен өрістеп, шарықтауына сәйкес көптеген тармақтарды мағынасы, айтылудағы дауыс толқыны, синтаксистік құрылысының бірлестік-тұтастығы, ұйқасы жағынан біріктіріп, топтастыруға болады. Кейде тіпті тізбек-тізбегімен алып, әрқайсысы бір тиянақты ойды жеткізетін бірнеше бөлек-бөлек тармақтар тобын да құрылысы біркелкі келуі, жеке өлең жолдарының, сөздердің және ұйқастың неше дүркін қайталануы арқылы біріктіріп-тұтастыруға да мүмкіншілік туады.
Бес жасыңда, Қарт Қожақ,
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шиден оқ аттың.
Атқан оғың жоғалттың, Кәне, шыққан мүйізің?!
Жиырма беске келгенде
Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүріліп,
Қарт бурадай шамданып,
Қас батырдай қамданып, Дұшпандарың сөз айтса, Шыныменен арланып…
Кәне, шыққан мүйізің?!
Отыз беске келгенде,
Қоңыраулы найза қолға алдың,
Қоңыр салқын төске алдың,
Жауды көрсең шүйілдің,
Жеңсіз берен киіндің,
Көксерке атты борбайлап,
Қамалды бұздың айғайлап, Кәне, шыққан мүйізің?!
Қырық беске келгенде,
Қырым деген шаһардың
Жел жағына панасың,
Ық жағына қаласың
Қырдан қиқу төгілсе,
Он жасыңа келгенде
Қызыл-жасыл киініп,
Қызбалықты көрініп, Бала болдың бір кезде, Кәне, шыққан мүйізің?!
Еділге таман үңілсе, Мың кісіге бір өзің
Шошынбай жалғыз барасың! Кәне, шыққан мүйізің?!
Елу беске келгенде,
Топқа бардың бой түзеп,
Сөз сөйледің тіл безеп, Билік құрдың бір кезек Кәне, шыққан мүйізің?!
Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырдың Бәрі бірдей суалып,
Алайын деп тұрмысың, Мені көріп қуанып?
Өлтірсең де тимеймін.
Текке берсең сүймеймін,
Бұрын батыр болсаң да, Сенің басың бұл күнде Жерде жатқан қу тезек.
(«Ер Тарғын»)
Бірнеше топ тармақтардан құралған бұл күрделі, ұзақ жыр түйдегі кесек бір ойды сатылап дамытып, тарау-тарау ғып айтудың үлгісі. Әр бөлек сөйлемдер тобының соңында, ой желісінің түйінді-түйінді жерінде белгілі бір сөздер (Кәне, шыққан мүйізің?!) қайталанып отырады. Мұндағы әр тұста бір оралып отыратын желілі ұйқас осыған байланысты туған.
«Ереуіл атқа ер салмай» жырында, ойды ширата түсетін өлеңнің синтаксистік құрылысындағы ерекшелік, дәлірек айтсақ, сөйлем ішіндегі сөздердің әдеттегі кезектесу ретінің өзгеруі (инверсия), қатарласып, иін тірескен көп ұйқастардың грамматикалық тұлғабітімі жағынан бір ыңғайлас келуі. Өлеңдегі сөйлем құру қалпы «Ерлердің ісі ереулі атқа ер салмай, еңку-еңку жер шалмай… бітер ме?!» деген үлгіде келсе керек еді. Жыр басталғанда бірден құрылысы жағынан бірыңғай бағыныңқы сөйлемдер тізбектеліп кете береді және әр осындай сөйлем үнемі дерлік бір тармақ болып келеді де, ол тармақтардың ұйқасы ылғи етістіктен, оның ішінде көсемшенің болымсыз түрінен жасалады (салмай – алмай – шалмай – алмай – шірімей – ерімей). Сөйтіп, ерліктің шарттары алдымен тізіліп, шығарманың өн бойына созылып, ұзақ айтылады. Мұның қандай сауалдың жауабы, ненің шарты екені тек соңғы тармақта ғана, құрмалас сөйлем біткенде ғана айқындалады, оған дейін ой түйіні шешілмей, мазмұн-мағына тиянақталмайды. Осындағы түр, өлең ерекшеліктері ойды ұшқырлап, ұтымды жеткізу, тартымды, қызықты етіп айтып беру мақсатынан туған.
Жыр түйдегінде сөйлемдердің қатарласып, шоғырлана, тұлғасы жағынан бірыңғайлас болып келуі мағынасы ұқсас, жалғас, құрылысы бір тектес теңеу, эпитет, метафора, символ және басқа бейнелі сөздерді молынан тізіп қолдануға қолайлы екенін атап көрсеткен жөн. Бұл поэзиялық шығарманың сөз кестесі мен өлең өрнегінде, сөйлемдердің интонациялық-синтаксистік құрылысында өзара жалғастық болатынына айқын дәлел бола алады. Жыр ұйқасы шұбыртпалы ұйқас деп аталып келеді, бірақ бұл атау жырдағы ұйқастың өзгешелігін дәл көрсете алмайды. Мұндағы ұйқасты желілі болмаса өзекті ұйқас деуге болады. Өлең тармақтарының үйлесімін туғызудың бұл тәсілі негізгі, басты ұйқасқа жанама ұйқастарды қосарлап отыру арқылы жасалады. Желілі ұйқас тармақтардың соңындағы дыбыс үйлестігін туғызатын жыр түйдегінің қазығы секілді. Ол көп қайталанып, жыр түйдегі аяқталғанша созылып отырады.
Қыз Назым шықты бұраңдап,
Он сегіз толған жасына Кәмшат бөрік келісіп, Бриллиант қойды басына. Қара мен төре қайғырды, Болса деп бізбен ашына.
Қазақ пен қалмақ қанша жан, Хабарланды сұлудан Дабысы жұртқа шашыла.
Жолбарыстай алты ұлдың
Айбатынан сескеніп,
Келе алмады еш пенде Әзімбайдың қасына.
Даусы құстай түрленіп,
Қоңыраудай алтын күңіреніп, Ертелі-кеш серуенге Шығады майлап шашын да.
Жәннаттен шыққан хорлардай,
Форымына қарасаң,
Қызықпастай қай адам, Ол Назымның нашына.
Сүйегі асыл дүр еді,
Құдайдың өзі біледі, Он төртінші айдай боп Түседі кімнің қасына?!
(«Ер Тарғын»)
Түйдекте бірыңғай бір ұйқас қана қайталана бермейді, түйдекке қазық болған негізгі ұйқасты толықтырып отыратын қосымша ұйқастар болады: қанша жан – сұлудан, түрленіп – күңіреніп, қарасаң – қай адам, дүр еді – біледі. Қатар тармақтардың өз ара үйлесін туғызатын қосымша, жанама ұйқастар арасына түскенде, негізгі, желілі ұйқас бірнеше тармақты орап, айналып келіп, үсті-үстіне қайталанып отырады. Желілі ұйқас бұлай бірнеше жолды аттап өтіп, қайта оралғанда, ой желісінің түйінді-түйінді жеріне, дауыс толқынының тынып, сөйлемнің тиянақталған жеріне келіп түседі. Жырда негізгі, желілі ұйқастың үнемі қайталанып, ұзақ сақталуы көбіне-көп сөйлемдердің бір тек тес құрылып, тармақтың соңындағы ұйқасқа кіретін сөздердің грамматикалық тұлғасы жағынан ұқсас болуымен сабақтас келеді.
Жыр ұйқасының ең көп қолданылатын басты түрі – қосымша, жанама ұйқастардың желілі ұйқасқа қосарланып, өріліп отыруы. Бұл ұйқасты шұбыртпалы жырдың табиғатын танытатын қазақ өлеңінің елеулі бір өзгешелігі деуге болады. Жырда түйдектің басынан аяғына дейін басқа ұйқас араластырмай, бір ғана ұйқасты қолдану әдісі де жиі кездеседі. Бірыңғай ұйқасатын өлең жолдарының әрқайсысында бір жол үнемі үйлессіз қалып, келесі жол үйлесіп отырады. Жыр ұйқасына ерекше тән нәрсе – тармақтың соңында бір сөзді ұзақ қайталап отыру. Бұл ұйқасқа белгілі дәрежеде біркелкілік сипат береді. Мысалы, Ақжүністің толғауындағы шашым көр – басым көр деп тізбектеле беретін ұйқасты алалық. Мұндағы ұйқас әрине, жалаң бір сөздің ғана (көр) қайталануы арқылы жасалып тұрған жоқ. Бұған кейде алдыңғы сөздердің де ұйқасуы (шашым – басым – қасым, қолым – жоным, етім – бетім) қосылады. Оның үстіне ұйқас синтаксистік параллелизм, сөздердің грамматикалық құрылысындағы ұқсастық (мұрным көр – көзім көр – тісім көр) арқылы да күшейе түседі. Осы айтылған жайларды Махамбеттің мына өлеңінен де көруге болады.
Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн.
Бура атанға шөккен күн. Бұлықсып жүрген ерлерден, Бұрынғы бақыт тайған күн. Қатарланған қара нар Арқанын қиып алған күн. Алма мойын аруды
Ат көтіне салған күн…
Жыр ұйқасындағы сөздер үндестігі жағынан бір-бірімен түгелдей айтарлықтай жақын болмаса да, олардың синтаксистік, грамматикалық құрылысының бірлігі және көптеген үйлес тармақтардың шоғырланып келуі ұйқасты күшейтіп, оған біркелкілік сипат береді. Мысалы, Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайын» алсақ, ұйқас сөздері жұбын жазбай қатарласып, сыңғырлап, құйылып тұрған осы жырда бірімен-бірі үйлес емес тармақтар кемде-кем-ақ. Тармақтардың жаппай, түгелдей ұйқасқа кіретіні және, жоғарыда айтылғандай, үйлескен сөздердің грамматикалық тұлғасының біркелкілігі, олардың үндестігін арттырады.
Жырда әр жерде егіз ұйқасы бар тармақтар ааба, абвб түрінде үйлесетін төрт тармақты шумақтар, т.б. қысқа-қысқа шумақ, ұйқас түрлері кездеседі. «Кейде жырда егіз ұйқастар кездесетіні немесе бірнеше ұйқастың бір-бірімен шебер қиюласатыны болады»[1], – деп В.В.Радлов орынды айтқан.
Мысал үшін «Алпамыс» жырынан үзінді алалық:
Жамандатқыр, не көрдің?
Қара атым, менің не көрдің?
Күн көрінген жүзіңнен,
Айналсын ағаң көзіңнен, Жаным пида өзіңнен,
Не көрдің, қара ат, не көрдің? Жортайын дедім, тебіндің, Болды ма кемі жеміңнің?
Қамшы ұрмай кейін шегіндің?
Не көрдің, қара ат, не көрдің?..
Мұнда алғашқы екі жолда қайталанған ұйқас онан әрі үш тармақтан кейін тағы да қайталана береді. Қатар келген үш тармақ бірыңғай өз ара үйлесіп отырады. Сонымен, егіз ұйқасы бар бастапқы жолдарға соңғы жолдары бірыңғай үйлесетін төрт тармақты шумақтар келіп жалғасады. Үнемі қайталанып отыратын негізгі ұйқас ой жүйесінің бірлігінен, бір өлең жолының бірнеше рет қайталануынан туатындықтан, жыр түйдегі жеке шумақтарға бөлініп қалмай, өзінің тұтастық қалпын сақтайды.
Жыр өлшемі тілі туыстас елдердің поэзиясында әсіресе, қырғыз халқының сөз өнерінде үлкен орын алады. Осыны дәлелдеу үшін «Манас» жырын атасақ та жеткілікті. Осы жырды алғаш ғылым әлеміне әйгілеген Шоқан оның тіл, көркемдік сипатына тән бірқатар ерекшеліктерді көрсете келіп, жырдың өзіндік белгілі ырғағы, өлшемі, ұйқасы барын, ондағы дыбыс үндестігінің орасан бай екенін айтады. Бұған ол жыр тармақтарының соңындағы ұйқаспен бірге бірнеше қатарлас тармақтың бастапқы буындары да үнемі үйлесіп, үндес болып келетінін сөйтіп, аяққы ұйқасқа тармақтың басындағы дыбыс үндестігі–аллитерация қосарланатынын дәлел етеді. Осы өзгешелікті кейін Мұхтар Әуезов те атап көрсеткен болатын[2].
Ақ асаба, қызыл туу, Аяғын жерге сайбасам. Асабасын жайбасам, Атым өчуп қалбай бы, Атамдан қалған Ала-Тоо Алтайдан қалбай албасам! Алтымыш уруу журтумдун |
Азғаны болса, жыяйын. Арбак үрган калмакка Азапты миңдай қылайын. Ала-Тоо мен Алайдыр, Аркы жағы Самаркан, Ата конуш анда әкен, Абалтан журтум сабаган. |
Тармақтың басындағы осы секілді дыбыс үндестігі ұшан теңіз ұзақ жырда үнемі, бастан аяқ қолданылып отырады, сондықтан мұның өзін тармақтағы аяққы ұйқас толық қалыптасып жетілмеген дәуірден қалған дәстүр деп санаймыз. Қазақтың эпостық жырында дыбыс үндестігі тармақтың басында да, ортасында да кездесе береді. «Манастағыдай» жүйелі түрде, үнемі қолданылмай, халық ақындарының жыр-толғаулары мен термелерінде әр жерде ұшырасып отыра ды, бірақ осының өзі-ақ өлең сөздің үнділігін, әуезділігін арттыруға үлкен әсерін тигізетіні талассыз.
Арнау деген аз қала, Алпыс атын бақтырған.
Аға-інісін жақтырған,
Ақ себеннің баласы,
Ақ аюды жуыттың, Атын алған мен едім.
Сол сапардан қайтқанда,
Балта кестім тал үшін,
Талды кестім сал үшін, Айналасы алты айшылық Еділге Ат тарланды талай-талай салғанмын.
Көктен бұлыт су келсе,
Кептеп болмас – не пайда?! Көкте жұлдыз сырылса, Септеп болмас – не пайда? Көлденең тұрған тұлпарым, Шабысың маған не пайда?! Алты жаста ақтаттым,
Алшақтаттым ойнаттым,
Арпа, бидай асаттым,
Жеті жасқа келгенде,
Жер дүңкілдей желгенде, Дұспан көзі қорықты.
(«Ер Тарғын»)
Қазақ поэзиясында 11 буынды өлең өлшемі ежелден орнығып, аса кең тараған, халықтық ән-өлеңдерде айтыстарда, дастандарда, лирикалық өлеңдердің көпшілігінде қолданылған. Қазақ поэзиясындағы ең көп тараған өлең түрлері деп негізінен жыр өлшемін, 7, 7-8 буынды өлшемдерді және осы 11 буынды өлшемді айтуымыз керек. 11 буынды өлшемнің бір өзгешелігі – оның тармақтары буын саны жағынан ылғи тең болады. 11 буынды болғанымен, тармақтардың ырғағы ауыр емес, ширақ. Әр тармақ бунаққа бөлінгенде, олардың екеуі 4 буынды, біреуі 3 буынды болады да, мұның өзі ырғақты түрлендіріп, ширата түседі.
11 буынды өлең тармақтарының құрылысы да, ұйқас, шумақ өрнегі де түгелдей жарастық, сәйкестікті, келісті үндестік, берік тұтастықты танытады. Осының бәрі сөздің әсем лебізділігі мен әуезділігін арттырып, дауыс толқынын еркін, үздіксіз өзгертіп отыруға, ырғақтың оралымды, байсалды, тиянақты болуына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде ол мейлінше икемді, кең тынысты өлең өлшемі болып шыққан. Бұл өлең түрі – поэзиядағы өлшемділік, өрнектіліктің кемеліне кел ген, әбден шыңдалып, жетілген тамаша үлгісі. Қазақ өлең тілінің сан қилы ырғақинтонациялық сипат-қасиеттерін өз бойына жиған, ауқымы аса кең осы өлең өрнегі шексіз мол тарап, тіпті барлық поэзия туындыларының екеуінің бірінде дерлік қолданылатыны жайдан-жай бола қалған жоқ.
11 буынды өлшемді қазақтың әдебиет нұсқаларын жинап, зерттеген орыс ғалымдарының «кемеліне келген, айрықша үнділік, әуенділік сипаты бар, ырғағы жеңіл»[3] деп аса жоғары бағалауы назар аударарлық.
11 буынды өлеңде тармақтың басқы бірі – 3, бірі – 4 буынды екі бунағы еркін алмасып, орны ауысып отырады. Ал осының барлық тармағының буын саны тең өлшемде ырғақты түрлендіріп, жеңілдете түсу, оралымдылығын арттыру жағынан алғанда әсіресе зор мәні бар екенін және атап айту қажет.
Шоқан Уәлиханов 11 буынды өлшем қолданылатын поэ зия нұсқаларын өлең деп, оны жырдан бөлек алып қараған. Жырдың ішінде жоқтауды жекелеп сипаттағаны секілді, өлеңнің ішінде айтыстың бір түрі деп қайым өлеңді, шумақ өрнегінде, ұйқасында өзгешелік бар деп қара өлеңді бөліп алады. 11 буынды өлшеммен шығарылған халықтық дастандардан Шоқан «Қозы Көрпеш–Баян сұлуды» атайды. Осы жырдың Жанақ ақынның аузынан өзі жазып алған нұсқасының бастапқы шумағын келтіре отырып, ол қазақ өлеңінің құрылысы араб поэзиясындағы өлең өлшемінен мүлде басқаша, бөлекше келетінін айқындап ашып берген.
11 буынды өлеңде төрт тармақты шумақ қолданылғанда ең жиі кездесетін дауыс толқынының-интонацияның өзгеру қалпы мынадай болып келеді. Бірінші тармақтың әсіресе, екінші тармақтың соңында дауыс толқынының тиянақтылығы айқын сезіледі. Үшінші тармақ аяқталғанда дауыс біраз көтеріліп тынып, дауыс толқыны мүлде аяқталмай, іркіліп қана тоқтайды да, төртінші тармақ біткенде ғана барып біржола тынады. Мұндағы тиянақтылық ерекше күшті болады.
Қара өлең түріндегі төрт тармақты жеке шумақтарда алғашқы екі жолдың негізгі айтылатын ойға кейде тікелей байланысты болмайды. Алдымен мұның өзі өлең шығарудың көне түрі әрі көбіне әнмен айтылатын өлеңдерде кездеседі. Әнге салып айтқанда бұл пәлендей ойсырап тұрған кемшілік болып саналмайды. Онан соң мұндай ұйқас үшін, шумақ құруға дәнекер үшін алынатын жеке жолдар әдетте ауыл арасында, ойын-тойда айтысатын талапкер жастардың өлең-жырларында кездеседі, ал шынайы жүйрік ақындарға тән нәрсе емес. Басқы екі тармақ негізгі оймен тіке байланысты болмағанымен, олардың арасында қалайда бір әсер жалғастығы секілді жуықтық болуы да ықтимал. Мысалы:
Қолымда бір қамшым бар мойнақтаған, Бәйгеден бір ат келеді ойнақтаған. Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Көзіңнен айналайын жайнақтаған.
Сырт қарағанда осындағы алғашқы екі жолдың негізгі ойға ешбір қатысы жоқ сықылды, бірақ екінші тармақ жайлы осылай десек те, бірінші тармақ туралы мұны айту дұрыс емес. Жігіттің басқа ауылдан келіп, көптен көре алмай сағынған қызын кездестіріп тұрғанын еске алсақ, оның атпен келгені, қолында қамшысы бары тектен-тек айтылмағаны байқалады. Жігіттің атпен жүргенін, қамшысының сәнді, әшекейлі екенін өлеңге қосуы қисынсыз деуге болмайды. Өлеңнің екінші шумағы да осылай басталады.
Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі, Бір сөз айттым құрбыға күлдіргелі. Орныңнан әрі отырған бермен отыр, Қолымда қармағым жоқ ілдіргелі.
Мұнда да жігіт алдымен өзін айтып, сонан кейін сүйген қызын айтады. Соңғы бунағы 3 буыннан келетін 11 буынды өлшем қазақ поэзиясында кейінгі жылдарда кең қанат жайып келеді. Бұл өлшемнің артықша бір қасиеті өңдеп, түрлендіруге, өлең тармағын әр қилы өрнектеп, көлемі басқаша тармақтармен араластыруға қолайлы.
Осындай 11 буынды тармақтарды құрылысы бір тектес басқа тармақпен араластырып қолдануға ақындар қазір де үлкен мән беретіні байқалады. Ж.Нәжімеденовтің «Шегініс» деген өлеңінде 11 буынды тармақтар 7 кейде 8 буын ды (4 буын + 4 буын) тармақтармен еркін араласып келе береді.
Сегіз жаста колхозшы боп, Күннен бұрын ояндық.
Он сегізде әке болдық қой бағар,
Жиырма бесте он жылдықты бітірдік, Институтқа енді түсу ойда бар. Біз осындай адамдармыз ағайын, Отыздамыз дәл бүгін.
Бірге ауырды жанымыз
Доктор қазып шығарса,
Денелерден бомбалардың қалдығын.
«Стамбул түндері» атты өлеңдегі шумақ өрнегі мынадай:
Айтылды азан, кешкі намаз басталды, Еңкейтті ауыр, ақ сәлделер бастарды.
Қол кеудеде, бет құбылада,
Тіл – ағузы, бісмеллада,
Күндіз жұққан күнәлардың
Алла атымен жуып бәрін,
Жарық көздер жасаурады, жұмылды, Түрік қаумы сәждәсіне жығылды.
(Ә.Тәжібаев)
Шумақтың басындағы және аяқ жағындағы тармақтар 11 буынды да (4 буынды + 4 буын + 3 буын), орта тұсындағы тар мақтар 8 буынды (4 буын + 4 буын). Әр қос тармақ егіз ұйқаспен өз ара үйлескен. Осы екі тармақ ақынның басқа бір өлеңінде тағы да өзгеше қалыпта кезектесіп отырады:
Граниттен құйып тасын,
Жылтылдата мұнарасын,
Көтердік біз Ленин шыңын биікке.
Жарқырайды күн төбеден,
Бұлт аса алмай, шөкті төмен,
Жатыр теңіз шыдай алмай күйікке.
11 буынды тармақтың соңғы бунағы 4 буынды қалыпты түрін кейде бір өлеңде 4 буынды немесе 7-8 буынды тармақпен кезектестіріп қолданады:
Сырласайық,
Қызғалдақты иіскеп, бір жасайық.
Қыр басайық,
Әмсе бұлай мамырдың тұрмас айы.
Мұңдасайық,
Қос көңілдің пернесін бір басайық.
(М.Мақатаев)
Жолдар көп қой, жолдар көп,
Жорттым мен бұраңмен де, түзумен де. Шалқисың, шіркін, қапы жоқ, Шарқ ұрып көкте, суда жүзігенде.
(Д.Әбілев)
Ф.Оңғарсынова бір өлеңінде 11 буынды тармақтар мен 7 буынды тармақтарды қатар келтірген.
Ақ боз атты жолаушы,
Біздің үйдің жанында қырындады,
Көрмеген боп, көрсем де үңілмедім. Маған қарап жеңешем жымыңдады. Қызарып күлімдедім.
Алғашқы тармақ (7 буынды = 4 буын + 3 буын) ұйқастан тыс қалады, сондықтан ұзынырақ тармақпен көбірек жалғасып, біріккендей сезіледі. Онан кейінгі үш тармақ бірыңғай 11 буынды өлең ырғағына тірек болып тұрған осылар. Соңғы тармақ 7 (3 буын + 4 буын). Алдындағы тармақпен екеуінің ұйқастары екі бөлек болғандықтан және соңғысы келте қайрылатындықтан бұл қысқа тармақ оқшауланып естіледі. Сөйтіп, өлең ырғағы қысқа тармақтан ұзын тармаққа ауысу, одан шумақтың аяғында қайтадан ұзын тармақтардың қысқа тармақпен алмасуы арқылы өзгеріп отырады.
13 буынды тармақтарға 8 және кейде 18 буынды тармақтарды қосып отырған. Оларды шумақ ішінде белгілі ретпен кезектестіріп, келісті өрнек жасай алған.
Сен үшін сонау алыстардағы елес ем, Осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді сезуші едің ғой» демесең, Мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана, Асқақтау басып, бақытты болдым.
«Сонда да
Жан жүрегіңді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой» демесең, Мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен, Сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,
«Бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой» демесең, Мен саған ғашық емес ем.
(Ф.Оңғарсынова)
Алғашқы екі шумақтың ырғақтық құрылысы бірдей: бастапқы екі тармақ 13 буынды, үшінші тармақ 18 буынды, төртіншісі – 8 буынды. Соңғы шумақтың олардан бір ғана айырмасы бар, оның екінші тармағы 13 емес, 8 буынды. Өлеңде тармақтар 5 буыннан (кейде 3 буын + 2 буын) және 3 буыннан бунақталған.
Қазақ поэзиясында қазіргі заманда 11, 7-8, 7, 6 буынды өлшемдермен қатар 9, 10, 13 буынды өлшемдер де, бұрыннан белгілі өлең түрлері кейде басқаша өрнектеліп, ырғағы өзгертіліп те қолданылады. Мысалы:
10 буынды өлшем (өрнегі 3 буын + 2 буын + 3 буын + 2 буын):
Өңімде ме еді, түсімде ме еді, Көріп ем ғой бір армандай қызды. Бір нәзік сәуле күлімдеп еді, Сұрапыл соғыс соқты да, бұзды.
(Қ. Аманжолов)
10 буынды өлшемнің өрнегі (3 буын + 3 буын + 4 буын):
Халқымның жастық шақ көктеміндей, Ел көркі алқызыл еккен гүлдей. Жас жігер, жас ойды құлшындырған Комсомол – ерліктің мектебіндей.
(М.Әлімбаев)
13 буынды өлшем өрнегі (3 буын + 3 буын + 2 буын + 3 буын + 2 буын + 3 буын):
Сондықтан таңда басыма ой кеп әр түрлі, Сүйемін күліп, сонау бір оттай шалқуды. Жүргендей болам ішінде аппақ боранның, Боранға қарсы қамшылап қойып атымды.
(Т. Молдағалиев)
Маяковский … Өлеңнің асқақ өркеші…
Металдай даусын көтерген әзер жер төсі. Орыстың жері ұлы ғой, рас, бауырым, Орыстың жері – классиктердің өлкесі.
(Т. Есімжанов)
9 буынды өлшем (3 буыннан бунақталған):
Алысқа созылған жол еді, Жол бойы сыңсыған ел еді. Қызыл күн сәскеден нұр шашып, Қарсыдан жай ескен жел еді.
(Сәкен)
7-8, 8 буынды өлеңдерде сирек кездесетін үйлесім үлгілері де аз емес.
Мысалы: Төрт тармақты шумақ (ұйқасы аабв-ггдв):
8 буынды өлеңнің тармағы (2 буын + 3 буын + 3 буын):
Достар көп едік, сансыз ек, Жастар қайғыдан қамсыз ек. Өтті от күндер қаһарлы, Кетті кетік қып қатарды.
Дейік: «Өткенге салауат, Болсын тірілер саламат».
Күндер келеді-ау ғажайып, Достар барады-ау азайып.
(М.Әлімбаев)
7-8 буынды, сондай-ақ 6 буынды өлеңдерде ең жиі кездесетін үйлесім – кезекті ұйқас абаб (мұны айқас ұ йқ а с деп те атайды). Мысалы:
Менсінбеуші ем наданды Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек ем заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып |
|
Қызарып сұрланып, Лүпілдеп жүрегі. Өзгеден ұрланып, Өзді-өзі керегі. (Абай) |
Бұл өлшемдерде ааба түріндегі ақсақ ұйқас та көп қолданылады. Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы» өлеңдерінде бар.
Қазақ поэзиясында, әсіресе 7-8 буынды өлеңдерде аттамалы ұйқаста қолданылады. Қысқа тармақтар осылай аттап ұйқасып, тек жұп сандылары ғана үйлессе де өлеңнің үндестігі кемімейді. Мысалы:
Солқылдата соғылсын Ол жаққа тағы қараймын, Бесжылдықтың балғасы. Қолға алам да картаны. Арқырасын асаудай Шығыста туған елім бар, Өндірістің арнасы. Жүрегім соған тартады.
(Т. Жароков) (Ж. Молдағалиев)
7-8, 8 буынды өлеңде сирек кездесетін үйлесім үлгілер де бар, мысалы: Төрт тармақты шумақ (ұйқасы – аабв –ггбв) :
Сұлудай толып бұралған, |
Ұялшақ көркем келіндей, |
Жібекке жасыл оранған, |
Сүюге тосқан еріндей, |
Жас өрім талдың жапырағы |
Албырап тұрған қызыл гүл |
Сарғайып түсті үзіліп. |
Солды қурап, бұзылып. |
(Сәкен)
[1] Радлов В.В. Образцы народной литературы. Том. ІІІ. стр. 2
[2] Әуезов М. Киргизская народная героическая поэма «Манас». «Киргизский эпос «Манас». М., 1961. стр. 73.
[3] Лаптаев И. Материалы по казахскому и киргизскому языку. М., 1900. ІІ. стр. 104.
З.АХМЕТОВ