Силлабикалық өлең

Силлабикалық өлең өлшемдерінің түркі тілдес елдермен туыстас,  тарихи-мәдени жақындығы мол тәжік халқының ауызша әдебиетінде ежелден қолданылып келген. 11 буынды, 8 буынды, т.б. силлабикалық өлеңдер біздің заманымыздан бірнеше жүз жылдай бұрын туған белгілі «Авеста» атты кітаптағы өлең-жырларда да кездеседі [1].

Әрине, қазақ өлеңінің жүйесі, құрылыс-бітімі әбден сараланып, өзіндік сипат алуы қазақ елінің халық болып құралуымен, қазақ тілінің жалпы халықтық тіл болып қалыптасуымен тығыз байланысты болды. Әдебиет, поэзия дамыған сайын, бұрын болмаған жанрлық түрлер орнығып, молайған сайын өлең жүйесі, құрылысы шыңдалып, өрістей түсіп, оның сипат-белгілері де, қолданылатын өлшем-өрнектер де толысып келгені түсінікті.

11 буынды өлең өлшемінің түркі елдерінің поэзиясында қалыптасуы жайлы айтылған кейбір пікірлерге де тоқтала кету қажет.

Ф.Корш 7 буынды өлең тармақтың басында не аяғында ырғақтық бөлшегі (яғни бунағы) қайталану арқылы 11 буынды өлшемге айналуы мүмкін деп санаған[2]. 11 буынды өлең өрнегін Т.Ковальский 7 буынды өлшемнің өзгерген түрі (видоизменение) десе,[3] В.Гордлевский оны бас жағы қосарланып өсірілген 7 буынды өлең болады деп санайды[4].

11 буынды өлшем мен 7 буынды өлшемнің ырғақтық құрылысбітімінде бірлестік бар. Бір жүйедегі буын санына, буындардың тармақ ішінде бірнеше топ болып топтасуына негізделген өлшем болғандықтан, оларда ондай бірлестіктің болуы заңды. Бұл өлшемдердің ырғақтық құрылысындағы бірлестікті арттыра түсетін – олардың екеуінде де буындардың тармақ ішінде төрттен, үштен топтасып келуі. Тармақ ішіндегі ырғақтық бөлшектердің бұлай 4, 3 буыннан топтасуы басқа өлшемдерде де кездеседі, сондықтан 11 буынды өлеңді 7 буынды өлшемді жәй өзгерту, өңдеу арқылы жасалына салған деп қорытынды шығару қисынға келмейді. 11 буынды өлең өлшемінде бұрыннан белгілі өлшемге қосымша кіргізу, өзгеріс енгізу арқылы пайда болған кейбір өрнектегідей жасандылық жоқ. Ол бөлекше, дербес сипаты бар, өзінің бірнеше түрлері, варианттары бар, ырғақтық құрылыс-өрнегі мейлінше ширақ және жатық, әуезділік, үнділігі жағынан әбден келісті, кең тынысты болып келген, соның нәтижесінде аса кең тараған өлшем.

Қазақ поэзиясының ырғақтық өрнегі, өлшемдері жайлы айтқанда мақал, нақыл сөз, жұмбақ секілді сөз нұсқаларын да шет қалдыруға болмайды. Бұлардың ішінде белгілі өлең өлшемдері үлгісімен жасалғандары да, өзінше қалыпты ырғағы барлары көп кездеседі. Мақал, нақыл сөз, жұмбақтарды ырғақтық құрылысы жағынан еркін және алуан түрлі, өлең сөздің, ырғақты сөздің мейлінше қарапайым алғашқы үлгілерінің белгі-нышандарын жақсы танытады. Бұлардан біз өлең сөздегі өлшем-өрнектердің бастапқы, жаңа қалыптасқан түрлерінің сөйлем құрылысы мен әсіресе синтаксистік параллелизммен тығыз байланысты. Көп жағдайда синтаксистік құрылысы ұқсас, ықшамды, айтуға жеңіл сөйлемдер қатар алынады да, мұның өзі ырғақтың айқындалып, күшейе түсуіне себепші болады. Мысалы:

Өнерлінің қолы алтын, Өлеңшінің сөзі алтын. Мыңнан біреу – көсем, Жүзден біреу – шешен.

Қалауын тапса, қар жанар, Қалауын таппаса, май да жанбас.

Осындай екі жолды мақал, жұмбақ, нақыл сөздердің көпшілігінде, ал төрт жолды нұсқалардың бәрінде белгілі өлшем, ұйқас қолданылады. Бұлардың алғашқыларында қолданылатын тармақтардың буын саны көбінесе төрттен сегізге дейін болады. 11 буынды тармақ аз, ал соңғыларында ең жиі қолданылатыны 7, 8 буынды тармақтар. 11 буынды тармақтар жұмбақтарда да мол ұшырасады.

11 буынды өлшем: «Ащы мен тұщыны татқан білер. Алыс пенен жақынды жортқан білер». Бұл – осы өлшемнің соңғы бунағы 4 буынды болып келетін ең көп тараған түрі.

Сегіз буынды өлшем: «Иттің бәрі тазы болмас. Еттің бәрі қазы болмас». Бұл өлшемнің екі бунағы да 4 буыннан келетін түрінен басқа,  өлең-жырда қолданылмайтын 3 буын + 3 буын + 2 буын бо лып келетін түрі де кездеседі. «Баланың күлкісі қанбас. Жаманның ұйқысы қанбас». Жеті-сетіз буынды өлшем:

Бір түйенің екі емшегі, Бірі кетсе, сүті жоқ. Бір түйенің екі өркеші Бірі кетсе, күші жоқ.

Жолдасы жақсы жігіттің

Жолын құдай оңдайды,

Жолдасы жаман жігіттің Жолы қабыл болмайды.

Бұл шумақтардың алғашқысында 8 буынды тармақтардың соңғы бунағы 4 буынды, ал соңғысында 3 буынды. Жеті буынды өлшем:

Таяқ тайға жеткізер,

Тай құнанға жеткізер, Құнан атқа жеткізер, Ат мұратқа жеткізер. Қайраңы жоқ көлден без, Қайыры жоқ елден без.

Алты буынды өлшем:

Сенікі, менікі,

Көңілдің тарлығы;

Әрі жат, бері жат,

Төсектің тарлығы.

Екі бунағы да 3 буынды болып келетін бұл өрнекті Абай «Көзімнің қарасы», «Антпенен тарқайды» өлеңдерінде қолданған. Осы өлшемнің бунақтары 2 және 4 буыннан да келетіні бар:

Ат жалдаған өтер, Ит жалдаған кетер. Байлық мұрат емес, Жоқтық ұят емес.

Бес буынды өлшем:

Балаға тиме, Бәлесі жұғар.

Қазанға тиме,

Қарасы жұғар.

Осындай ырғағы 3 буын + 2 буын болып келетін 5 буынды тармақтарды  өлең өлшемінде басқа ұзынырақ тармақтармен араластырып қолдану Абайдан бастап поэзияда кең орын алып келеді. Төрт буынды өлшем:

Қарны қарташ,

Мұрны бұрташ,

Атқа мінбес Жаяу жүрмес. Апан-апан, Ескі шапан.

Иір қобыз,

Жарық жұлдыз

Бунағы 4 буыннан келетін 8 буынды тармақтар ырғағы жағынан бұған өте жақын, тамырлас келетіні, түбі бір негізде құралғаны талассыз.

Ешкі бақтым – еңіреп бақтым,

Қой бақтым – қоңырау тақтым, Сиыр бақтым – сидаң қақтым, Жылқы бақтым – жорғалаттым, Түйе бақтым – түйме тақтым,

Ылақ бақтым – жылап бақтым.

Тармақтары түгелдей дерлік (біреуінен басқасы) 4 буын + 4 буын болып түсетін осы өлең үлгісі бұл өрнектің де қазақ поэзия сында ежелден үйреншікті. Халық поэзиясында өлең өрнектерінің әр алуан ырғағы, өз қисынымен түрленіп отыратын қызықты түрлері көп кездеседі.

Бір дегенім – білеу. Екі дегенім – егеу. Үш дегенім – үскі,

Төрт дегенім – төсек, Бес дегенім – бесік,

Алты дегенім – асық,

 

Жеті дегенім – желке,

Сегіз дегенім – серке,

Тоғыз дегенім – торқа, Он дегенім – оймақ,

Он бір – қара жұмбақ.

 

Мұндағы тармақтар негізінен 7 буынды, кейбіреуі 6 буынды, бәрінің соңғы бунағы 2 буынды. Осындай өрнегі бар 7 буынды тармақтар кейбір өлеңдерде, басқа тармақтармен аралас болса кездеседі. «Қой мен ешкінің айтысы» атты өлеңді алсақ та болады.

Ешкі: Менің жегенім – жантақ, Сенің жегенің – жантақ, Сенің құйрығың неден жалпақ?

Қой: Менің жегенім – ошаған,

Сенің жегенің – ошаған, Сенің құйрығың неден шошайған?

6 буынды (соңғы бунағы 2 буынды) тармақтар кейде жеке де, кейде 7 буынды тармақтармен (өрнегі 4 буын + 3 буын) аралас та қолданылып  келгенін көреміз:

Бақа, бақа, балпақ,

Басың неден жалпақ?

Көзің неден тостақ?

Бұтың неден талтақ?

Темір телпек көп киіп, Басым содан жалпақ. Қарауылды көп қарап, Көзім содан тостақ. Көп көсіліп үйімде,        Бұтым содан талтақ.

Осы секілді халық поэзиясының мейлінше қарапайым үлгілерінде, тіпті ырғағы оп-оңай ғана өрнектелгеи секілді көрінетін өлең-жырларда шумақты, тармақты түрлендіріп, әр алуан нақыспен қолданудың тамаша үлгілері бар. Қазақ өлең құрылысының осынша орасан бай мүмкіншіліктерін толық ескеруіміз қажет. Сонда біз халық поэзиясында қолданылып келген өлшем, өрнектер санаулы ғана деген пікірдің мүлде оғаш айтылғандығын айқын түсінеміз. Халық поэзиясынан ұйқас қолданудың да алуан түрлі шебер үлгілерін табуға болады. Мысал үшін  тек шешендік сөздің бір нұсқасын ғана (Малайсары айтыпты дейтін) келтіреміз:

                            Жаман болса, жақын – жау,      

                             Шабан болса, атың – жау,         

                          Шайпау болса, қатын – жау,       

Тартыншақ болса, түйең – жау,

Тебеген болса, биең – жау,

Күнде келсе, күйеу – жау,

Жымысқы болса, жиен – жау,

Тіл алмаса, ұлың – жау, Бай алмаса – қызың жау.  

Ұйқас үзілмей, тізбектеліп, созылып отырады да, ұйқастағы соңғы сөз үнемі қайталанып, оған қоса алдыңғы сөздер тағы да топ-топ болып, өзара үйлесіп жатады. Бұл – жыр үлгісімен шығарылған өлең сөз нұсқаларында кездесетін ұйқастың байырғы, қолтума түрі. Оның қазақ өлең тіліне тән үнділік, әуезділік қасиеттерді жақсы таныта алатын өте келісті үйлесімдердің бірі екеніне шүбә келтіруге болмайды. Осы ұйқас өз сәнімен ғана көрікті емес, ырғақты былай қойғанда, барлық сөйлемдердің ықшамды, құрылысы біркелкі болуымен де байланысты. Мұндағы тармақтардың синтаксистік құрылысының үнемі бір қалыптан өзгермеуі де, ұйқастың соңғы сөзі ылғи қайталанып, бірыңғай үндесуі де шешендік сөздегі ойдың ұшқырлығына, әр сөйлемнің нақышты, өткір айтылуына, ой желісінің үзілмей, өрістей отырып бір-ақ аяқталатынына – осының бәріне мейлінше сәйкес келеді.

Халық поэзиясында өлең-жырдың тууы суырып салып айту өнеріне негізделгені, өлеңнің ел арасына ауызша таралғаны, жыршы-ақындардың өлеңді әдетте белгілі үйреншікті әуеннің сүйемелімен және домбыраға қосып айтуы – міне, бұлар тарихи-әдеби процестің аса маңызды, ғасырлар бойы сақталып келген өзгешелік сипатын танытатын ерекшеліктер.

Жыр – эпостық жырлар мен толғау, терме секілді ықшам, желдірмелі әуенмен айтылатын, тармақтары 7-8 буынды түйдектеліп келетін шығармалар. Жырдың өлшемі мен өрнегі (түйдегі, ұйқасы) әсіресе эпостық шығармаларда көбірек кездесетін болғандықтан, жыр эпостық поэзияға тән өлең түрі. Қазақ поэзиясында өлең-жырды тақпақтап оқымай, әндетіп оқу жазба әдебиет әбден өркендеген осы күнге дейін мол сақталып, оны ақындар да, оқушы қауым да кеңінен қолданады.

Шоқан Уәлиханов жыр деген сөздің мағынасын халықтың ауызша тарайтын эпикалық поэзиясының үлгісі рапсодия деп анықтап, жырлау дегенді әуенмен термелеп сөйлеу (говорить речитативом) деп түсіндіреді. Жырды жыршылар осылай термелеп айтқанда домбырамен, қобызбен сүйемелдеп отыратынын да атап көрсетеді.

Шоқанның айтуына қарағанда кезінде жыр, жырлау деген сөздер кейінірек терме, термелеу деген сөздердің мағынасын да береді. Терменің түпкі мағынасы әр нәрсені теріп айту, жиыстырып, қосарлап айту екені рас, бірақ терме жырлар желдіртіп, жеңіл, ойнақы әуеннің нақышымен айтылатындықтан, терме, термелеу деген сөздер кейін аса маңызды жаңа мағына алған. Терме мен толғауда жыр өлшемінен басқа өрнек сирек қолданылды, әсіресе термеде, нақыл сөз үлгілері жиі кездеседі. Ұйқас қолдану, дыбыс үндестігін мол пайдалану жағынан да бұлардың өз ара жақындығы көп. Әрқайсысының өзгешелігін көре білу керек.

Толғау – қоғамдық, әлеуметтік, тарихтық, философиялық мәселелерді терең қозғайтын, желілі ой түйетін шығарма. Эпостық жырларда кейіпкердің арнайы айтылған көлемді сөзін де (монолог) толғау дейтіні белгілі. Терме көбінше жеке-жеке нақыл сөздерден құралады. Бір нәрсені, бір ойды айту үшін ұқсас нәрсені, алуан түрлі жайды қатарластырып, тізіп келтіреді. Мұнда бір ойды дамытып әкетуден гөpi оны өрнектеп, еселеп айтатын шешендік, тапқырлық, нақыл сөзге жүйріктік басым. Әр жайдан қозғап, нақыл айтып отыру термеге бірден-бір хас сипат. Шернияздың: «Сөз сөйлеймін бөлшектеп. Әр нұсқадан термелеп» деуі де термелеп айтқанды оның әртүрлі нұсқалы сөздерді теріп айту деген мағынада түсінгенін аңғартады.

7-8 буынды жыр өлшемінің ең мол тарағаны – бір тармағы 4 буын + 3 буын, екіншісі 3 буын + 2 буын + 3 буын болып өрнектелген түрі. Тармақтары еркін алмасып отыратын бұл өлшем – ырғағы серпінді, толқымалы, барынша ықшамды да жеңіл бо лып, өте келісті жасалған өлең түрі. Оның барлық құрылысы (тармақ көлемі, бунақталуы, ұйқасы, шумағы) дауыс толқынының түрліше құбылып отыруына, өлеңнің әуезді үнмен айтуға қолайлы. Жырда да осындай 7-8 буынды тармақтар қолданылады әрі олар аралас келе береді. Жыр өлшемінің ырғағына жеделдік, жүрдектік қандай тән болса, салмақты екпінділік те сондай тән. Оның ырғағы саулап, құйылып тұратын желдірмелі, термелі, толғап айтатын өлең сөзге әбден лайық.

[1] Брагинский И.С. Из истории таджикской народной поэзии. М., 1959.

[2] Ф.Корштің жоғарыда аталған еңбегінің 24-беті.

[3] Т.Ковальскийдің жоғарыда аталған еңбегінің 24-беті.

[4] В.Гордлевскийдің жоғарыда аталған еңбегінің 70-беті.

З.АХМЕТОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *