ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНІҢ ҚҰРЫЛЫС-ЖҮЙЕСІ

ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНІҢ ҚҰРЫЛЫС-ЖҮЙЕСІ

Өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен ғана емес, айтылу қалпы, әсем үнділігімен де әсер етеді. Сөздің ұғым-түсінік беретін мәнін, бейнелі мағынасын оның өлеңдеғі ырғақ-үнділігі, әуезділігі сан түрлі рең беріп толықтыра түседі. Тіпті өлеңді сөйлеп айтпай, іштей оқығанда да, оның үні, әуезділігі, ырғақинтонациясы адам жанына қалай да әсерін тигізбей қоймайды. Мұны қандай ақын болсын тәжірибе жүзінде-ақ анық байқайды, сондықтан олар өлең сөздің Абай айтқандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», «айналасы теп-тегіс, жұмыр» келуін өз қадырынша құнттайды. Әрине, өлең сөздің әуезділігін арттыруға ұмтылу – құр әсемдік қуу емес. Өлең сөздің ырғағын мөлшерден тыс өрнектеп, дыбыс үндестігін бірыңғай қуып кетуге де болмайды. Бұл міндет өлең сөздің барлық мүмкіншілігін, мағыналық, бейнелілік, ырғақ-интонациялык, дыбыстық байлығын бірбірімен сабақтас, жалғас алып пайдаланғанда, көркем түрді мазмұнға бағындыра білгенде ғана толық, дұрыс жүзеге асады.

Өлең сөздің қара сөзден құрылыс жағынан айырмасы онда мөлшерлі ырғақ болады. Қара сөзде де бола беретін, сөйлем не сөйлемшелердің біткен жеріндегі тыныс алу, дауыс толқынының құбылып, өзгеріп, тиянақталып отыруынан туатын ырғақ қана емес. Өлең сөзге тән өлшемділіктен туатын, өлеңнің өзінде ғана болатын ырғақ яғни өлең ырғағы – поэзияның өз еншісіне тиген сипат, өлең сөзде белгілі, қалыптасқан өлшем, өрнекті сақтаудан туатын, әрбір өлең тармағының көлемінде мөлшерлі шек болатындықтан туатын ырғақ. Алайда, бұдан өлеңнің құрылыс-жүйесін танып-білудің өлшемдердін, ерекшелігін, нақыш-өрнегін зерттеп, бажайлап талдаудың қажеті аз деген ұғым тумау керек. Өлең құрылысының теориясын қанша білгенмен, ол өлең жазуға көмекші бола алмайды, себі тимейді деген пікір жиі айтылады. Ән-күйді де тек музыканың теориясына ғана сүйеніп шығармайтыны белгілі, сондай-ақ грамматиканы білмей де жақсы сөйлеуге болатыны мәлім. Тіл құрылысын, заңдарын зерттеп-білу негізінде ғана асқан шешен болып кету мүмкін емес екені де талассыз. Осының бәрінен музыканың, тілдің, өлеңнің теориясын зерттеу, білудің керегі шамалы деген қорытынды шығаруға бола ма? Не нәрсені болсын сезім арқылы, соның ішінде ақынша көркем сезім арқылы қабылдап түсіну бар да, ғылыми-теориялық жолмен таратып-талдап, ұғып-білу бар.

Тереңдеп зерттеп, ұға білсе, өлең құрылысында, өлеңнің өлшемөрнектерінде халықтың творчестволық-жасампаздық қабілетінің шексіздігін, эстетикалық-көркемдік талабын жоғары танытатын ғажап сырлар мол. Өлең сөздің табиғаты, оның қара сөзден бөлек, мөлшерлі ырғақ, өрнегі болатыны, осындай өлшеуліліктің сыры, қажеттілігі жайлы талай ғалым-зерттеушілер, әдебиетші-ойшылдар пікір қозғаған. Кейбір әдебиетші, жазушылардың күнделікті сөйлеу тілінің қалпын өзгертудің, өлшеулі тармақ, шумақ, ұйқастарды қолданып, өлең сөздің ырғағын ектеп, белгілі шеңберден шығармай қоюдың қандай қажеті бар деп шүбәланған кездері де жоқ емес. Салтыков-Щедриннің мынандай белгілі сөзі бар: «Еркін, табиғи қалпында сөйлемей, күндіз-түні сөзді бір өлшемге келтіріп, үйлестіремін деп бас қатыруды дені дұрыс адамның істейтін ісі деуге болар ма екен? Мұның өзі адамша жүрмей, арқан тартып, соның үстімен шайқалақтап басып жүру секілді ғой»[1]. Осыған ұқсас пікір Л.Н.Толстой сөздерінде де кездесіп отырады. Кейде ол үзілдікесілді тұжырым да айтады: «Сөз адамның ойын, шындықты білдіріп, рухын танытатындықтан, ол өте маңызды нәрсе, ал енді оған әкеліп өлшем, ырғақ, ұйқасты кіргізуге тырысу, сөйтіп сөздің айқындығы мен қарапайымдылығына нұқсан келтіру сөздің қадірін кетірушілік және мұның өзі соқамен жер жыртып келе жатып, би билеп, түзу жүрмеу секілді жөнсіз қылық»85,— дейді.

Өлең жүйесі тіл құрылысына негізделе отырып, мүлде жаңа сапа, қасиетке ие болады. Өлең сөздің өзіне ғана тән белгілі заңдары қалыптасқан. Сөздерді буын санына қарай қолдану, мөлшерлі буын сақтау өлеңде ғана бар, ал қара сөзде мұндай заңдылық жоқ. Өлең сөздегі кейбір қарапайым ырғақ-өрнектер жай сөйлеу тілінде де кездесетіні болады, бірақ күрделі өлең өрнектері сөйлеу тілінде дайын қалпында көзге түспейді. Өлең құрылысының, өрнектерінің әртүрлі қырлары, әр сатылы сипаттары бар. Олардың тілмен қатынасы да біркелкі емес. Ұйқастың құрылысы тілдің дыбыстық құрылысымен, ал ұйқастың кезектесу реті тілдің синтаксистік құрылысымен көбірек байланысты. Орыс поэзиясы мен қазақ поэзиясындағы ұйқастың дыбыстық құрылысы мүлде бөлек болып келеді. Ұйқастың кезектесу реті кейде бір-бірімен жақын бола береді. Мысалы, шалыс ұйқас – абаб орыс поэзиясында да, қазақ поэзиясында да (әсіресе аса ұзын емес тармақтарда) көп қолданылады.

Өлең өлшемдері ақынның алдына белгілі талаптар қоятыны рас, бірақ ол талаптарды қол байлайтын, кедергі келтіретін тосқауыл деп түсінбеу керек. Керісінше, өлшем-өрнектер қисынымен шебер қолданылса, өлең сөз әуезділігін арттыруға себепші құрал бола алады, өйткені өлеңнің өлшемдері сырттан пішіп, өлең сөзге әкеп кіргізе салған үлгілер емес. Олар сөздің өзінде көп кездесетін ырғақ-үлгілердің ең ұтымды, ықшамдыларын іріктеп екшеу, таңдау, жинақтап, жүйеге салып, өңдеп-толықтыру, орнықтыру негізінде қалыптасқан. Шығармада қолданылатын өлшемді, оның құрылыс-кестесіне сәйкес туатын өлең ырғағын өлең сөздегі сан құбылып тұратын дауыс толқынының негізгі арқауы деп қарау керек. Белгілі өлшеммен жазылған өлеңнің өзіндік ырғағы, әуенділік сипаты болғанымен, олар дауыстың, үннің мазмұнмағына, сезім-әсер байлығына сай түрленіп, еркін өзгеріп отырады.

Қай елдің поэзиясында болсын өлеңдегі ырғақты туғызатын өлең сөздің қайталанып келіп отыратын мөлшерлі бөлшектері десек, қазақ поэзиясында ырғақ туғызатын өлең сөздің буын саны тұрақты бөлшектері. Осындай бөлшектердің негізгісі, бастысы – тармақ яғни өлең жолы.

Өлеңді сөзді оқып, айтып қарағанда тармақтың өлшеулі шегі бар екені ерекше көзге түседі. Тармақтың бірлік-тұтастық тауып, оқшауланып, бөлініп тұратыны тегін емес. Оның шегі берік сақталып, өрнегі үнемі қайталанып отырады. Әрбір тармақ көбінесе тиянақты ойды не оның бір түйін-тарауын білдіреді, дауыс толқыны, сөйлем құрылысы жағынан да бөлекше болады. Ал тармақты бунаққа бөлу ырғақтық жағынан анық болғанымен, синтаксистік (сөйлем құрылысы), интонациялық (дау ыс толқыны) жағынан көзге түсе бермейді. Шумақтың құрылысы тармақтар төрт-төрттен топтасса да не алты-алтыдан топтасса да, көбіне өлең сөздің интонациялық, синтаксистік ерекшеліктеріне сәйкестелініп алынады.

Өлең өлшемдері әдетте тармақтағы буын санына қарап ажыратылады. Мысалы, 11 буынды өлең, 6 буынды өлең, 7-8 буынды жыр өлшемі, т.б. Тармақ ішінде өлең ырғағын белгілейтін, дәлдеп анықтайтын – бунақ. Ырғақты күшейтіп, толықтыра түсетіндер – шумақ, ұйқас.

Қазақ поэзиясында өлең ырғағының тірегі – буын. Ырғақ буын санымен өлшенеді, сондықтан қазақ өлеңі силлабикалық (силлабо – грекше буын деген сөз) жүйеге жатады. Буын санына негізделетін силлабикалық өлең жүйесі қазақ поэзиясын да басқа түркі тілдес қырғыз, өзбек, татар, түрікмен, әзербайжан, башқұрт секілді халықтардың тілінде, сонымен бірге француз, чех сияқты халықтардың тілінде де  қолданылады.

Буын силлабикадан басқа жүйедегі өлең құрылысында да ескеріледі, бірақ оларда ырғақты силлабикалық өлеңдегідей, қазақ өлеңіндегідей, буын саны, буынның аз, көбі туғызбайды. Тоникалық өлеңде екпінді буындар ғана есепке алынса, силлабикалық-тоникалық өлең екпінді буын мен екпінсіз буындардың белгігі ретпен алмасуына, метрикалық өлең созылып айтылатын буындар мен қысқа буындардың алмасуына негізделеді. Силлабикалық өлең жүйесінде буынның бәрі ырғақтық сапасы, сипаты жағынан тең саналады, мұнда өлең ырғағын туғызатын да, ол ырғақтың қандайлығын анықтайтын да буын саны болады.  Сондықтан силлабикалық өлең жүйесін, соның ішінде қазақ өлең құрылысын буынға негізделген деу әбден дұрыс.

Силлабикалық өлең жүйесінде буындардың өлең ырғағын туғызуға, белгілеуге қатысы, қызметі біркелкі сипат алуы, әрине, тіл құрылысының түпкі, түбегейлі ерекшелігімен терең байланысты. Қазақ тілінде екпінді буын мен екпінсіз буын арасында орыс тіліндегідей немесе басқа тілдердегідей зор айырма жоқ. Орыс тілінде екпінді буын айрықша көтеріңкі, неғұрлым күштірек айтылса, екпінсіз буын әлдеқайда бәсең, әлсіз айтылады. (Ал араб, парсы тілдерінде созылыңқы дауысты дыбыс қысқа дауысты дыбыспен салыстырғанда екі есе ұзақ айтылады да, өлеңде бір ұзын буын екі қысқа буынға тең болады).

      Қазақ     өлең   жүйесінің орыс поэзиясындағы силлабикалық-

тоникалық өлеңнен өзгешелігін белгілейтін тек қазақ тіліндегі екпіннің орыс тіліндегідей аса күшті болмауы ғана емес. Сондай-ақ, қазақ тілінде екпіннің орыс тіліндегідей жылжымалы емес, тұрақты, көбінше сөздің соңғы буынына түсетінін де басты айырмашылық деп қарауға болмайды. Қазақ тіліне орыс тіліндегідей екпінді буынды ерекше күшпен, ал екпінсіз буынды әлсіретіп, тым бәсең айту тән нәрсе емес. Мұның, сөзсіз, үлкен мәні бар. Ал буынның дыбыстық құрамын алсақ, бір буында бір дауысты дыбысқа қоса көбінесе бір не екі дауыссыз дыбыс болады, үш дауыссыз дыбыс болуы өте сирек. Қатарынан екі дауыссыз дыбыс келуі де кемде-кем және кейінгі кездерде кірген сөздер  болмаса, мұның өзі де буынның басында емес, тек соңында, аяғында  ғана кездеседі[2]. Қазақ өлеңінде барлық буындардың ырғақтық сапасы жағынан бірыңғай, тең болуына себепші жағдайлар. Дауысты дыбыстың, сол себепті буынның, бәрі де біркелкі айқын айтылатын, екпінді буын екпінсіз буынға қарағанда пәлендей оқшауланбайтын тілдерде өлең тармағында буынның аз-көптігі өзінен-өзі-ақ сезіліп тұратынын және осын дай тілдерде силлабикалық өлең жүйесін қолданудын, өзі бірденбір қонымды, ұтымды, әрі өнімді деген пікірді кезінде В.Брюсов дәлелді айтқан болатын[3]. Ол силлабикалық өлеңнің мүмкіншіліктері орасан мол, бай екіндігін атап көрсетіп, (силлабикалық өлең) басқа өлең жүйелерімен салыстырғанда өлең сөз ырғағын түрлендіру жағынан артып түседі деген[4].

Кейбір әдебиетшілер қазақ өлеңінің силлабикалық жүйеге жататынын дәлелдегенде қазақ тілінде екпін үнемі соңғы буынға түседі дегенді тірек етіп келді. Қазақ тіліндегі екпін орыс тіліндегідей сөздің басына, ортасына, соңына да түсе беретін жыл жымалы емес, көбінесе соңғы буынға түседі деуде әрине, қателік жоқ. Мұны жоғарыда біз де атап керсеттік, бірақ осыған ғана сүйеніп өлең жүйесі жайлы байлам пікір айтудың ағат жері бар. Бұл ағаттық қазақ тілі мен орыс тіліндегі екпіннің сөздегі орнын ғана ескеріп, сапасын ескермеуден, осы екі тілде екпіннің күші бірдей ме, жоқ па оған мән бермеуден туады. Орыс тіліндегі екпінді буынның екпін түспеген буынмен салыстырғанда айрықша көтеріңкі, күшті естілуінің барлық тілдерге бірдей тән құбылыс емес екені еске алынбайды. Осыдан келіп орыс тілінде екпін жылжымалы, тұрақсыз болғандықтан өлең әдетте силлабикалық-тоникалық, жүйемен жазылады яғни екпінді буын мен екпінсіз буындардың алмасып отыруына негізделіп құрылады.

Қазақ поэзиясында екпінді буын мен екпінсіз буындардын кезектесуіне негізделетін силлабикалық-тоникалық өлшемдер қолдануға болады деген пікірде қисын жоқ дедік. Кейбір әдебиетшілер осыдан біраз бұрын поэзияда өте-мөте Абайдан бастап кең тараған 6 буынды өлшемді, т.б. кейбір өлең өлшемдері силабикалық-тоникалық өлшемдерге жатқызуға болады дейді. «Көзімнің қарасы» секілді 6 буынды өлеңнің тармағында  екпін үнемі үшінші буын мен алтыншы буынға түседі дегенді тірек етеді. Сонда осы 6 буынды мен орыс поэзиясындағы екі екпінсіз буыннан кейін бір екпінді  нытарыто пілек ныуб (ںں– ںں –) анапест өлшемімен жазылған алты  буынды өлеңге сәйкес келеді деп түйіндеді[5].

Байыптап қарасақ, «Көзімнің қарасы» сияқты 6 буынды өлеңде екпін  үнемі тармақтағы үшінші буын мен алтыншы буынға ғана түсе бермейді, басқа буындарға да келіп отырады. Мысалы:

Жүректен қóзғайын, Әдептен óзбайын

Өзі де білмей ме?

Көп сөйлеп созбайын.

Төмендеп қарàйсың,

Телміріп тұрмàйсың.

 

Бихабар жүргенсіп, Бек қатты сынàйсың.

Сан кісі мұңайсын, 

Сабырмен шыдàйсың. Күйемін, жанàмын,

Еш рақым қы̀лмайсың.

 

Жалпы алғанда, 6 буынды өлшем қолданылған өлеңде екпіннің көп жағдайда шынында да үшінші буын мен алтыншы буынға түсетінін  мойындамауға болмайды. Мысалы:

Қызарып, сұрланып, Лүпілдеп жүрегі. Өзгеден ұрланып

Өзд (і) өзі керегі.

 

 

Аяңдàп ақырын, Жүрекпен алысып. Сыбдырын, тықырын Көңілмен танысып.

Екі жүйедегі өлең құрылысында осындай сырттай ұқсастық болған күнде де, жоғарыда айтылғандай үзілді-кесілді тұжырым жасау қате. Осы ұқсастық деп атап отырған орыс өлеңі мен қазақ өлеңіндегі ерекшеліктердің табиғаты, тегі мүлде бөлек. Қазақ тіліндегі екпін мен орыс тіліндегі екпіннің сипаты, сапасы бірдей емес. Екпіннің әр тілде сипаты және атқаратын міндеті әртүрлі. Қазақ тіліндегі екпін орыс тіліндегідей айрықша күшті емес, екпінді буынның айтылуы мен екпінсіз буынның айтылуында орыс тіліндегідей ырғақ-интонациялық жағынан зор айырма жоқ. Қазақ өлеңінде екпінді буындар орыс тіліндегідей екпінсіз буындардан әлдеқайда күшті болған күнде де, силлабикалықтоникалық өлшемдер қолдану лайық келмейді. Себебі, біріншіден, қазақ тілінде екпін негізінен алғанда сөздің соңғы буынына түсетіні белгілі. Бұған қоса өлең тармақтары бунаққа бөлінетінін еске алсақ, бунақтың бірыңғай соңғы буынында ғана екпін күшті болып шығар еді. Мұндай біркелкілік жалықтыратыны өзінен-өзі айқын.

6 буынды өлшем қолданылып жазылған, екпін үшінші және алтыншы буындарға түсіп отыратын орыс өлеңін алып қаралық:

В том лесу соловей.

Громко песни поет. Молодая вдова В хуторочке живет.

                     (Л.В.Кольцов)

Орыс өлеңінде екпін айрықша күшті болғандықтан, әр тармақты қазақ өлеңіндегідей бунаққа бөлу яғни сөз бен сөздің арасындағы жігін тұрақты ету ыңғайсыз. Себебі мұндай ретте бунақ өлең ырғағының біркелкілігін күшейте түсіп, жеңілдігін, икемділігін азайтпақ. Әр тармағы бірнеше бунаққа бөлінетін қазақ өлеңінде буындағы екпіннің күшті болып келуі тиімсіз.

Қазақ поэзиясында екпінді буын мен екпінсіз буынның кезектесуіне негізделген бірлі-екілі силлабикалық-тоникалық, өлшемдерді қолдану мүмкін деп мойындасақ, осындай бір тектес құрылыс негізі бір өлшемдерді қолданып, басқаларын қолдануға болмайды деу де қисынды болмас еді. Силлабикалық өлең жүйесі ертеден қалыптасқан қазақ поэзиясына кейбір силлабикалық-тоникалық өлшемдерді де енгізуге болады деушілер орыс поэзиясында бір кезде силлабикалық өлең болды, кейін силлабикалық-тоникалық өлең орнықты. Маяковскийден бастап тоникалық өлең кіре бастады дегенді тілге тиек етеді, бірақ мұның мәнісі тіпті басқа. Бұл – шартты түрде айтылатын жайт. Орыс өлеңі бір жүйеден екінші бір жүйеге аттай берген жоқ. Тілдің табиғатына, құрылысына сәйкес өлең жүйесін тастап, басқа бір жүйеге оп-оңай ауыса беруге болады деу дұрыс емес.

Өлең жүйесінің тілдің құрылысымен тығыз байланысты екенін  М.Ломоносов бұдан екі жарым ғасыр бұрын айтқан[6]. Орыстың халық өлеңі де, силлабикалық деп айтылып жүрген өлеңі де, силлабикалықтоникалық, тоникалык дейтін өлеңі де негізінен алғанда тоникалық, бір жүйедегі, өлеңдер91. Тек осы негізгі бір өлең жүйесі әр заманда, әр кезеңде тарихи-әдеби дамуға байланысты әр қырынан өркендеген. Силлабикалық өлең дегені белгілі бір кезеңде өлеңде буын санына да мән беруге ұмтылғандықты ғана танытады (мұның өзі В.Белинский айтқандай, аса нәтижелі бола қойған жоқ). Силлабикалық-тоникалық өлең буын саны мен екпінге негізделеді дегенді де белгілі мағынада ғана түсінуге болады, өйткені екпінді буынға екпінсіз буын қосымша болып топтасады. Бұл – негізгі шарт. Сонда буын саны туынды нәрсе ғана болып шығады, сондықтан екпінді буынмен топтаспай тұрған жекелеген екпінсіз буын есепке алына қоймайды.

Маяковскийден бастап қанат жайған тоникалық өлеңді алсақ, орыс халық поэзиясында Некрасов сияқты ақындардың өлеңдерінде бұрыннан негізі салынған өрнек. Маяковский өлеңі бұрыннан белгілі өлшемдерді, әсіресе Пушкин, Лермонтов поэзиясында ерекше өркендеп, қолданылып келе жатқан силлабикалық-тоникалық өлеңді жоққа шығармайды. Бұл өлең түрлері құрылысы жағынан біртектес. Маяковский өлеңінің ең басты айырмасы мұнда өлеңді сөйлеу интонациясына барынша жақындату талабы бар. Сол себепті өлең екпінді буынның тұрақтылығына негізделеді, екпінсіз буындар аз-көп болып, еркін топтаса береді. Оған қоса өлеңде синтаксистік-интонациялық жағынан көбірек оқшауланып, дербес тұрған қысқа сөйлемше, сөздерді қолдану, соған сәйкес өлең жолын бірнеше қысқа бөлшектерге бөліп тастау, тармақты қысқартып, кідіріс (пауза) жасау, сөйлемнің ажырамайтын бөлшегін тармақтантармаққа тасымалдау тәсілдері жиі пайдаланылады.

Маяковский өлеңінің тәжірибесіне үңіле зейін салып, ұтымды жақтарын қазақ өлеңінің ерекшелігін ескере отырып, орнымен пайдалану әрине, маңызды, өте қажет нәрсе. Мұны поэзияда қалыптасқан өлең жүйесін өзгертіп-бұзу, оған басқа жүйедегі өлең өлшемдерін әкеп енгізу арқылы емес, керісінше, ұлттық өлең құрылысының барлық мүмкіншілігін толығынан пайдалану арқылы ғана іске асады. Озық әдебиет әсері ұлттық әдебиеттің бар байлығының көзін тереңдеп ашып, өркендете беруге себебі тию арқылы көрінуі заңды құбылыс. Басқа әдебиеттегі дайын үлгі-өрнекті көп қиналып ізденбей-ақ қазақ өлеңіне әкеліп қондыруға болады деуі дұрыс емес.

Осы айтылғанның дұрыс екендігін Абайдан бергі әсіресе, совет дәуіріндегі әдебиетіміздің өркендеу тәжірибесі толық дәлелдейді. Абай Пушкин, Лермонтов поэзиясының ырғақ-өрнек, интонациялықсинтаксистік құрылысындағы бірталай үлгілерді қа зақ поэзиясында өңдеп, түрлендіріп, шебер пайдаланған. Сәкен, Ілияс, Сәбит секілді ақындарымыз Маяковский поэзиясының ырғақ-интонациялық байлығын еркін игеру арқылы қазақ өлеңін, оның өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін молықтырып, байыта түсті.

Қазақ өлең жүйесінің өзінше бітімі болуы, ырғақтың буынға негізделуі, тармақтың да буын санымен белгіленуі – мұның бәрі тілдің құрылысына, алдымен дыбыстық яғни фонетикалық құрылысына орай қалыптасқаны, тілдің табиғатынан туатыны талассыз. Тіпті ұйқастың құрылысы да буынға байланысты. Шумақта да тармақтың буындық құрамы еске алынады. Өлең құрылысының тұрақтылығы, басты заңдылығының негізгі өзгешеліктерінің ғасырлар бойы сақталып отыратыны да тіл табиғатымен терең тамырласып жатқандығынан. «Өлең құрылысы қаншалықты өзінше, бөлекше болса да, ол құрылыс тілмен тамырласып, жалғасып жатады, сол тілдің ұлттық сөйлеу қалпынан тыс жерде қайталанбайды. Поэзияның әрқашан ұлттық сипаты ең бір айқын көрінетін өнер болып қала беретіні осыдан»[7], – дейді Б.В.Томашевский. Тілде сөздердің жаңа мағына алуы, соны сөздер қосылып, толысып, сөз құрамының молығып отыруы жиі кездесетін болса, тілдің құрылысы, әсіресе, дыбыстық құрылысы оп-оңай, санаулы уақыт ішінде айтарлықтай өзгере қоймайтыны белгілі.

Жеке өлең өрнектері (мысалы, алты тармақты шумақ) бір кезде өте аз, ал белгілі бір уақыттан бастап әлдеқайда жиірек қолданылады. Кейбір ақындар өзінше өрнек тауып, өлең тармақтарын тіпті бөлекше ретпен ұйқастыруды машық етуі ықтимал. Осы айтылған жаңалық, ізденулерге бағдарлап қарасақ, қазақ өлең жүйесінің бұрыннан қалыптасқан негізгі заңдылықтарына сәйкес туатынын, өлең тілінің, көбіне-көп тілдің синтаксистік құрылысының бай мүмкіншіліктерін толығырақ пайдалану тілегінен туатынын көреміз. Өлең жүйесі негізінен тұрақты болатыны оның сарқылмайтын, мол мүмкіншіліктерін әдебиеттің дамуына, ондағы жеке жанрлық түрлердің орнығу, өрістеуіне орай әр жағынан, әр қырынан алып, барған сайын неғұрлым мол, жан-жақты пайдалануға болатынын жоққа шығармайды.

Өлең құрылысының бай мүмкіншіліктері бір мезетте өзінен-өзі туа салмайды, мүмкіншіліктерді ақындар тарихи-қоғамдық өмірдің, әдебиеттің дамуына байланысты барған са йын кеңінен қамтып пайдалана береді. Айталық, ауыз әдебиеті, ондағы эпостық жыр, толғау, терме, жоқтау секілді жанрлардын дамуы, суырып салып айту өнері мен өлең сөзді әуенмен термелеп айту әдісінің кеңінен құлаш жаюы өлең өрнектеріне тән бірталай сипат-ерекшеліктердің өрістеп, үдеуіне жол ашты. Мыса лы, шұбыртпалы ұйқас түрінің поэзияда кеңінен орныққанын айтсақ та жеткілікті.

Жазба әдебиеттің дамып, реалистік поэма, профессионалды лирикалық поэзияның түрлері бел алып, өсуі шумақ пен ұйқастың бірталай жаңа үлгілерін әкелді. Совет дәуірінде қазақ ақындары өлең ырғақ-өрнектерінің бұрын жете ашылмаған мүмкіншіліктерін толығынан пайдалануға, өлең сөздің ырғақ-интонациясын сөйлеу тіліне жақындата түсуге бет бұрды. Өлең құрылысының тіл табиғатына сәйкес болуы, оның үнемі дамып, жетіле түсіп, байып отыратындығының кепілі. Қазақ поэзиясының буынға негізделген силлабикалық өлең құрылысы жылдар бойы қалыптасып, шыңдалған, өрнектері мол өлең жүйесі. Бұл өрнектер, көп тараған 11 буынды, 7-8 буынды, тағы сондай өлшемдер тілдің  өзіне тән серпінділік, екпінділікті, сөз бен сөзді шебер қиюластырып байланыстырғанда туатын жарасымды гармонияны бойына барынша толық сіңірген. Поэзиядағы орныққан өрнек-өлшемдер ұтымды қолданылғанда өлең сөзге бейне жан бітірерліктей әуезділік, келісімді, әрі ширақ ырғақ дарытады, сөздің сыңғырлаған үнділігі мен әуенділігі, әсерлілігі мен көркі неғұрлым мол көрінуіне мүмкіндік береді.

Қазақ поэзиясында көп тараған өлең өлшемдерінің бір тобында барлық тармақтың буын саны бірдей болып келеді. Мысалы, 11 буынды өлең,  6 буынды өлең, бірақ барлық өлшемдерде өлең жолдары түгелдей буын саны жағынан тең болуы шарт емес. Мысалы, жыр өлеңінде тармақтар 7 не 8 буын ды болып келетіні белгілі. Ал тармақтардың қай-қайсысының да буын саны тұрақты, әрі ырғақ жағынан ұқсас сабақтас. Сондықтан екі түрлі тармақ еркін араласып, кезектесіп келе береді.

Қазақ поэзиясында ең көп қолданылатын өлең өлшемдері – 7 буынды, 7-8 буынды, 11 буынды, 6 буынды өлең, онан да қысқарақ 4 буынды өлең сиректеу кездеседі. 14, 15 буынды өлеңдердің тармағы құрама болып келеді яғни 7 буынды екі тармақтан, не 7, 8 буынды екі тармақтан құралған болады. Қазақ поэзиясында ертеден 7 буынды, 7-8 буынды, 11 буынды екі-үш-ақ түрлі өлшем болыпты деп қомсына қарауға ешбір негіз жоқ. Жалғыз қазақ поэзиясында ғана емес, тіпті дүниежүзі халықтарының әдебиетінде де орын тепкен өлшемдер 7-8 буыннан 11 буынға дейінгі өлшемдер болған.

Тармақтың көлемінде, мөлшерінде үлкен мән бар айталық, 4 буынды келте тармақтар бірыңғай қолданғанда, сөйлемді, сөйлемшелерді тым қысқа-қысқа құрап, интонациялық, синтаксистік құрылысы жағынан үзік-үзік етіп алуға тура болады. Мұндай жағдайда ойды кеңінен толғaп айту оңай емес, тармақ көлемді, шұбалаңқы болып келсе, оның ырғағы әлсіреп, жинақылық, ширақтығы кемиді. Өлең өлшеміндегі тармақты, айталық, 7-8 буын, не 11 буын етіп көлемін шектеп алғанда осындай шарттар ескерілгені күмәнсіз.

Ал осы аралықта 9 және 10 буынды тармақтар бар емес пе, олар неге мол тарамаған деген сұрақ тууы орынды. Тармақтың ұзындығына, жалпы көлеміне қоса оның ішкі құрылысын қамтып қарасақ, бұл сұраққа жауап табамыз. Асылы, қазақ поэ зиясында тармақтың неше бунаққа және қандай бунаққа бөлінетінінде зор мән бар. Бұл пікірді мысалмен дәлелдейік.  11 буынды өлшемнің соңғы бунағы 3 буынды болып келген түрі (4 буын + 4 буын + 3 буын) революцияға дейін аз тарады, себебі мұндай өлең ауыз әдебиетіндегі әдет бойынша әуендетіп, әндетіңкіреп айтқанда өлең ырғағы біркелкі естілетіндіктен.

10 буынды тармақтың қазақ поэзиясында қолданылып жүрген түрінің бунақтық өрнегі былай келеді: 3 буын + 2 буын + 3 буын + 2 буын. Мұнда бунақтар ұсақтау және көптеу, сондықтан тармақ ырғағы жағынан 5-5 буыннан екіге белінуге бейімдеу тұрады. Бұл өлшемнің ырғағы келісті, бірақ аса жүрдек емес: Сондықтан ол да көп қолданылмайды. Ал 7, 7-8, 11 буынды ең мол тараған өлшемдерді алсақ, бұлардың тармақ көлемі, бунақ өрнегі – бәрі де ырғақтың жеңіл, әсерлі болып, құбылып, түрленіп отыруына оңтайлы, сан қилы шығармаларда пайдалануға лайықты.

Алдымен 7 буынды тармақтың бунақ өрнегіне назар аударалық, оның 4 буын + 3 буын болып келуінде айрықша қисындылық бар. Тармақтың ырғағы мейлінше жеңіл, әуезді. Бұл жерде буын саны тең түсетін бунақтардан гөрі мына сияқты 4 буын + 3 буын болып келетін бунақтар көбірек жымдасып, тармақтың ырғақтық тұтастығы күшті болатынын ай ту керек. Тіпті бұдан қысқарақ 6 буынды тармақтың өзінде-ақ көлемі бірдей (3 буынды) екі бунақтың ара жігі айқын көзге түседі. 7 буынды тармақта 4 буынды бунақ бұрын келіп 3 буынды бунақ соңынан келеді. Бұл керісінше болуы мүмкін емес, өйткені тек 4 буынды бунақтан көлемі қысқарақ бунаққа (3 буынды) ауысқанда ғана өлең ырғағына қажет ширақтық, жеңілдік пайда болады.

Қазақ өлеңінде әдетте 7 буынды тармақ пен 8 буынды тармақ араласып, алмасып келе береді. 7 буынды тармақ 4 буын+3 буын болып құралса, онымен алмасып отыратын 8 буынды тармақ 3 буын + 2 буын + 3 буын болып келуі мүмкін. Тармақтары осылай құрылатын 7-8 буынды өлшем – қазақ поэзиясында кең қанат жайған, ең өнімді өлең түрі. Түйдектеліп келетін жырдың өлшемі де осы және бұл өлшеммен шығарылатын өлеңдерде шумақ та (әсіресе, төрт тармақты) өте көп қолданылады. Осы екі түрлі, 7 және 8 буынды тармақтар жыр түйдегінде де, шумақта да еркін, түрліше алмасып келе береді. Мұны кездейсоқ нәрсе деуге болмайды. Тармақтың басындағы 4 буынды бунақ пен 3 буын + 2 буын болып келетін қос бунақтың арасында ырғақтық сипаты жағынан алғанда қалайда біржақындық, жалғастық бар екені  күмәнсыз. Назар салсақ, 3 буын + 2 буын болып келетін өрнектің басқы 3 буынындағыдан гөрі сөз соңғы 2 буында сәл созылыңқырап, жайырақ айтылады. Бұл осы екі қысқа бунақтың тұтастығын арттыру үшін керек. Олай болмаған күнде үш келте бунақтан тұратын тармақ тым бөлшектеніп айтылған болар еді.

7 және 8 буынды тармақтардың қайсысының болсын соңғы бунағы 3 буынды болуында ерекше ұтымдылық бар. Мұның орнында 4 буынды бунақ тұрса, тармақтың ырғағын баяулатып, ауырлатар еді. Ал 2 буынды бунақ тым келте болғандықтан, ырғақтың икемділігін кемітер еді. 7-8  буынды өлшемнің 8 буынды тармағы 4 буын + 4 буын болып келетін басқа түрін алсақ, мұнда әртүрлі тармақтар етене араласпай, үнемі белгілі ретпен ғана кезектеседі. Әдетте ең көп тараған төрт тармақты шумақта бірінші, үшінші тармақ 8 буынды болады да, екінші, үшінші тармақ 7 буынды болады. Мысалы:

Ішім өлген, құр денем cay, Босқа үрейім жүр менің. Жарамайды бекер алдау, Теңің емес мен сенің.

                                  (Абай)

Бұл өлшемнің бунақтық кестесінде 4 буынды бунақтар басым болғандықтан, өлең ырғағында біркелкілік, салмақтылық сипат байқалады. 11 буынды өлшемде бунақтардың тек 3 буын, 4 буыннан құралып отыруы өте қисынды. Ұзын тармақта одан қысқа, мысалы, 2 буынды бунақты қолданудың қажеті жоқ. Өлең ырғағына ширақтық, жеңілдік дарыту үшін 3 буынды бір бунақ енгізудің өзі-ақ әбден жеткілікті. Тармақтың бас жағында келіп, 4 буынды бунақпен еркін алмасып, кезектесіп отыратынын ескерсек, бұл өлшемнің ырғақтық өрнегі қаншалықты келісімді екенін байқау қиын емес. Мұндай өлең тармағында соңғы бунақтың 4 буын болуы өте ұтымды.

Тармақтың өзіне тән ырғағын анықтайтын тек ондағы буындардың жалпы саны ғана емес. Буындар белгілі ретпен, белгілі мөлшерде топтасып, әр тармақтың бірнеше қысқа бөлшектерге бөлінуіне мүмкіндік береді. Тармақтың осындай ырғақтық құрылысы жағынан жекеленген бір бөлшегін құрайтын буындар тобын бунақ дейміз. Тармақта неше буын бар, ол буындар қалай топтасқан яки тармақ неше және қандай бунақтардан құралған – міне, осы екі түрлі өзгешелік тармақтың ырғақтық кестесін қалыптастырады. Бұларды екі түрлі, екі тарау өзгешелік дейтініміз, оның бірі тармақтың сырт қалпын яғни өлең жолының ұзын-қысқалығын белгілесе, екіншісі тармақтың ішкі құрылысын яғни оның бунаққа қалай бөлінетінін айқындайды.

Қазақ тілінде өлең жолдары, тармақтар буынға негізделетіні секілді,  әр тармақтың ішіндегі бунақтар да буын санына негізделіп құрылады. Өлеңнің әр тармағы 2, 3, 4 буынды бунақтарға бөлінеді. 11 буынды тармақ үш бунақтан құралады:

 4 буын        3 буын         4 буын,

Терін сатпай / телміріп / көзін сатып,

 3 буын         4 буын                    4 буын    Теп-тегіс / жұрттың бәрі / болд(ы) аларман.

7 буынды тармақ екі бунақтан түседі:

 4 буын           3 буын

Күнде жақсы / бола ма,

 4 буын         3 буын

Бір қылығы / жаққанға?

Жыр өлшемінде тармақ 7 буынды болса, бұның кестесі 4 буын + 3 буын, тармақ 8 буынды болса, бунақ кестесі 3 буын + 2 буын + 3 буын

болады.

     4 буын          3 буын

Базарбайдың / Төлеген

 

 3 буын    2 буын     3 буын  Соңынан / еріп / Қаршыға…

11 буынды өлеңде алғашқы екі бунақтың орны ауысып, тармақ 3 буыннан басталып, екінші бунақ 4 буынды бо лып немесе бунақ 4 буыннан басталып, екінші бунақ 3 буынды болып келе береді. Тармақтың соңғы бунағы буын саны жағынан өзгермейді, үнемі 4 буынды болады. Жыр өлшемінде де соңғы бунақ өзгермей үнемі 3 буынды бо лып келеді. Әр тармақтың бірнеше бунаққа бөлінуі қазақ тілінде өлең сөздің ырғақүнділігін, әуезділігін күшейтетін бірден-бір ұтымды, ең табиғи және қарапайым тәсіл.

Өлең жолының, тармағының осындай бірнеше буыннан тұратын қысқа-қысқа бөлшектерге (қазақша айтқанда бунақ) бөлінуі қазақ өлеңімен бірге қырғыз, өзбек, түрікмен, татар секілді түркі тілдес халықтардың поэзиясында кең тарағанын В.В.Радлов бұдан бір ғасыр бұрын айтқан[8]. Қазақпен туыстас осы аталған халықтардың поэзиясында бунақ өрнектерінің осы күнгі әдебиетте де негізінен сақталып, толығып, өрістеп келе жатқаны қазіргі әдебиет зерттеушілердің еңбектерінде де әр жағынан баяндалған[9].

Бунақтың яғни екіден, үштен, төрттен топтасқан буын тобының ара жігін, шегін белгілейтін – сөз бен сөздің арасындағы жік, сөз айырымы. Қазақ өлеңінде сөз бен сөздің арасындағы жік бунақ кестесіне орай әр өлшемде өзінің тиісті орнына бекітіледі. 7 буынды өлеңде бунақ кестесі 4 буын + 3 буын болып келгендіктен, тұрақты сөз жігі ылғи алғашқы 4 буыннан кейін орналасады. 11 буынды өлшемде өлең тармағында сөз бен сөздің арасындағы шек әрбір 4 буыннан не 3 буыннан кейін келеді.  Өлеңдегі бунақ кестесін талдағанда әрине, сөздердің арасындағы кез келген айырым жіктің бәрі бірдей еске алынбайды. Еске алынатын, есепке кіретін жік тек тиісті орында, үнемі қайталанып отыратын, бунақ пен бунақтың шекарасын белгілейтін тұрақты сөз жігі.

Осындай сөз бен сөздің аралық жігін белгілі орынға тұрақтату әдісі басқа елдердің өлең құрылысында да пайдаланылады. Мысалы, біраз халықтардың поэзиясында, соның ішінде орыс поэзиясында кейбір өлшемдерде қолданылатын цезура да тұрақты сөз жігі. Кейбір ғалымдардың (Радловтан бастап) қазақ өлеңіне де цезура терминін қолданып келгені сондықтан, бірақ мұны дұрыс тауып қолданған деуге болмайды. Цезура өлең теориясында ең қысқа тармақтан (полустишие) құралған ұзын тармақтың арасын белгілейді. Ал қазақ поэзиясында тұрақты сөз жігі бунақтың шегін белгілейді, сол себепті оның сипаты, атқаратын қызметі өзінше бөлек.

Қазақ өлеңінің ырғақтық жүйесінде тұрақталған сөз жігінің, сөз айырымының үлкен мәні болуы әрине, қазақ тілінің құрылысындағы, алдымен фонетикалық құрылысындағы өзгешеліктерге негізделеді. Қазақ тілінің басты, түбірлі ерекшеліктері яғни оның грамматикалық құрылысы жағынан алғанда жалғамалылығы (агглютинация), сөз түбірі өзгермей, оған жалғау, жұрнақтар қо сылып, жалғана беретінін фонетикалық, дыбыстық құрылысы жағынан алғанда тілге дыбыс үндестігі (сингармонизм) тән, бұларға қоса қазақ тілінде, жоғарыда айтылғандай, буындағы екпіннің аса күшті еместігі міне, осының бәрі сөздегі дыбыстардың қиюласып, жақындасуына, сөз бен сөздің шегі, жігі айқын ажырамай, қатар сөздер кірігіп, жалғасып айтылуына себепші болады. Сөзді буынға бөлгенде қатар тұрған мағынасы жағынан бірлес сөздердің жігі ажырамайды (дәу-ле-ті ас-қан; бас-ұ-рып болмай, дәу-ле-т (і) ас-қан; ба-сұ-рып болады). Сондай-ақ, сен келгенде, қара қарға деген секілді тіркестердің сен гелгенде, қара ғарға болып үндесуі немесе жақсы адам, сараң бай деген тіркестерде соңғы сөздерге жалғау жалғанғанда алғашқы сөздердің өзгермеуі тіркестегі сөздердің тығыз қабысып жататынын байқатады.

Қазақ өлеңінің бунақ кестесінің құрылысына сәйкес өлең-жырларда қолданылатын жеке сөздердің буын құрамында да бірталай ерекшеліктер кездесетінін көреміз. Қазақтың өлең сөзін Сәбит Мұқанов атап көрсеткендей, «қай сөз болсын, соны қабылдай бермейді,… 4 буыннан артық буыны бар сөзді қабылдамайды»[10].

Қа зақ поэзиясында буын саны төрттен артық сөздер қолданылмауы жалпы шұбалаңқы сөзден қашудан емес, қазақ, өлеңінде әр тармақты бунаққа бөлуден туатын алабөтен, айрықша сипаты бар өзгешелік. Айталық, сөздің буындық құрамы 4 буыннан артық болмауы өлең жолдарында 4 буынды бунақ қолданылатындықтан. Бунақ кестесі 3 буын + 3 буын болып келетін 6 буынды өлең өлшемін алсақ (мысалы, «Көзімнің қарасы»), мұнда құрамы 3 буыннан артық сөз мүлде кездеспейді. Жыр өлшемімен жазылған өлеңнің 8 жолдық тармағын алып қарайық.

                                  3 буын     2 буын         3 буын

Ылдидан     шапса     төсте озған

Мұнда бастапқы бунақ пен соңғы бунақтың қай-қайсысында болсын, сөздің не сөз тіркесінің буын саны үштен артық болмайды. Екінші бунақта келетін сөз 2 буыннан аспайды. Жырдың 7 буынды тармағының бунақтық кестесі 4 буын + 3 буын болғандықтан, тек осы тармақтың бас жағында ғана 4 буынды сөз қолданылуы мүмкін.

Айрықша назар аударарлық бір жай жырда өлең жолынын аяғында тек 3 буынды сөз бен 3 буынды сөз тіркесі ғана қолданылады. Мысалы:

Жыламаймын мен дағы,

Өзіңнің де көкежан,

Көзіңнің жасын тый деді. Жылап отыр ат(а)-анаң,  Сапарынды қый деді.

Көп жолдаспен барсаңшы,  Ел-жұртыңды жый деді.

Жалғыз қайтіп барасың,

 

 

Жалғыздық ісі қиын-ды.

Менің жайым мінеки,

Танымаған ешкімді,

Сіз кеткен соң, көкежан,

Кемпір, шалдың қасында, Өзім жалғыз, өзім жас, Боламын кімге сыйынды?

                           («Қыз Жібек»)

 

Жыр ырғағына тән айрықша жеделдік, екпінділік, ондағы сөздің құйылып, төгіліп отыратыны оның өлең өлшеміндегі, бунақ кестесіндегі өзгешеліктерімен тығыз байланысты.

Қазақ поэзиясында өлең жолдарының буын саны берік сақталады. Бір буын артық не кем болса, өлең сөздің үйреншікті ырғағы бұзылады, оны байқамау, сезбеу мүмкін емес. Ондай тармақ, өлең жолы жүзде біреу, мыңда біреу ғана болса да, бірден назарымызды аударады. Өлеңде басы артық буын болуы не буын саны тиісті мөлшерден кем болуы өте сирек  ұшырасады. Өлең тармақтарының буын санын есептеп, анықтағанда кейбір жайларды мұқият ескеру керек. Қазақ тіліндегі біралуан сөздердің буындық құрамы құбылмалы келеді, себебі кейбір дауысты дыбыстар айтылғанда түсіп қалып, не қосылып айтыла береді.

Жекелеген сөздердің буын саны жағынан қысқа және ұзынырақ екі варианты болуы тіл құрылысының ерекшелігі. Қазақ өлеңі буынға негізделетіндіктен, ондай варианттар поэзиялық шығармада ерекше көзге түседі. Қазақ тілінде сөздердің шектескен жерінде екі дауысты дыбыс қатар келсе, айтылғанда біреуі түсіп қалатыны белгілі. Бұл өлеңде де кездеседі: «Не қыларым біл(е) алмай. Өлейін десем өл(е) алмай, өз жанымды қи(а) алмай» («Алпамыс»). Өлең сөзде керек болған жағдайда, қатар келген екі дауысты дыбыстың екеуі де сақталуы ықтимал: «Ұйқы алып денесін. Қыздардың бәрі қалды енді» («Алпамыс»). «Саңқылдап көкте ойнап шарықтайды» (С.Торайғыров).

Қазақ тілінде бірде қосылып айтылып, бірде түсіп қалатын дыбыстар – Ы, І. Егер сөз басында Ы, I дыбыстары Р, Л дыбыстарының алдында келсе, олар көбінесе қосылып айтылады.

Көтергін, Жібек, басыңды Ертіп келдім бір жігіт, Тап өзіне ылайық.

                           («Қыз Жібек»)

Ырахат, мені тастап қоймадың тыныш.

                                                            (Абай)

Өлеңде осы сөздер лайық, рахат болып та айтыла береді.

Жоқтаусыз кеткен лайық па, Туған соң іні біздейін?

                           («Қыз Жібек»)

Рахатпен әлсіреп, Көзіне жас алып.

                             (Абай)

Өлең-жырда рахмет – ырахмет, рас – ырас, разы – ыразы, рет –  ірет, реніш – іреніш, лай – ылай, лақтыру – ылақтыру, лашын – ылашын, лезде – ілезде, лажы – ылажы секілді сөздер буын саны екі түрлі болып кездеседі.

Ы, I дыбыстары сөздің ортасында келген кезде бірде түсіп қалып, бірде қосылып айтыла береді: есітіп – естіп, ықылас – ықлас, жапырақ – жапрақ, жауырын – жаурын, топырақ – топрақ, көкірек – көкірек, күңіреніп – күңреніп, қоңырау – қоңрау, еңіреп – еңреп, өтірік – өтрік, кәрілік – кәрлік, қазына – қазна, ашына – ашна, асырап – асрап, қасірет – қасрет, адыра – адра, меңіреу – меңреу, ұйықтап – ұйқтап, т.б. Мысалы: «Ауасы дертке дауа, жұпар исі. Көкірек қанша жұтса тоясың ба?»; «Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан. Өлгенше көкрегіңнен құмар кетпес» (С.Сейфуллин).

Сонымен бірге Ы, I дыбыстары кейде сөздің соңғы буынында да айтылмай қалады. Мысалы, ерік, қауып, бұлыт, халық сияқты 2 буынды сөздер ерк, қауп, бұлт, халқ түрінде қысқарып, 1 буынды сөзге айналады. Мысалы: «Кісімсі қайда жүрсең олжаға тоқ. Шұқыма халқ көзінше қарғаша боқ» (Абай); «Ерк алып, көкірек керіп, демін алған» (С.Сейфуллин).

Қазақ тіліндегі байырғы төл сөздердегі дауысты И айтылуы жағынан алғанда екі дыбыстан (Ы+й, не І+й) құралатындықтан, ие, ия болып қосарланған дауысты дыбыстары бар дү-ние, ие, өсиет, дария, жария деген секілді сөздер буынға: дү-ні-йе, і-йе, ө-сі-йет, да-ры-йа, жа-ры-йа болып бөлінгенімен, көп ретте қысқарып өлеңде дүн-йe, йe, өс-йет, дар-йа, жар-йа түрінде де айтыла береді. Мысалы: «Дү-ні-йе өтеріңді біліп едім» (Біржан); «Дүн-йеден басқа рахат тілемеймін» (С.Торайғыров).

Қысқа дауысты Ұ, Ү дыбыстары да Ы, І дыбыстары секілді бірталай сөздерде бірде түсіп, бірде сақталып отырады. Сондықтан рұх-сат – ұ-рұқ-сат, рүс-тем – ү-рүс-тем, ру-ха-ни – ұ-ру-ха-ни болып түрліше айтылады. Дауысты У да екі дыбыстан (ұ + қысқа у немесе ү + қысқа у) құрылатындықтан уақыт, уәде секілді сөздер буынға ұ-уа-қыт, ү-уәде болып бөлінеді де, қысқарғанда уа-қыт, үә-де түрінде дыбысталады. Құрамында уа, уә, уе, уы, уі болып қосарланған дауыстылары бар шаруа, жануар, меруерт, қуаныш, алуан, уыздай, уілдеп, рәсуә секілді сөздердің бәрі де осы ретпен буын саны жағынан екі түрлі болып айтылады. Мысалы:

Сыбырдан басқа сыры жоқ, Ша-р ұ-уа-ға қыры жоқ. Мен өзіңдей шар-уа-шыл Жұмсақ илеу үйлі ме?

                                   (Абай)

Орыс тілінен алынған сөздердің өлеңде қазақша айтылғанда буын саны өзгеріп, көбейіп шығады, себебі орыс сөзін қазақ тіліндегі сөздердің дыбыстық-буындық құрамына жақындатып айтудан. Бұған дәлел өлеңде /ы/ роман, /ұ/ Руссо; зе-м/ы/-с-т/ы/-во, /ы/ Ш–т/ы/– ра – у /ы/ с түрінде кездесетін сөздер. Айталық, Штраус деген кісі аты орыс тілінде 1 буынды болса, қазақша айтылуында 4 буынды болып шыққан. Мысалы: «(ы) Ш-т(ы)-ра-у (ы) с, Моцартпен. Болған мұнда Бетховен» (С.Мәуленов).

Қазақ өлеңінде буын санының айнымай дәл келіп отыратыны соншалық, 11 буынды өлшеммен жазылған бірнеше мың жолдан тұратын поэмалардың қай-қайсысын алсақ та, ішінен бір буыны артық не кем тармақты табу қиын. Рас, жыр өлшемімен шығарылған, көбінесе толғау түрінде келетін шығармаларда анда-санда артық буындар кездесіп отыратыны бар. Мысалы:

Қайда кетіп барасың, – 7 буын

Қарағымның аманат қойған ешкісі-ай. – 12 буын

                                                              («Алпамыс»)

Тоқсан бес деген тор екен, – 8 буын

Дүйім жанның қоры екен, – 7 буын

Қарғиын десең, екі жағы op екен. – 11 буын

                                                               (Бұқар)

Бұл қылығың қоймасаң – 7 буын

Сонау кеудедегі дулығадай бас кетер. – 13 буын

                                                                (Бұқар)

Сендей нарқоспақтың баласы – 9 буын

Маған оңаша жерде жолықсаң, – 10 буын

Қайраңнан алған шабақтай – 8 буын

Қия бір соғып ас етсем, – 8 буын

Тамағыма қылқаның кетер демес ем. – 12 буын

                                                                  (Махамбет)

Бұл буынның артық кетуі емес, артық сөзді әдейі қолдану, өйткені 5-6 артық буынды байқамау мүмкін емес. Бұл жырды, толғауды әуендете жырлап отырып, арасында бір еркіндеу сөйлеп кететін әдеттен туған нәрсе.

Қырғыз поэзиясында да жырда осындай артық буындар, сөз дер кездеседі. Тармақ интонациясы жағынан да яғни дауыс толқынының белгілі дәрежеде тиянақталуы жағынан да оқшауланып келеді. Бұған алдымен тармақтың көлемінде белгілі мөлшер, өлшеулілік барлығы, тармақтардың қайталанып отыруынан келіп туатын ырғақтың интонацияға, дауыс қозғалысына, оның күшейіп-баяулап отыруына тікелей әсер ететіні, сондықтан белгілі тұста сөйлем бітпесе де, тармақ аяқталғандықтан дауыс толқыны соған орай өзгеретіні себеп. Интонация, дауыстың өзгеріп-құбылуы айтылатын сөздердің синтаксистік құрылысына, сөйлемдердің қалай құрылатынына сәйкес болса, өлеңнің синтаксистік құрылысы ырғақ-өлшеммен, тармақтың көлем, өрнегімен тікелей байланысты. Өлең ырғағы интонацияға, дауыс толқынына бір жағынан тіке әсер етсе, екінші жағынан сөйлемдердің синтаксистік құрылысына ықпал жасау арқылы тағы әсер етеді. 11 буынды өлеңде көбінесе бір тармақ бір сөйлем, кейде екі тармақ қосылып бір күрделі сөйлем құрайды. Ал 7-8 буынды өлеңде әр тармақтың жеке сөйлем болуы жиі кездеспегенімен, тармақ көпшілік жағдайда не сөйлем, не сөйлемшеге сәйкес келіп отырады. 7-8 буынды төрт тармақты өлеңде (әсіресе, ұйқасы кезектесіп, шалыс келсе – абаб) көбінесе әр екі тармақ бір сөйлем құрайды. Өлеңде сөйлем бір тармақпен шектелсін, не екі тармақпен шектелсін, не одан көбірек тармақты қамтысын (бұл соңғысы алғашқы екеуіне қарағанда азырақ кездеседі), қалайда сөйлемнің бітуі мен тармақтың шегі дөп келіп отырады. Сөйлемнің тармақ ортасында бітуі қа зақ өлеңінде жалғыз-жарым ғана болмаса, ұшыраса бермейді. Өлеңде тармақтардың көлемімен сәйкес болып бірдей келетін сөйлемдер көп кездеседі. Бұған қоса бірнеше қатар сөйлемдердің құрылыскестесінің де кейде жақындау, ұқсас болуы өлеңде қара сөздегіден жиірек ұшырасатынын да ескеру керек. Бұл айтылған жайлар тармақтың интонациялық жағынан тиянақтылығын, дауыс толқынының өзгеру түрі қандай болатындығын түсіну үшін аса қажет.

Шумақ (строфа) – өлеңде бірнеше қатар тармақтардың белгілі мөлшерде топтасуы. Осындай тармақтар тобының бірлік-туыстығы немен толығады? Шумақталған тармақтардың жекеленіп, бір-бірінен ажырауына себепші жайлар қандай? Шумақтың тұтастық-бірлігін күшейтіп, жекеленіп-бөлінуіне себін тигізетіндер айтылатын ойдың тиянақталуы, сөйлемдер синтаксистік құрылысы жағынан толық аяқталып, дауыс толқынының (интонацияның) тынуы. Сонымен бірге шумақты туғызатын елеулі шарттың бірі – ондағы тармақ санының тұрақтылығы яғни өлеңде шумақ болу үшін, тармақтардың белгілі мөлшерде топтасу тәртібі сақталуы, үнемі қайталанып отыруы қажет. Шумақты құрайтын тармақтардың ұйқасында белгілі тәртіп болады. Ұйқас та шумақтың өрнегін белгілеуге, жекеленіп бөлінуіне күшті әсер етеді.

Шумақтың ой, мағына жағынан бөлектеніп, оқшауланып тұруын дұрыс түсіну керек. Бұл алдыңғы шумақтағы ой мен келесі шумақтағы ойдың арасында жалғастық, жақындық болмайды деген мағынаны білдірмейді. Ондай жалғастық әрине, бола береді. Кейде бір шумақ пен екінші шумақ мағына-ой жағынан өте тығыз байланысты болып келуі де ықтимал. Ой тізбегі қалай да шексіз, шетсіз созыла бермейді. Түйін-түйін болып, үзіліп, аяқталып, жаңадан басталып, жалғасып отырады, сондықтан әр шумақ біткенде айтылатын бір түйін ой не аяқталып, не белгілі дәрежеде тиянақталып отырады.

Сөйлемдердің синтаксистік құрылысы, дауыс толқынының (интонация) өзгеріп, түрленуі жағынан алғанда да қатар келген бірнеше тармақта жалғастық, жақындық (айталық, синтаксистік параллелизм не болмаса сөйлемдердің интонациялық сипатындағы біркелкілік) ұшырасуы ықтимал. Шумақ ішінде тармақтар белгілі ретпен топтасып келетіндіктен интонациялық сипаты күрделі болады, 7-8 буынды төрт тармақты шумақты алсақ, оның әр тармағындағы ырғақтың интонацияға әсері бірдей емес, өйткені әр тармақтың интонацияға, дауыс толқынына тигізетін әсері тармақтың шумақтағы орнына, ұйқастың ретіне де байланысты. Мысалы, 7-8 буынды төрт тармақты, ұйқасы абаб болып кезектесіп келетін өлеңді алалық:

Арқада бір жер бар еді,

Жібек самал саясы; Саяда бір көл бар еді, Сырлы кесе аясы.

                          (Сәкен)

Мұнда бірінші тармақтан гөрі екінші тармақта ырғақтың интонацияға, дауыс қозғалысына әсері күштірек. Дауыс толқынының тиянақтылығы шумақтың соңында, төртінші тармақта айрықша күшті, бір-бірімен үйлескен тармақтарда дауыс қозғалысының екпін-күші, тиянақталып тынуы көбінесе біркелкі, жуық келетінін ескеру керек.

Ұйқастың интонацияға әсерін байқау үшін мына шумақты еске түсірелік:

Жүрегі – айна, көңлі ояу,

Сөз тындамас ол баяу; Өз өнері тұр таяу, Ұқпасын ба сөзді тез?

                             (Абай)

Ұйқасы аааб түрінде келетін осы шумақпен салыстырып қарағанда, шалыс ұйқасы бар жоғарыда келтірілген шумақта әрқайсысы екі тармақтан тұратын екі бөлшекке ажыратылуға бейімділік әлдеқайда күшті болатынын көру қиын емес. Алғашқы шумақтың өз ара ұйқасқан бірінші және үшінші тармақтары аяқталғанда дауыс көбінесе сәл көтеріліп тоқталып, ары қарай тағы жалғаса түсетіні аңғарылады. Бірімен-бірі қиыстырылған екінші және төртінші тармақтың соңында дауыс біраз төмендеп, салмақтанып, саябырлап тынады, сондықтан интонацияның тиянақтылығы ерекше сезіледі.

Шығысты зерттеуші Т.Ковальский түркі тілдес елдер поэзиясында ұйқас көне заманда-ақ қалыптасып, өзінше бөлек сипат алып, содан бері қолданылып келеді деген пікір айтқан[11]. Осыған ұқсас пікірді Е.Э.Бертельс, В.М.Жирмунский сияқты ғалымдардың еңбегінен де кездестіреміз. Шоқан қазақ поэзиясында тіпті суырып салма ақындар да ұйқассыз өлең шығармайтынын атап айтады.

Кейбір тілдерде бірімен-бірі үйлесетін сөздер аса мол болады да,  басқа бір тілдерде ондай сөздердің саны азырақ болады, оларды тауып қолдану қиынға түседі. Мысалы, орыс тілінде кез келген сөздер ұйқаса бермейді, ал француз тілінде үйлесетін сөздер әлдеқайда көп[12]. Қазақ тілінде өз ара үйлесетін сөздер мол кездесетінін байқау қиын емес. Қазақ поэзиясында ұйқастың осы мүмкіншілігін шебер пайдалана білетін ақындар кейде бір ұйқасты 50-60 жолға дейін, тіпті онан да ұзақ қайталап отырады.

Қазақ поэзиясында кең тараған ұйқастың түрлерін тармақтардың шумақта кезектесу ретіне қарай егіз ұйқас – аа, шалыс ұйқас не кезекті ұйқас – абаб, ақсақ ұйқас – ааба, қаусырма ұйқас не орама ұйқас – абба, сондай-ақ жыр ұйқасын шұбыртпалы ұйқас деп жіктеу, саралау ғылыми зерттеу еңбектерде, сын мақалаларда көптен қалыптасып келеді. Ұйқастың үндестік сапасы, қандай дыбыстардың үйлесінен, неше буыннан құралатыны, жасалу шарты қазақ тілінде жазылған еңбектерде мүлде талданбайды тек қана ұйқасты үндестік сапасы жағынан толымды, толымсыз деп екіге бөлу ғана.

Өлең ұйқасы бірімен-бірі қиыстырылған сөздердегі бір не бірнеше өз ара сәйкес буынның дыбыс үндестігінен туады. Қазақ өлеңіндегі ұйқастың өзгешелігін танып-білу үшін, оның дыбыстық құрылысы, буын құрамы қандай болып келетінін анықтау керек. Үйлесетін сөздерде көп жағдайда негізгі дауысты дыбыстар қайталанып келіп отырады: кигенім – кимедім – имедің; сағынады – ағылады – жалынады. Бұл – тілдің құрылысымен астасып жатқан қазақ өлеңіне ерекше тән қасиет. Ұйқаста үндестігі жағынан егіз-қатар дыбыстар а-ә, о-ә, у-ү, ы-і, келісімді үйлес туғызады: алды – әлді, қонымды – көнімді, ұшын – түсін, қылық– мүлік. Сонымен бірге үйлесуі жағынан жақын, ұйқас деп дыбыстардың мына топтарын атап көрсетуге болады: о-ө-е; ұ-ү-ы-і; ө-ү-і; о-ұ-ы; кейбір жағдайда а-ә-о; е-ұ-ү-і; о-ү-ұ-ы.

Ұйқас құратын негізінен дауысты дыбыстар, ал дауыссыз дыбыстар қосымша, жанама міндет атқаратындықтан, қайсысы қалай үйлесетінін үзілді-кесілді айту қиынға соғады. Алайда, ұйқастарда өзара үйлесетін мына бірнеше топ дыбыстарды атауға болады: б-ғ-г; б-д-п-к-қ; с-ш; м-н-ң. Бұдан басқа дауыссыз дыбыстар да бірбірімен жақын, үйлес естілуі мүмкін. Мысалы: м-н-л; ғ-г-д-б (құмар – шынар – бұлар – шығар; шыдар – шұбар; кемін – сенің–те–гін –едім – ебін).

Ұйқасқан буындардың, сөздердің үйлестік жақындығы алдымен сәйкес дыбыстардың сапасына байланысты, бірақ дыбыстардың сөздің ішінде қай буында, буынның ішінде қай орында тұрғандығында да үлкен мән бар. Ұйқастағы ең соңғы буынның үйлесетін буынмен дыбыстық үндестігі өте-мөте толық болуы шарт. Оның алдындағы буында өзіне сәйкес буынмен дыбыс үндестігі жағынан аздап болса да алшақтық, ал соңынан санағанда үшінші, әсіресе, төртінші буында бірталай алшақтық болуы ықтимал.

Мысалы: «Мен көрдім ұзын қанат көбелекті. О да білер өмірді іздемекті» (Абай). Мұндағы көбелекті – іздемекті боп үйлескен сөздердегі төртінші буында (кө… –із…) айтарлықтай үндестік болмағанымен, осы сөздер толымды ұйқас құрайды. Ал, осындай буын үйлесі соңғы буында келсе, тіпті болмаған күнде екінші буында кездессе, онда ұйқастың сапасы көп өзгеретін еді. Үйлескен буындағы жеке дыбыстардың буын ішінде қай жерде тұрғанын да ескеру керек. Алдыңғы дауыссыз дыбыс сөздің басқы буынында бір-бірінен қанша алшақ келсе де, ұйқасты әлсіретпейді: желбіреп – зеңбірек; берік – серік – теріп; кім – мұң – түн.Ұйқастағы кейін тұрған буындарда, әсіресе, соңғы буында дыбыс үндестігі бұдан әлдеқайда жақын болуы шарт.

Буын ішіндегі ақырғы дауыссыз дыбысты алсақ, ұйқастағы соңғы буында ол өзі үйлесетін дыбыспен барынша үндес болуға тиіс. Сондықтан әдетте не бір дыбыс қайталанады не үндестігі жағынан өте жақын дыбыстар алынады: мақтап – жақтап – сақтап; еткізбес –жеткізбес; тіл – біл; өтіп – жетік – күтіп; кейін – бейім.

Ұйқастың буындық құрамы қандай болады яғни ол неше буыннан құралуы мүмкін? Буынға (силлабикалық) негізделген өлеңнің табиғатынан туатын бір ерекшелік – ұйқаста бірімен-бірі үйлесетін сөздердегі (шырақ – бұлақ) буынға буынның сәйкес келуі, соңғы буын мен соңғы буын (…рақ –…лақ), оның алдындағы буын сәйкес буынмен (шы… – бұ…) үндесетіні.

Қазақ өлеңінде үйлесетін сөздер буын саны жағынан тең болса,  ұйқасқа түгелдей кіреді. Мысалы: ұнасымы – жарасымы – таласуы; шырақ – бұлақ. Ал, егер бір сөздің буын саны көбірек болса, мысалы, жоғарыда келтірілген 2 буынды сөздермен (шырақ – бұлақ) 3 буынды сөз (қысырақ) үйлесіп келсе, онда ұйқасқа соңғы 2 буын ғана кіреді.

Ләйлім шырақ дегенге, Ләйлім шырақ, Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ. Қайыс болсын, жіп болсын, неге керек, Шідерімнің бағасы қырық қысырақ.

                                                       (Біржан)

Өлеңнің ұйқасы 2 буынды: шы-рақ – бұ-лақ – (қы) сы-рақ. Басқаша айтқанда бір-бірімен үйлескен сөздердің қысқарақ сөзі неше буынды болса, ұйқас та сонша буынды болады. Егер өз ара үйлескен сөздердің ішінде бір буынды сөз кездессе, ұйқас та бір буынды, ал ең қысқа сөз екі буынды болса, ұйқас та екі буынды болуы ықтимал. Жырдың соңғы бунағы үнемі 3 буынды болғандықтан, ұйқасы да көбінше 3 буынды болады. Поэзия нұсқаларында 3 буыннан ұйқасатын үнділік, әуезділігі күшті сөздерді қолдану өте жиі кездесетінін көреміз. 11 буынды өлең өлшемін алсақ, мұнда соңғы бунағы 4 буынды ұйқастарды қолдану көбірек.

[1] Салтыков-Щедрин М. Сочинения. СПБ, 1890. том. 9. ХХ стр. 85 «Русские писатели о языке». Л., 1954. стр. 582.

[2] Кеңесбаев С. «Қазіргі қазақ тілі» атты кітаптың «фонетика» бөлімі. 139-140-бб.

[3] Брюсов В. Опыты по метрике и ритмике, по евфонии и созвучиями, по строфике и формам.

М., 1924. стр.12

[4] Брюсов В. Ремесло поэта. Избранные сочинения в 2-х томах. М., 1955. Т.2. стр. 300.

[5] Кенжебаев Б., А.Жовтис. Заметки о ритмике стихов Абая. Вестник АН Каз ССР. 1954. № 9. стр. 122-124.

[6] Ломоносов М.Письмо о правилах Российского стихотворства. Полн. собр. соч., VII том. стр. 9-18. 91 Тимофеев М.И. Очерки истории и теории русского стиха. М., 1958. стр. 314.

[7] Томашевский Б.В. Стих иязык. М.-Л., 1959. стр. 68.

[8] Radloff W.W. Ueber die Formen der gebundenen Rede bie den altaischen Tataren, – «Zeitschrift fur Volkerpsychologie und sprachwissenschaft». Berlin 1866. s. IV.

[9] Ғосман Х. Татар шиғыренең төзелеше. «Совет әдебияты», 1958. № 4; Рысалиев Қ. Мақал жаңа лақаптардың түзүлүне қарата. Ала-Тоо, 1957. № 7; М.К.Хамраев. Основы тюркского стихосложения, Алма-Ата, 1963; Кекилев А. Әдебиет теориясы, Ашгабат, 1958; Тучиев У. Вазн хакида, «Узбек тілі ва адабиети масалалары». Ташкент, 1962. № 3; Хусаинов Г.Б. К вопросу о башкирском стихосложении. Сб.«Вопросы башкирской филологии», М., 1959.

[10] Мұқанов С. Қазақ өлеңі туралы. «Социалистік Қазақстан», 1935. № 108.

[11] Kowalski Zu studjow nad forma poezji ludow tureskish, 1922. Орысшасы: Линин А. К вопросу формального изучения поэзии турецких народов. «Известия Вост. Фин. Азерб. Гос.ун-та». Т., 1926. стр. 150.

[12] Щерба Л.В.. Фонетика французского языка. стр.169.

З.АХМЕТОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *