Теңеу

Теңеу – екі нәрсені, құбылысты салыстырудың ең көп тараған тәсілі. Жасалу қалпына қарай теңеулердің сан түрлі болып келетіні байқалады. Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасалса, енді бірде  айтылып отырған нәрсенің бір сипат-белгісін, түсін, дыбыс-үнін, тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып бейнелеу негізінде туады. Бір нәрсені басқа нәрсемен қимыл-қозғалысындағы ұқсастықты тірек етіп салыстыру жолымен жасалған теңеулер де жиі кездеседі.

Бір-біріне мүлде жанасымы жоқ сияқты көрінетін екі нәрсенің қандай да бір қасиет-белгілерінен, не қимыл өзгешелігінен ұқсастық, жақындық тауып, теңестіруге болатынын атап айта кету қажет. Бұдан теңеуді әдебиетте, поэзияда бейнелеу құралы етіп пайдаланудың шексіз бай мүмкіндігі бар екені айқындалады.

Теңеу – белгісіз нәрсені белгілі нәрсе арқылы, күрделі нәрсені қарапайым нәрсе арқылы, алысты жақын нәрсе арқылы айқындап көрсету деген пікірді жиі кездестіруге болады, әрі осы лай түсіндірудің бір қарағанда ұтымды көрінуі де мүмкін. Мұның өзі әсіресе әдебиетті, поэзияны сөз еткенде, шындыққа жанасымды болып шықпайды, өйткені көпшілікке белгісіз, түсініксіз нәрсені түсінікті, белгілі нәрсемен салыстырып айту бір-басқа да, ал бейнелілік сипаты бар көркем теңеу жасау – бір басқа. Поэзиялық шығармадағы теңеуді алсақ, мәселе салыстырылып отырған нәрсенің белгісіз немесе белгілілігінде емес, сол айтылатын өзгешелік бұлардың бірінен екіншісінде айқынырақ, көрнектілеу екенінде, салыстырудың өзінен көп мағына туатындығында. Қалам қас дегенде қалам белгілі, түсінікті нәрсе де, ал қас белгісіз нәрсе деу дұрыс болмас еді. Айтылып отырған сипат – түзу, тура деген мағына – қаламнан айқынырақ көрініп тұр. Қастың қиғаштығын сипаттамақ болғанда, мысалы, қарлығаштың қанатындай деу ұтымдырақ.

Теңеудің өзгешелігін, мазмұндылығын, тереңірек түсіну үшін тағы бірер мысал келтіруге болады. Алдымен «көптің күші көлдей, кешіп жүрген елдей» деген теңеуді алайық. Осы теңеулер біздің көз алдымызға шалқар айдын көлді, шетсіз, шексіз сияқты болып, шалқып жатқан суды, не болмаса, үдере көшіп келе жатқан көп адамның, елдің бейнесін елестетеді. Сондықтан біз көптің күші мығым, зор деген тұжырымды тек ұғым күйінде ғана қабылдап қоймаймыз, көз алдымызда айқын елес беріп тұрған көлдің, елдің көрініс әсері, суреттілік, бейнелілік әсері арқылы терең сезіне отырып та қабылдаймыз. Немесе қақтаған ақ күмістей деп қыздың маңдайын сипаттайтын теңеуге зер салып қарасақ, мұның мағынасы өте кең бай екенін көреміз. Бұл теңеу сұлу қыздың маңдайының ақ, кең деп тікелей көрсетілген сипаттарымен қатар жарқыраған, жазық, нәзік, ешбір мінсіз, көз тартарлық көркем деген сияқты талай қасиеттерін де қоса аңғартады.

Теңеу туралы айтылғанда салыстыру үшін қандай нәрсе алынып отырса, соған көбірек мән беріледі. Асылында, мәселе тек онда ғана емес. Сол салыстыру арқылы сипатталып отырған құбылыс, нәрсе қандай, оның нендей ерекшелігі көрсетіліп отыр және екі нәрсені теңестірудің өзінен қандай мағына туып, ой аңғарылады – міне, алдымен осылар толық ескерілуге тиіс. Теңелген нәрсе мен салыстыру арқылы сипатталып отырған нәрсені, құбылысты жеке, бөлек алу көп жағдайда дұрыс болмайды. Мысалы, Абайдың «өз үйінде өзендей күркірейді», – де ген сөздерін еске түсірейік. Бұл жерде мәселе тек кісіні өзенмен «алыстыруда деп ұқпаған жөн. Даукес кісінің әрекетін, дарылдаған даусын тасқынды өзен суының күркіреген үнімен салыстыру – өте орынды, тапқыр теңеу.

Ілиястың «Күйші» поэмасындағы: «Ұйлыққан сең үстінде қойдай қорқып» деген өлең жолын алсақ, мұны тек адамды қоймен салыстырған екен деп ұғу ағаттық. Ақын қойды қандай жағдайда алып отыр, оның қандай ерекшелік-қасиетін көрсетіп отыр және олармен салыстыру негізінде адамның қандай күйі сипатталады – осылар түгел ескерілуі ке рек. Қысталаңда жол таппай, шошып сасқан жұртты сең үстінде ұйлыққан қоймен салыстыру оп-оңай табыла қоятын, жадағай теңеу емес. Бұл теңеуде өмір шындығын көріп-байқағыштық пен тапқырлык, көркемдік шеберлік – бәрі бір жерден келіп тоғысқан.

Теңеліп отырған нәрсе де айтылатын ойдың орайына байланысты әр тұста әр қырынан алынып, қилы-қилы мағына туғызуға қызмет етеді. Айталық, Абай жартаспен салыстыру арқылы бірнеше жерде өз ойын көркемдеп, шеберлеп жеткізген. Бірде теңіздің толқыны «жағадағы жартасты жыға алмайды» деп, жартасты топас, қараңғы, жұрттың ырқына көнбейтін табанды, бетінен қайтпайтын адамның балама бейнесі ретінде алса, бірде «биік мансап – биік жартас» деп, жартасты мүлде басқа мағынаны білдіру үшін қолданады. Ал енді «Сегіз аяқта» Абайдың айдалада мелшиіп тұрған жартастың жаңғырығын суреттей отырып, сол арқылы ақыл сөзге жүрегі жылып, селт етпейтін ынтасыз қауымды, надан ортаны ерекше тапқырлық, шеберлікпен бейнелеп көрсететіні белгілі.

Әрбір теңеу, салыстыру мейлінше айқын, дәл айтылғанда ғана және орнымен қолданылғанда ғана құнды болмақ. Теңеу мағынасы жағынан да, сезімге әсері жағынан да баяндалып отырған жай, жағдайға, айтылып отырған пікірге, ондағы ой тізбегіне жалғас, жанасымды болуға тиіс.

Салыстыруда алдымен дәлдік, нақтылап айқындау жағы күштірек болса да, кейде шарттылық сипат немесе дәстүрлі үлгіні қолдану жағы басым келетінін аңғарамыз. Осы соңғы түрге жататын салыстырулар да мағыналы, тартымды болып жасалуы әбден мүмкін. Адамды әзірейілмен, ажалмен салыстыруда пәлендей қисындылық, өмірге, шындыққа  жанасымдылық бар деу қиын. Ескі нанымды білдіретін әзірейілді айту орынсыз көрінсе, адамды ажалмен, яғни анық көзге көрініп тұрған нақтылы сипаты жоқ нәрсемен салыстыру да ұтымды емес. Ал бірақ Ілияс Қарашашты «әзірейіл, ажал түсті» дегенде осы екі салыстыру да ерекше мағынаға ие болып, көп жайды аңғартады. Қыздың сұстылығы, қаталдығы, жауыздыққа бейім тұрғанды ғы – бәрі де көз алдымызға осы екі салыстыру арқылы өте айқын елестейді.

Салыстырудың өзі бейнелі сөздердің әр тобында әртүрлі болып келетіні, әрине, өз алдына. Мысалы, теңеудің қарапайым түрлерімен не метафораның көпшілігімен салыстырғанда символ-бейненің шарттылық сипаты әлдеқайда күшті. Басқа бейнелеу тәсілдерінен гөрі теңеуге метафора жақынырақ. Метафораның теңеуден негізгі айырмасы – онда салыстырылған екі нәрсе екі бөлек болып көрінбей, көбінесе екеуі тұптура бірігіп, бір бейнеге айналғандай болады да, екі нәрсені біреуі ғана айтылып, екіншісі емеурін жасау арқылы-ақ айқын елес беріп тұрады. Мысалы: «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса».

 Күрделі жасалған әдемі метафора суреттелген әр бейне, сипат өз мағынасының шеңберінен шығып, айтылған, көрсетілген жайлар арқылы тасада тұрған, туралап айтылмаған көп жайларды айқын аңдап сезінуімізге мүмкіндік береді. Мысалға Сұлтанмахмұттың өлеңінен үзінді келтірелік:

Ден сау болса, тағдырдың Көкке ұшырам күлдерін.

Қоям ба екен сүлдерін,

Аждаһадай ақырып,

Алдымнан қарсы шықса да, Естімеймін үндерін!

Серпіп тастап түндерін,

Жігермен талап еткен соң

Ден сау болса, тұрмыстың Маған салған құрығын Байлап алып кетермін…

Қаңқылдатып қаздарын, Туғызамын күндерін,

 Шығарармын жаздарын.

Осындағы тағдырдың күлін аспанға ұшыру, ақырған үнін естімеу, өмірдің түнін түріп тастап, күнін туғызу, жазын шығару – бәрі де алуан түрлі астарлы мән беріліп айтылған.

Метафорада балама бейне арқылы нені, кімді суреттеп отырғаны кейде тура айтылатыны да болады. Мысалы:

 

Мен – тауда ойнаған қарт марал, Табаным тасқа тиер деп, Сақсынып шыққан қиядан.

Жолбарысша жорыттым,

Етіне құлан тоям деп,

Мен – құстан туған құмаймын, Бір тұлпарға жұбаймын. Сауырыма қамшы тиер деп,

Шаппай нағып шыдаймын? Мен – түбін кескен бәйтерек, Толқын соқса құлармын.

                            (Махамбет)

 

Осы үзінді келтірілген өлеңінде Махамбет өзін басқа нәрсемен тікелей салыстырған. Айталық, қарт маралдың табаным тасқа тиер деп, қиядан сақсынып шығуын айту адамның іс-әрекетін аңғартарлық астарлы мағына туғызады. Өзін жолбарыс бейнесінде алып отырған соң, құлан етіне тоям деуі де қисынды көрінеді. Өзін тұлпарға балап, шабысқа әзір екенін айтса, өзін бәйтерекке балап, қасқой қара күш иелері дендеп кетсе («толқын соқса»), құлармын дейді. Бұл келтірілген мысал метафорадағы салыстыру әрі қарай қалай толығып, дамытылып отыратынын жақсы байқатады. Метафораның өзгешелігі жәй ғана екі нәрсені теңестіруде емес, балама бейне туғызуда екендігін, балама болып алынған нәрсенің сипат белгілері негізгі айтпақ нәрсеге телініп отыратынын осындай ұлғайған метафорадан көруге болады.

Метафора бірде мағына ауыстыру, бір нәрсенің, құбылыстың орнына соған ұқсас екінші нәрсені, құбылысты айту түрінде жасалса («қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса»), енді бірде бір нәрсені екінші нәрсеге телу, балап айту түрінде қолданылады («мен – тауда ойнаған қарт марал…, мен – құстан туған құмаймын.., мен – түбін кескен бәйтерек»).

Метафораның осы соңғы түрі теңеуге өте жақын көрінеді. Сырт қарағанда, оларды ажырату да оңай емес секілді. Ал бірақ оның теңеуден үлкен айырмасы – ол бір нәрсені екінші нәрсеге жай ғана ұқсатумен шектелмейді. Сол айтылып отырған нәрсе басқа нәрсенің кейпіне түсіріліп бейнеленеді. Сондықтан мұнда салыстыру үшін алынған нәрсенің сипат-қасиеттерін, әрекет-қимылын негізгі суреттеліп отырған нәрсеге теліп көрсету мүмкіндігі туады. Мысалы:

Ой, Ардақ, сен ақ қоян шыңнан қашқан, Артыңда мен – ақ сұңқар түлеп ұшқан.

Қан қылмай ақ жүніңнен бір ілгізші.

Тамаша қарап тұрсын қас пен дұшпан.

Міне, осы өлеңді айтушы сүйікті қызын ақ қоянға балайды да, одан әрі қызды адам кейпінде емес, қоян кейпінде алып, ойын үдете береді. Бұл айтылғаннан біздің байқайтынымыз мәселе тек метафораның көбінесе сыңары жоқ, бір мүшелі болып, кейде ғана теңеу секілді қос мүшелі болып келуінде емес. Теңеуде салыстыра суреттеп отырған нәрсе бар да және соны ұқсатып отырған екінші нәрсе бар, бірақ олардың арасы жымдасып кетпей, әрқайсысы өз алдына дара тұрады. Біреуі шығармада айқындап сипаттауды қажет етеді де, екіншісі алдыңғыны осыған ұқсату үшін дайын күйінде, бар қалпында алынады. Ал метафорада салыстырылған екі нәрсенің көбінесе жігі білінбей, кірігіп кетеді. Олардың арасындағы тікелей ой-әсер жалғастығы, бір ой не көріністен екінші ой не көрініс-бейне туындайтындай іліктестік –метафораға тән ең басты ерекшелік. Метафора қос мүшелі болып құрылса да немесе бір мүшесі ғана көрсетіліп, екіншісі тек емеурін арқылы сезілсе де, қалайда екі нәрсенің, екі құбылыстың арасындағы ұқсастыққа негізделеді.

Метафора немесе теңеу бірнеше эпитетпен жалғасып, ұласып келсе, күрделі метафора, күрделі теңеу, не тұтасқан сөз өрнегі жасалады. Тегінде, қандай да болсын бейнелі сөздер, әсіресе эпитет пен теңеу, эпитет пен метафора, бір-бірімен жалғас, қат-қабат алынып қолданыла береді.

Қаптаған қара бұлыттай, Қайнап біткен болаттай. Тұлғасына қарасам, Сайдан шыққан бұлақтай.

                              («Ер Тарғын»)

Бұл мысалдан эпитеттің теңеуге оп-оңай қосарланып отыратынын көреміз. Жорғамын шаршы топта самғайтұғын дегенді алсақ, мұның өзі тұтасқан көркем бейне. Жорғамын деген балама бейне – метафора десек, шаршы топта самғайтұғын деген сипаттама сөз – эпитет. Бұл тек жүйрік аттың бейнесін ғана беріп қоймайды, жарыса шапқан аттарды, ентелеген топты да елестетеді.

Кейде теңеуге метафора түрінде қолданылған бейнелеу де ілесе туады. Мысалы, Ақтан (Керейұлы) ақын: «Қатты жауған жаңбырдай алдарыңда қаптайын» деген сөзі бейнелеу теңеуден басталып, метафораға ауысқан. Ақын өзін алдымен жаңбырмен жай ғана салыстырса, одан әрі сөзді төгілтіп, саулатайын деген ойын қалың жаңбырдай қаптайын деп астарлап айтады.

Метафорада астарлы, ауыспалы мағына екі нәрсенің ұқсастығы негізінде туатын болса, метонимияда олардың бір-бірімен жалғастығы, байланысы негізінде туады. Әйелді – «ақ жаулық», әскерді – «қол» (қалың қол), малды – тұяқ («қара тұяқ қарында жатпас»), бүркітті – «ақиық», «мұзбалақ», қылышты – «наркескен» деу осыны көрсетеді. Ойы ұшқыр, сезімі өткір, тілі шешен деудің орнына «қаламы жүйрік» деу немесе жазушының шығармасын ұнатамын, жақсы көремін деген мағынада оның өзін, мысалы, Гогольді немесе Бейімбетті жақсы көремін деу де сол секілді. Көбінесе заттың, нәрсенің орнына оның бір белгісі, сипаты, кейде бүтіннін орнына бөлшегі алынады. Әйтеуір бір нәрсенің орнына қалайда оған жалғас, сабақтас екінші нәрсе айтылады. Метонимия – бір нәрсемен екінші нәрсені алмастырып айтудың өте ұтымды тәсілі. Мысалы, әскерді қол деудің өзі әншейін айтыла салмаған. Әскери адамның қарулылығын, күш көрсете алатынын, қорғаушы бола алатынын осылай айту арқылы бірден-ақ аңғартып тұр.

Символ дегеніміз балама бейне. Оған негізгі ойды, айтқалы отырған нәрсені, құбылысты сол балама бейне, сурет арқылы тұспалдап көрсету тән.

Символ көбінше адамның тұрпат-тұлғасын, кескін-кейпін, сымбатын тұтас алып сипаттайды, егер бір белгі-сипатын ғана алса, оны бүтінге балап, тұтас бейне орнына алады. Символдағы екі нәрсені ұқсату, жақындастыруда шарттылык, бар және бұл жағынан ол метафора, метонимия секілді бейнелеу тәсілдерімен салыстырғанда оқшаулау  тұрады. Мұнда ақынның бейнелеп керсететін тұспал суреті басқа ештемемен байла нысы жоқ, өзімен-өзі жатқан бөлек дүние болып та көрінуі ықтимал. Оның нені мезгеп отырғанын тек ишарат арқылы ғана сеземіз, бірақ осы шарттылықтың өзі, айтылатын жағдай, суреттеу, тура, дап-дайын, сипат-белгілері ап-айқын күйінде көрінбей, тұспал сурет арқылы елес беруі адамның ой-қиялын шарықтатып, сезімін қозғайды. Шынайы көркем, мағынасы терең символ әлде қандай бір дерексіз өмір шындығын аңғартқандай ғана болмай, сөз жеткісіз нәзік жайды басқа бір тұспал бейне, сипаттар арқылы сездіріп, адам жанына аса күшті әсер етеді. Олай болса, символдың көркемдік қасиеті ондағы суреттеу тәсіліне тән шарттылықтан, астарлы мағына туғызудан келіп шығады, демек символдың мазмұндылығы, көркемдігі дегеніміз – сол тұспал бейненің, суреттің ой-сезімге толы, астарлы мағынасы терең, әсерлі болып келуі.

Тегінде символ, аллегория, кейіптеу сияқты балама, тұспал бейнелердің қай-қасысында болсын аталған, суреттеліп отырған нәрсенің, заттың тура, нақтылы мағынасы солғын тартып, ығысып, көмескіленгендей болады да, ымбамен нұсқап, ұқтырып отырған құбылыстың мағынасы жарқырай түсіп, айқын сезіледі. Бұл өзгешеліктің өзі де ылғи бір қалыпта бой көрсетпейді, сан құбылып отырады. Символ мен аллегорияны осы тұрғыдан алып салыстырсақ, соңғысында шарттылық жағы басым екенін аңғарамыз. Көркем символда айтылып отырған нәрсе ишаратпен білдірілген жаңа мағынамен жарыса, әрі өзінің табиғи қалпында көрініп отырады. Мысалы, қазақшаға Абай аударған Лермонтовтың «Жалғыз жалау жалтылдап» атты өлеңін алайық, мұндағы табиғат суреті: теңіз де, толқын, желкен де – бәрі ақиқат өмірдің нақтылы көріністері, тек осы көріністер тікелей көрсетілген сурет бейнелерден тыс үлкен ойды мезгеп, күресті, әрекетті аңсайтын адам тұлғасын тұспалдап елестететін болғандықтан, өлеңдегі тура мағынадан туынды, астарлы мағынаның маңызы асып түсіп отыр. Символда өмірдің нақтылы көрінісінің бейнесі мен туынды мағынаның қатарласа келіп, бірлестік табуы оның құрылысы, жасалу жолы аса күрделі болуы мүмкін екенін дәлелдейді.

Аллегория көпшілік жағдайда айтылып отырған нәрсенің нақтылы, затты сипаты, толығынан ауыспалы, туын ды мағынаға бағыныңқы болғандықтан, мүлде әлсіреп, кейде тіпті анық сезілмейтін де кезі болады. Айталық, мысал өлеңдерде қандай да бір аңды не құсты адам кейпінде алып суреттегенде, оның өзінің нақтылы қасиет-сипаттары толық сақталмайды, керісінше, оларға өздерінде жоқ қасиеттер дарытылып, адамша сөйлеп, адамша ойлап деген секілді, адам ғана істейтін әрекеттерді істеп жүреді. Табиғат құбылыстарын кейіптеу тәсілімен жанды бейне түрінде суреттегенде де дәл сондай жағдайды байқауға болады.

Көркем тұспалдау (аллегория) ауыз әдебиетінде шешендік сөздерде, тақпақ өлеңдерде, толғау, термелерде жиі кездеседі. Тұспалдап, орағытып айтуға шеберлік әдеби туындылардың кейбір түрінде тапқырлықты, айтқыштықты байқататын ұтымды әдіс саналған. Халықтық үлгідегі тұспалдап айту тәсілін «Әр жан әр күйде» деген жырында Сәбит Дөнентаев ұсталықпен қолданған. Өлеңде революциядан бұрынғы қазақ өмірінің біраз шындығы айқын елес береді. Қоғамдағы әртүрлі топ өкілдерін, әсіресе «мырзалар» тобын шенеп, сықақтап көрсетуде тұспал бейнелерді (түлкі, қарға, борсық, т.б.) алудың өзінше ұтымдылығын осы шығармадан көреміз.

Әсірелеу тәсілінің өзі әдебиетке, көркем өнерге тән бейнелеп айтуда кездесе беретін шарттылықпен де астасып жатады. Поэзияда әсірелеудің, шарттылықтың, болмаса тұспалдап, емеурін жасап айтудың өзіндік артықшылығы болады. Мысалы Ғафу Қайырбековтің туған жерді қастерлейтін мына өлеңін еске алайық:

Дүбірде бар екі ши, Маңайында жылға көп.

Біздің әулет екі-үш үй Жайлар еді жылда кеп. 

 

Жалғыз қазық мына жұрт Мен дүниеге туған жер.

Жалғыз тұтам шуда жіп Кіндігімді буған жер.

Туған жермен байлаған

Кетпестей ғып кіндіктен,

Бар ма екен – деп ойлаймын, – Мықты нәрсе сол жіптен.

Адамға туған жердің соншалықты ыстық, жақын болуында не керемет күш бар? Бұл сауалға ақын тура жауап беріп отырған жоқ. Ол оқушысын ақындық сезімнің қуатымен баурап алып, туған жерге деген сүйіспеншілігінің тереңдігімен тебірентіп отыр, ақындық қиялдан өрбіген, әсірелеу тәсілі мен жасалған түйін-тұжырымға бізді еріксіз иландырып бас шұлғытып, «я, солай» дегізіп отыр. Мұндағы әсірелеу, шарттылық – сезім нәзіктігін, туған жерге деген махаббаттың шексіздігін неғұрлым айқын көрсетуге ат салысып тұр. Адамды өзінің туған жеріне ынтық етіп, үнемі тартып тұратын сезім күші көзге көрінбейтін, сипатсуреті жоқ. Бір сиқырлы күш секілді десек, ақын сол сезімнің күшін кіндікті буған жіп бейнесінде көзге анық елестетіп, біздің осы сезім жайлы түсінігімізді жандандырып, оған нақтылық, бейнелілік қасиет дарытқан. Мұнда астарлап айту, тұспалдау бар дейтін себебіміз: адамның туған жеріне, еліне сүйіспеншілігі орасан зор деудің орнына ақын өзгеше сөйлеп, біз күтпеген жерден шығып, бір құбылысқа тән ерекше қасиетті соған өзінше жалғастығы ғана бар екінші бір нәрсеге теліп отыр. Осылай етіп адамның өзі туған жерімен, ен біте қайнасқан бірлігін ажырата алатын күш жоқ деген ойды ақын емеурін жасап қана шеберлеп жеткізген. Осы өлеңнің мазмұндылығын, көркемдік қуатын Мұхаметжан Қаратаев жоғары бағалап, былай деген болатын: «Мұнда айқай да, асып-тасу да жоқ. Бірақ өте жылы өлең! Не ге? Неге десеңіз ақын туған жерге деген жүрек түбіндегі ыстық сезімін нағыз художникше нақты да нақышты суретпен, нәзік те нанымды образбен көзге елестете бейнелеген. Ғафу ғана емес, күллі қазаққа таныс сурет, қазақ жүрегіне ыстық, сүйкімді об раз! Ақын туған ауылдың жұрты, ондағы «жалғыз қазық», «екі ши», айналасындағы көп жыра, бір кездегі екі-үш үй қонған жайлаудың картинасын еске түсіріп қана қоймайды, тура көз алдыңа әкеледі. Ақын туғанда «кіндігін буған бір тұтам шуда жіп» әлгі картинаның тоба қазық образы болып тұр. Ақын үшін дүниеде одан «мықты нәрсе» жоқ, өйткені  бұл жіп былай осал, нәзік болғанмен, ақын үшін дүниеде ең қымбат туған жермен байлаған сол жіп. Осының бәрін көріп, біліп қана қоймайсың, сен де туған жерді сүйетін жүрегіңмен сезінесің!»[1].

Теңеу, балама бейнелер – метафора мен метонимия, тұспалдап суреттеу тәсілдері – аллегория мен символ, әсірелеу тәсілдері – гипербола (зорайту), литота (кішірейту), табиғат құбылыстарын жандандырып кейіптеу тәсілі (олицетворение), сөзді керісінше мағынада алатын сықақтау тәсілі (ирония) – осының бәрі де не салыстыру негізінде, не қалайда екі нәрсенің өз ара жалғастық, жанасымдылығы негізінде астарлы мағына туғызады, бір мағынаны екінші мағынамен алмастырады.

Ал легория мен символдың жігін анықтау кейде тіпті қиынға соғатын кезі болады, ал кейіптеу тәсілі («күлімсіреп аспан тұр») әсірелеу тәсілімен сабақтас. Кейде теңеу, метафора, метонимия көркемдік мәні жағынан символға жақын. Бірталай көркем символдардың теңеу, метафоралы эпитет, метонимия негізінде қалыптасқандығын да байқау қиын емес. Айталық, ару қызды аққуға теңеу негізінде аққу бейнесі келбеттіліктің, сұлулықтың символына айналғаны дау туғызбауға керек. Бота көз дегендегі алдыңғы сипаттама сөз – метафоралы эпитет. Ал осы бейнелі сөзді түгелдей алсақ ол метонимия қызметін атқарады, өйткені мұнда адамның бір мүшесін – көзін айту арқылы оның кескін-кейпін, тұлғасын түгелдей елестетеді. Оның үстіне осы бота көз әйел сұлулығының символы боларлықтай мағынаға ие.

Халық поэзиясына үңілсек, көптеген символдардың психологиялық параллелизммен жалғасып жатқанын, олардың айтылатын жәйді, нәрсені басқа ұқсас нәрселермен, құбылыстармен салғастырып, қатар қойып көрсету түрінде жасалатынын аңдаймыз. Мысалға Абыл (Өтембетұлы) ақынның естірту жырындағы мына сөздерді келтіруге болады:

Ай тұтылды ұлысынан,

Күн тұтылды шығысынан,

Емен сапты болат найза,

Сынды дейді ұңғысынан.

Тау құлады шынарынан,

Айрылып шықты көзің шырағыңнан,

Айрылдың Жиреншедей ділмарыңнан.

Осы айтылғандардан астарлап, бейнелеп айтудың алуан түрлі болып келетінін көреміз. Негізгі мағынасынан бөлек ауыспалы, туынды мағынасы және бейнелілік сипаты бар сөздер тұтасып келетін көркем бейне, сурет қалпында да, бір нәрсені екінші нәрсенің кейпінде көрсететін балама бейне қалпында да, ой-сезімді ишарат арқылы аңғартатын тұспал бейне түрінде де, тіпті ыммен айту, емеурін жасау түрінде де, ал кейде әсірелеп айту сөзге керісінше мағына беру түрінде де кездесіп отырады. Осы тәсілдердің қай-қайсысын алсақ та, сөздің туынды, астарлы мағынасы, көркемдік мәні өмір жайлы толғанудың нәтижесі бо лып, сол қолданылған тәсіл ой-сезімді бейнелеп жеткізудің бірден-бір ұтымды, әсерлі әдісі болып шықса ғана жарасымды бо лады. Өзінің қажетті жерінде, кезін тауып қолданылған тұсында сөздің астарлап айтылуы оның жайдағы дәл, тура, айтылатын қалпынан бөлекше мағыналылық, көркемдік сипат алуы керек. Мысалы: Көздің жасы, жүректің қаныменен. Ерітуге болмайды ішкі мұзын. Осы өлеңде ауыспалы мағынада қолданылып отырған «мұз» күнделікті айтылып жүрген, үйреншікті сөз, бірақ Абай оған бейнелі мағына беріп, үлкен коғамдық ойды аңғартып отыр. Ескі сананы, ескі ұғым-түсініктерді, қоғамдағы керітартпа ой-пікірлерді – бәрін адамның ішінде қатып жатқан «мұз» бейнесінде көрсетеді. Оған қарама-қарсы мағынада алынған ұғым бейнелер: көздің жасы, жүректің қаны. Бұлар – дүниені, қоғамдық, өмірді, халық тағдырын ескіше емес, жаңаша сезінетін ақын тұлғасын танытатын белгілер. Көздің жасы, жүректің қаны қандай: ыстық болса, ескілік шырмауынан шыға алмаған адамдардың «ішкі мұзы» соншалық суық, оны еріту оңай емес. Сөйтіп, Абай адамның «ішкі мұзын» ерітуді айтқанда, ескі ұғым-нанымдарды, ескірген қоғамдық сананы өзгерту қажеттігін шебер бейнелеп көрсетіп отыр.

Бейнелі сөздің аса бір ұтымды өзгешелеп өте маңызды, тың ой-пікірді әркімге қарапайым нәрсені айту арқылы-ақ айқындап жеткізіп беруінде.

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ аптығарға. Қай қызығы татиды қу өмірдің

Татуды араз, жақынды жат қыларға?

Осындағы «Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?» деген жол тура мағынасында алынғанда өзінен-өзі түсінікті жәйтті аңғартатын жәй ғана сөздер. Бірақ осы сөздер өлеңде астарлы, ауыспалы мағынада айтылып,  өзгеше терең мәнге ие болған, сөйтіп олар өмірдің өтуі жайлы толғанып, уақыт озады, бәрі де өзгереді, бірақ адамгершілік, адалдық, бауырмалдық, туыстық – баянды нәрсе деп түйген ақынның маңызды әлеуметтік, философиялық ойларын айқындап жеткізуге себін тигізіп тұр. Осындағы «тәтті» деген сөздің өзі нақтылы бейнелілік қалпын сақтап-ақ, адамды қызықтырып, дұрыс жолдан тайдыратын алуан түрлі жайларды астарлап бейнелеп беріп тұр.

Сол секілді тұспал сурет те мейлінше нақтылы, айқын бола тұрып, көп жағдайда сан қилы құбылыс-жайларды қамтитын жалпылық мағына да ала алады. Мұны біз мына өлеңнің сөздерінен айқын байқаймыз:

Қалай егін егерсің бейнеттеніп, Көзің жетіп тұрса егер ормасыңа. Гүл ұрығы жел ұшырып құмға түссе, Шара жоқ кеуіп, қурап солмасына.

«Адасқан өмір» поэмасындағы осы бір тұспал сурет ақын баян-даған көп арманның, «көп ойдың» іске аспауына көзі жеткендігін бейнелі түрде, әдемі елестетеді. Мұндай тұспал бейне, сурет мағынасы жағынан мейлінше сыйымды, жан-жақты болады. Себебі оның өзі ауыспалы мағынада ұғынылады және сол ауыспалы мағына өлеңде баяндап айтылған басқа сөздермен, оймен жалғас туады. Тұспал сурет, балама бейнелер шығармадағы айтылып отырған түрлі ой-пікір, сезімді күшейте түседі.

[1] Қаратаев М. Жыр арнасы. Қазақ совет поэзиясының антологиясы. екі томдық. I том. Алматы, 1966. 75-б.

З.АХМЕТОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *