ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ БЕЙНЕЛЕУ ҚҰРАЛДАРЫ
Поэзия – сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол – айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік, эстетикалық сезіміміздің үлкен, өнімді саласы. Сондықтан поэзиядағы сөз суреттілігі, бейнелілігі өмір шындығынан нәр алып, соған тікелей жалғас туады. Cөз қолдану шеберлігі, көркемдік шеберлік дегеніміз өмір құбылыстарын таныпбілу, ұғып-түсіну қабілетімен, көркем ой-сезім қуаттылығымен терең тамырласып, қабысып жатады.
Поэзия тілінің сипат-ерекшелігін сөз еткенде, оны поэзиялық туындылардың, өлең-жырлардың мазмұнынан бөлек алып қарауға болмайды. Өйткені поэзияның, өлеңнің тілі, оның негізгі өзгешеліктері көркем шығарманың идеялық мазмұнын ашу, жеткізу талабына сай қалыптасады. Поэзияда тек тіл, сөз ғана көркем емес, ой да көркем, бейнелі. Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін сол ойсезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі. Поэзия өмір шындығын асқан ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді десек, тіл, сөз әлгі ақындық, көркем ой-сезімді жеткізудің құралы ғана.
Поэзиядағы, өлең-жырлардағы бейнелі, өрнекті сөздер әлде қандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туады. Өлеңге, өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке, әрбір сөзге поэзиялық сәулет, поэзиялық нәр, көрік беретін нәрсе – ақындық ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі. Өлең сөз кестесіндегі, поэзия тіліндегі көп ерекшеліктерді дұрыс түсіну үшін, ақындық ойдың, көркем ойдың, өзгешелігін, дүниені эстетикалық жағынан қабылдап-танудың өзгешелігін жақсы ұғу шарт.
Ғылыми-теориялық ойлау жүйесіне, абстракциялық ойға не нәрсенің, құбылыстың болсын жалпылық сипатын, маңызды, басты қасиеттерін, заңдылықтарын ашып көрсету тән екені белгілі. Сондықтан дүние танудын бұл әдісі ғылымның әртүрлі заңда рына, теориялық қисын, қағидаларға, логикалық қорытындыларға сүйенеді. Ал көркем ойға, образды, бейнелі ой жүйесіне тән өзгешелік – не нәрсенің, қандай құбылыстың болсын маңызды, ішкі қасиеттеріне және көптеген ұқсас құбылыстар мен нәрселердің ортақ ерекшеліктеріне қоса олардың жеке, өзіндік, жалқы сипатын танып-білуге ұмтылу. «Ақын образбен ойлайды, ол шындықты дәлелдемейді, оны көзге елестетіп көрсетеді», – дейді В.Г.Белинский.
Поэзия қандай затты, құбылысты болсын жіктеп-бөлшектемей, оның өзгеге ортақ жалпы сипатын жалқы, өзіндік сипатынан ажыратып бөліп алмай, тұтас күйінде, өмірдегі қалпына сәйкес етіп алуға ұмтылады. Әрине, өмір құбылыстарының құпия сырын, терең жатқан мәнін, өмірдегі сан қилы қатынас-қайшылықтарды, көп нәрсенің ұқсас-ортақ сипаттарын ашып көрсететін орасан зор қуат-күш поэзияда да бар. Көптеген құбылыстарға ортақ сипат-қасиеттерді, аса маңызды ерекшеліктерді бір нақтылы суреттің, бір көркем бейненің бойына жиыстырып, типтік дәрежеге көтеріп көрсету – көркем өнердің, соның ішінде поэзияның негізгі әдісі. Поэзия өмір құбылыстарынан қорытынды-түйін жасап, көп нәрсеге ортақ маңызды сипат-ерекшеліктерді екшеп, жинақтап, типтік дәрежеге көтергенде де, сол суреттеліп отырған құбылыстардың, нәрсенің нақтылық, бейнелілік, образдылық сипатын, даралық ерекшеліктерін сақтап қалады. Яғни поэзияда қорытындылап-жинақтау мен даралау, ортақ сипаттар мен жекелік сипаттар ұштасып, ұласып жатады. Осы екі жағы тұтасып, бірігіп келгенде ғана көркем образ, көркем бейне туып, өмірдің көркем суреті жасалады.
Әдебиетке, поэзияға тән өмір шындығын көрнекі, айқын об раз, бейне, нақтылы сурет арқылы ашып көрсету әдісі дүниенің шексіз мол, саналуан құбылыс-көріністерін кеңінен қамтуға және оларды ішкі-сыртқы ерекшеліктерімен жан-жақты сипаттауға мүмкіндік береді. Поэзияда адам өмірі, мінезі, іс-әрекеті, кескін-келбеті бейнеленгенде оның сан алуан дара, дербес өзгешеліктерін толық сақтаған және сол адам өскен ортанын, дәуірдің сырларын танытатын типтік қасиеттері бар жанды тұлға жасалып шығады. Сөз шеберінің құдыретті өнерінің туындысы болған осындай көркем бейне бойына жан бітіріп, қан жүргізіп қойғандай, бетінің нұры, көзінің жанары сәуле беріп, жүрегінің соғуы, тыныс-демі сезіліп тұрғандай әсер қалдырады.
Поэзиядағы өмір суретінде қандай да болсын құбылыстар, заттар өзінің нақтылы бейнелілік сипатын сақтап, бөлшектелмей, тұтас, табиғи қалпында алынатындықтан, кейде сырт көзге осындай суреттер оп- оңай, дайын күйінде туа қалатын өмірдің көшірмесі сияқты көрінуі де ықтимал. Ал асылында, күнделікті өмірде не нәрсенің, құбылыстың болсын маңызды, типтік сипат-ерекшеліктері мен әртүрлі кездейсоқ жайлар бірінен бірі айрылып-бөлінбеген күйде кездесетін болса, поэзиялық шығармада типтік ерекшеліктер де, сондай-ақ жекелік, даралық ерекшеліктер де екшеп, ажыратып алып, қайта қосып қойғандай әлдеқайда көрнеу тұрады. Өмір шындығы ақынның, суреткердің көркем ой көрігінен өтіп, оның эстетикалық талғам-талабына сай қорытылып шыққанда ғана поэзиялық шындыққа айналады. Көркем шындық сондықтан әйтеуір бар нәрсе, тек өмірде болатын не болған нәрсе емес, ақынның жан дүниесінің жарқын сәулесімен нұрланып шыққан, оның ақыл-парасатынан, шабытты, асқақ арманынан қуат алып, құлпырған, әдемілік-сұлулыққа ынтық эстетикалық сезімінен нәр алған өмір шындығы. Ол – өмір құбылыстарының ішкі сырын, мәнін терең ашып беретін, солардың сипат-қасиеттерін, типтік тұрғыдан талғап, саралап көрсететін шындық.
Поэзия деген сөздің өлең, жыр деген мағынасынан басқа, ретіне қарай, көркемдік, әсемдік деген мағынаны да беретіні тегін емес. Поэзия терең, нәзік сезімнен туады. Ол көңілдің толқынын, жүректің лүпілін білдіреді. Жалпы поэзияға тән қасиет – айтылып, баяндалып отырған нәрсе жайлы ұғым, түсінік беру емес, оны бейнелі түрде сипаттау, суреттілік десек, осы ерекшелік лирикалық өлеңдерден айрықша байқалады.
В.Г.Белинский «Поэзияны тегіне және түріне қарай бөлу» деген еңбегінде лирика хақында былай дейді: «Поэзияның өзге шығармалары секілді лирикалық шығарма да ойды сөзбен жеткізеді, бірақ ол ой тікелей бой көрсетпей, адамның дүниені сезінуі арқылы аңғарылады да, ол туғызған елес-көріністі белгілі, үйреншікті ұғымдармен айқын, анық етіп айтып беру қиынға соғады. Мұның өте-мөте қиын болатындығы – таза лирикалық шығарма сурет-картина тәрізді, алайда ондағы негізгі нәрсе – картинаның өзі емес, біздің көңіліміздегі ол туғызған сезім»[1].
Өлең сөз сезімге толы, мейлінше әсерлі, көркем, бейнелі болып келеді. Өмірді көркемдік жолмен қабылдап, сезіну, эстетикалық, ақындық сезім, айрықша эмоционалдық, сезімталдық – поэзия тілінің басты ерекшеліктерін, міне, осылар белгілейді. Өлең тілінің бейнелі, көркем, кестелі болып келуі поэзиядағы ой-сезімнің әсерлі көркемдігін, бейнелілігін, сұлулығын танытады. Бейнелеп айтуға, сұлу сурет жасауға бейімділік – өлең тіліне ең бір тән қасиет. Суреттеу, баяндаудың көрнекілігі, дәлдігі, нақтылығы көркем образ жасау мақсатына сәйкес келіп, суреттеп отырған құбылыстың типтік ерекшеліктерін де айқын, анық қамтуға тиіс. Поэзияда не нәрсенің болсын дараланып, жекеленіп көзге түсетін ерекшеліктері өмір құбылыстарының адамның мінез-әрекетінің елеулі сырларын, маңызды жақтарын, ішкі қасиеттерін танытатын, аңғартатын болғандықтан алынады. Өлең тілінің көп ерекшеліктері поэзияның ең негізгі, басты қасиеттерінен өрбиді яғни олар поэзияға бірден-бір тән дүниені эстетикалық, ақындық сезіммен қабылдау өзгешелігіне сәйкес қалыптасады.
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп
Ауылдың жаны – терең сай, Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі, Көрінбей жердің топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып,
Үрген ит пен айтаққа, Келмеп пе едің жол тосып, Жолығуға аулаққа?
Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл ғып, Елең қағып, бос шошып.
Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп, Тамаққа кіріп иегі?
Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» атты осы өлеңінің тіл кестесіне тән барлық ерекшеліктер, эпитет, метафора және басқа суреттеу, бейнелеу құралдары құбылысқа ақынша қарап, эстетикалық тұрғыдан баға беру талабына бағындырылған. Түн желсіз, ай жарық. Су бетінде ай сәулесі дірілдеп көрінеді. Ауылдың жанында, терең сайда өзен тасып, күрілдеп ағып жатыр. Ақын түнді желсіз, айды жарық, сайды терең деп бейнелейді, сәуленің дірілдеп көрінген қалпын, өзеннің күрілдеп естілген шуын нақтылап сипаттап береді. Бұл кімнің аулы, жылдың қай кезі, айдың қай мөлшері, қайдағы сай, ағып жатқан қандай су – оларды анықтап айтып жатуды мақсат етпейді. Одан әрі ауыл маңында қанша мал бар, ол кімнің малы, малшылары кім дегенді дәлдеп айтпайды, аулақта жолыққан қыз, жігіттің кім екендігі де анық емес. Әрине, дәл осы өлеңде суреттелмегенмен, басқа бір өлеңдерде қыз бен жігіттің сипаты суреттеліп, портреті жасалуы мүмкін. Мәселе – поэзияға тән көркем суреттеу әдісі жайлы, қандай өмір құбылысы бейнеленсе де, тек ең қажетті, ең маңызды қасиет-ерекшеліктер талғампаздықпен сұрыпталып алынатындығына көңіл аудару.
Ақын жүрегін толқытып-толғантқан нәрсе – ауыл табиғатының таңғажайып сұлулығы, осы табиғат көрінісінің адам жан сезімінің сұлулығымен ұштасатыны. Сондықтан өлеңнің әр сөзі, сурет-бейнесі де осыны аңғартуы керек. Мәселе нақтылы бір ауылды атауда емес, мұндағы мақсат мал баққан қазақ аулының бейнесін жасап беру ғой. Осындай, немесе осыған ұқсас сурет-көрініс қай ауылда болсын бар емес пе?! Қай жы лы, қашан деп анықтап жату да шарт емес. Жылдың қай мөлшері екенін айтып жату қажет пе? Жаздың іші екені өлеңдегі суреттен-ақ көрініп тұр. Жаз ортасындағы ыстық күндерде жайлауда осындай бір жайлы, желсіз, қоңыр салқын, айлы түн болатыны бар ғой. Ауыл адамдарының күндізгі шаруа әбігершілігінен қолы босап, тыным тауып, тыныс алған кезі екені, малдың ауыл маңында жусап жатқаны – бәрі де өлеңдегі суреттен айқын көрініп тұр емес пе? Ауылдағы түнгі дауыс-үндер қандай шеберлікпен бейнеленген десеңізші?! Анадайдан естіліп тұрған өзен суының күрілі, тау жаңғыртқан малшылардың айғайы, иттердің үргені – бәрі де тап басып, дәл көрсетілген.
Өлеңнің мазмұнын бағдарлап қарасақ, онда басы артық бір эпитет, сипаттама жоқ екеніне көзіміз жетеді. Бәрі де ауылдың көркем бейнесін жасауға тікелей қатысып тұр. Маужыраған желсіз, әсем түн, жарық ай – бұл детальдар ауыл түнінің тамаша сәтін, адамның табиғат құшағында отырған қалпын елестетеді. «Тау жаңғырығып», малшылардың айғайы мен үрген иттердің даусына үн қосып кетуі де қайталанбас ғажайып сурет. Ол жанды-жансыз дүниенің – ауыл адамдары мен оларды аясына алып тұрған табиғаттың үндесіп, бір тұтас көрінген қалпын танытады. Суда дірілдеп көрінген ай сәулесі табиғаттың көркемдік, сұлулығынан алған әсерімізді және күшейте түседі. Ағаштың жапырағын «сыбырласып өздіөзі» деп сипаттайтын штрихтың өзі елдің жаңа бір жаны жай тауып, тыным алып, тыныстап отырған кезін аңғартуда зор мәні бар. Біз айлы түннің адам жанын рахатқа бөлеп тербеткен тыныштығын сезінгендей боламыз. Таңғаларлық нәрсе – айналадағы түнгі дыбыс-үндер бұл тыныштықты еш бұзбайды, қайта сол сезім-әсерімізді күшейте түседі. Үйткені аулақтағы өзеннің шуы, иттің үргені, таудың жаңғырығы – бұлардың бәрі де түн тыныштығында, әсіресе анық естілетінін әркім жақсы біледі. Терең сай деуі, өзен суының күрілдеп жатқанын айтуы ауылдың таулы жер, тасып жатқан мол сулы өзені бар өлкеге, шөбі шүйгін өңірге келіп қоныс теуіп отырғанын, шаруақор елдің адамға да, малға да жайлы, мол ырысы бар жер іздейтінін байқатады.
Ұлы ақынның қысқа өлеңмен жазда өзен жағасына көшіп келіп қонып отырған мал баққан ауылдың өмір-тұрмысын асқан суреткерлікпен бейнелуі ғажап-ақ. Қазақтың даласы, түні, айы, тауы, өзен-суы, жапырағы жайқалған ағашы, жазғы жердің көк майса жасыл шөбі, көшпелі елдің қоныс-жайлауы, баққан малы, түн күзететін малшылары, жастардың пәк, таза сүйіспеншілік сезімі, жастық шағын, алғашқы махаббатын сағынып еске алған адамның осындай айлы түнде ауыл сыртында, аулақта жолығатын шағын армандауы – біз өлеңнен осыншама мол шындықты табамыз, өткен ғасырдағы қазақ өмірінің тұтас бір картинасын көреміз. Осының бәріне қоса, әсіресе бізді тебірентетін жай – өлеңнен халықтың көркемдікті, сұлулықты сезінуінің қаншалықты терең, әсерлі екені де айқын танылады.
Даланың айлы түнінің осы бір әсем поэзиялық суретінің өзі-ақ қазақ әдебиетінде ақындық сезімнің, әдемілікті түсінудің дәуір шындығымен, өмір шындығымен қаншалықты қабысып, тамырласып жатқанына дәлел. Өлең тілінің, өлеңдегі сөздің бейнелілігі, суреттілігі туралы айтқанда мына бір жайды ескеруіміз керек. Өлең тілі, әрине, бірыңғай бейнелі, кестелі сөздерден құралмайды. Өлеңде айтарлықтай бейнелілік сипаты жоқ және ауыспалы мағына туғызбайтын, өзінің тура мағынасында ғана қолданылған сөздер де аз кездеспейді, бірақ поэзияда қандай сөз, сөз тіркесі болсын өмір шындығын бейнелі, образды түрде көрсетуге қызмет етеді. Мұны естен шығаруға болмайды, сондықтан жай қарағанда қарапайым, ешқандай көркемдік сапасы жоқ секілді сөздер де түрленіп, өзгеріп, өзгеше бір бейнелілік қасиетке ие болуы поэзиялық шығармада жиі кездесе береді. Жоғарыда келтірілген өлеңдегі желсіз түн, жарық ай, терең сай, қалың ағаш деген сөз тіркестері, олардағы желсіз, жарық, терең, қалың деген эпитеттер бұған толық мысал бола алады. Қандай сөз, қандай сөз тіркесі болсын, өлеңде көп жағдайда жеке тұрғандағы мағынасынан әлде қайда терең, әсерлі мән-мазмұнға ие болып, өзгеше маңызды қызмет атқарады. Өлең шығармасында терең, тың серпінді ой айтылса, өткір, отты сезім берілсе, соған орай әр сөз, сөзбен мүсінделген әр сипат-бейненің де мағынасы зорайып, көтерген жүгі ауырлап, түрленіп, жарқырап тұрады. Поззиялық шығармада жеке сөзді сөз тіркесінен, сөз тіркесін, бейнелі сөздерді тұтас суреттен, жүйелі ой желісінен бөліп алу қиынға соғатыны сондықтан. Олай болса, сипаттау сөздерді – эпитеттерді де олар анықтайтын сөздермен бірге алу керек. Эпитетке тән көркемдік, бейнелілік сол сипаттауыш сөз бен сипатталатын сөздің бірлігінен туады. Жоғарыдағы мысалдағы желсіз, жарық, терең, қалың деген сөздерді өздері сипаттап тұрған сөздерінен бөлек алып қарауға болмайды. Не нәрсенің қасиеті, белгісі екені айтылмаса, ол белгі-сипаттар құр ұғымтүсінік қана болып қалар еді. Мұны айқынырақ байқау үшін тағы бірнеше сөз тіркесін алып, қарастырып көрелік. Мысалы, сұр бұлт, қиғаш қас, қара көз дегендегі сұр, қиғаш, қара сөздерінде жеке тұрғанда нақтылы көркемдік сипат бар деп айту қиын. Өйткені түсі сұр немесе қара нәрсе өте көп, сол сияқты қиғаш нәрсе де аз емес. Мына бояудың түсі сұр немесе мынау ағаш қиғаш екен дегендегі сұр, қиғаш сөздерінің беретін мағынасы бір түрлі де, сұр бұлт, қиғаш қас де генде туатын мағына мүлде басқаша – мұндағы бейнелілік, суреттілік әлде қайда күшті. Жоғарыдағы келтірілген мысалдардағы түн, ай, сай, ағаш, бұлт, қас, көз деген сөздерді осы тұрған қалпында жекелеп алып қарасақ, олардың да суреттілік, бейнелілік күші солғындап, жай ұғым-түсінік болып шығады.
Бейнелі сөз не сөз тіркесінің өлеңнің мазмұнынан, идеясынан нәр алып, қуаттанып, әдеттегісінен гөрі анағұрлым зор мағынаға ие болып шығатынын мазмұн мен түр байланысының, мазмұнның көркем түрге жасайтын әсерінің, мазмұнды көркем түрге айналдыратын поэзияның керемет күшінің ғажап бір көрінісі деп ұғуымыз керек. Өлеңдегі сөздің мағыналылығын, салмағын, суреттілік, бейнелілік әсерін үстемелеп, арттыруға шығарманың көркем түрін құрайтын ұтымды, орамды композиция, лирикалық жанрлық түрлерді қолданудың бай мүмкіншілігі, өлеңде бейнелі сөздерді қолдану әдісінің молдығы, өлең сөз синтаксисінің бірталай өзгешеліктері, өлең сөздің ерекше әуезділігі, әсерлі ырғақинтонациясы, дыбыс үндестігі септеседі.
Осындай сан алуан көркемдік құралдардың түйісуі арқылы жеткізілетін ақындық сезімнің қуат-күші, шығарманың көркемдік қасиеті жеке сипаттамалардан, бейнелі сөздерден, әрине, толық, көріне бермейді.
Бейнелі сөздерді алсақ, олар ақындық, эстетикалық сезімнің, дүниені образды, бейнелі түрде танып-білетін және та нытатын, көрсететін көркем ойдың бір үрығы іспетті. Әрбір бейнелі сөз – әдеби шығарманың көркемдік түрін түгелдей алғанда – бүтіннің бөлшегі. Ол – сөз кестесіндегі көркемдік жасаушы көп әшекейдің бір кішкене айшығы ғана. Бейнелі сөздердің, көркем баламалардың маңыздылығы әдеби шығарманың мазмұнын ашуға, ондағы айтылатын ойды әсерлі етіп жеткізуге қаншалықты себі тиетіндігімен өлшенеді. Жекеленген ауыспалы мағына алған сөз бен сөз тіркестері кейде тіпті алғашқы, бастапқы мәнін мүлде жоғалтып алуы да ықтимал. Мысалы, қара ниет дегендегі қара өзінің тікелей мағынасында емес, арам деген мағынада, немесе нар тәуекел дегендегі алғашқы сөз де өзінің тура мағынасында емес, зор, үлкен деген мағынада қолданылатыны белгілі. Бірақ қалайда ауыспа лы, астарлы мағына сол салыстырыла суреттелетін құбылыстардың нақтылы қасиеттерін айқын түсініп-білу негізінде туатыны даусыз. Ендеше салыстыру негізінде жасалған бейнелі сөздерді олардың әдеби шығармадағы беретін мағынасы, айтылатын ойды жеткізудегі қызметі жағынан қарап бағалаумен ғана іс бітпейді. Сонымен бірге, салыстыруға қандай нәрселер алынып отырғанын да ескермеуге болмайды.
Поэзияда не нәрсені болсын көбінесе жалпыға түсінікті, күнделікті өмірде неғұрлым көп ұшырасатын, халық ұғымына әбден сіңіскен заттармен салыстырады. Сондықтан астарлы сөзде салыстырма бейнелер, әртүрлі көркем баламалар халық өмірінің шындығы мен еліміздің арғыбергі тарихынан елес береді.
Өлең тілі, оның сөз кестесі, жалпы поэзия, әдебиет сияқты, халықтың өмірімен біте қайнасып жатады. Қоғамдық құрылыс, халықтың өміртұрмысы, шаруашылығы, әдет-ғұрпы, дүние тануы, философиясы, эстетикасы – осының бәрі поэзияның мазмұнынан ғана көрініп қоймайды. Сонымен бірге бұлар поэзияның, әдебиеттің көптеген көркемдік ерекшеліктерінің, тілдегі суреттеу, бейнелеу тәсілдерінің, сөз кестесіндегі бір қыдыру өзгешеліктердің қалыптасу, дамуына әртүрлі әсер етеді.
Мұны біз, басқаны былай қойғанда, көптеген бейнелі сөздердің білдіретін мағынасында ғана емес, ой-пікірді айту тәсілі, салыстыру, суреттеу ерекшелігінде де айқын ұлттық өрнек-бедері болуынан жақсы аңғарамыз. Поэзияда ғасырлар бойы шыңдалып, әбден екшелген осындай сөз нұсқаларындағы ұлттық сипат-белгі олардың халық тарихындағы, өмір-тұрмысындағы елеулі жайлармен, халықтың өте маңызды эстетикалық түсінік-ұғымдарымен терең қабысып жатқандығына байланысты.
Тілдің, сөздің ұлттық белгі-бедерін сан-қилы сөздер тобынан, тіпті кейде екі сөздің бірінен дерлік ап-айқын байқауға болады. Мысалы, ақ көңіл, ақ жүрек дегендер орысша белая душа, белое сердце емес. Ал черные мысли қазақша қара ой емес, арам ой дегенге келеді. Қазақ тілінде қара ниет деп те, ақ ниет деп те айтыла береді. Ал орыс тілінде черные мысли делінсе де, белые мысли боп айтылмайды. Орысша добрая душа, низкая душа дейді. Қазақша бұл сөздерді, орысша өрнегін сақтамай, ақ көңіл жан, пасық адам деген сияқты етіп айтқан болар едік.
Қазақ тілінің өзінде де қара шаңырақ, қара табан, қара өлең, қара адам, қара орман деген сияқты тіркестердегі қара деген сөздің беретін мағынасы әртүрлі. Сондай-ақ, қара бет деген арсыз деген мағына берсе, ақ бет деген бетінің түсі ақ деген мағына береді.
Қай тілде қолданылатын сөздердің болсын бірталайының айтылу түріндегі өзгешелік сөз өрнегінің тек солай қалыптасқанына яғни сөздердің құралып, айтылу тәсілі солай екендігіне бай ланысты. Бұл тұста сөз тіркестерінің басқаша қолданылмай, тілде орныққан түрлеріне сәйкес алынуын көбінше шартты нәрсе деп қарауға болады. Сонымен бірге көптеген сөздердің бітіміндегі, қолданысындағы ерекшеліктер халықтың эстетикалық, көркемдік ұғым-түсінігіндегі айырмашылықты анық байқатады. Мысалы, бота көз, қой көз, құмай көз деген сияқты сөз тіркестерінің айтылу қалпынан қазақ халқының ақындық ой-сезіміне тән ұлттық өзгешеліктерді де аңғарамыз. Сондықтан, осы аталған немесе тал бойы, бұраң бел, аш бел, сүмбіл шаш, қолаң шаш, қалам қас, қиғаш қас деген тіркестер көркем ой, түсініктің өзгеше ұлттық бітім-сипатымен, сөздердің жасалу ерекшелігімен қызықты. Қоңыр дауыс, қоңыр кеш, қоңыр бел деген үйреншікті, қарапайым сөздерде (немесе, әнді ал қоңыр деп атауда) қанша поэзиялык нәзіктік бар!
Халықтың тіршілік-тұрмысымен, тарихи-қоғамдық жағдайлармен байланысты туған, халықтық, ұлттық бояу-өрнектің айқындығымен көзге түсетін бейнелі сөздерді, эпитет, теңеу, метафора, метонимия, символ, гипербола тағы сондай суреттеу, көркемдеу құралдарын түгел қамтып, тұтасымен алсақ, оларды біз халықтың ой-санасындағы, көркем ұғым-түсініктеріндегі ұлттық сипаттардың жарқын көрінісі дей аламыз. Ал енді осындай сан алуан сөздердің, сөз тіркестерінің мағынасын қай тілде болсын айтып жеткізуге болғанымен, ол сөздердің өзіндік құрылысбітімін, айтылу қалпын түгел сақтау қиын, мүмкін де емес. Бұдан (мысалы, өлеңдерді аударғанда) поэзия тілінің ұлттық сипат-белгілерін, өзгеше суреттілік ажар-көркін неғұрлым толық жеткізу міндетін қоюдан бас тарту керек деген қорытынды шықпайды. Бұл арада тек аударма алдындағы міндеттің қаншалықты қиын да күрделі екендігін айрықша атап өтуді орынды көрдік.
Поэзия тіліндегі сан қилы ерекшеліктерді, халықтың тарихи-қоғамдық өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгешеліктерді танытатын, солардан туатын сипат-белгілерді, бейнелі сөздер, сөз тіркестерінің суреттілік бітімін, жасалу, айтылу қалпындағы қисапсыз мол ерекшеліктерді барынша толық, жан-жақты, терең зерттеп білу қажет екендігін түсіну қиын емес.
Поэзияда әртүрлі теңеу, салыстырулардың, бейнелі сөздердің қолданылуында бұрыннан келе жатқан әдеби дәстүрдің әсері күшті болады. Ақиқат өмірде мүлде жоқ, бірақ ежелгі аңыз-ертегілерден ауысқан, қиялдан туған, немесе түбі ескі діни ұғым-нанымдармен жалғасып жатқан бейнелер де (мысалы, періште, пері, бейіштегі хордың қызы сияқты) кездесе береді. Олай болатын себебі бұлар – шартты түрде алынып, өзінің түпкі мағынасынан айрылып, басқа мағынаға ие болған, қоғамдық ой-санаға кірігіп кеткен, сондықтан әркімдер айтып, пайдалана беретін ұғымдар.
Халықтың көркемдік, әдемілік туралы ұғым-түсініктердің қалыптасуына, поэзия тілінде бейнелі сөздердің орнығып, өріс алуына әдеби дәстүрдің қаншалық әсер ететінін Л.Толстой жіті байқаған: «Сүйтіп біздің ортада әр түрлі аңыз, хикая, ертегілер көркем сюжет деп танылады. Көркемдік, поэзиялық сипаты бар деп саналатын кейіпкерлер мен заттар – қыз, жауынгер, бақташы, елсізде жүрген дуана, періште, неше түрлі жын-шайтандар ай сәулесі, найзағай, тау, дария, құлама жар, гүл, ұзын шаш, жолбарыс, қозы, көгершін, бұлбұл; жалпы алғанда, не нәрсені бұрынғы сөз шеберлері өз шығармаларында көбірек қолданса, соның көркем, поэзиялық сипаты бар деп саналады»[2].
Ұлы жазушының бұл сөзі поэзиядағы көркемдік, әдемілікті белгілі бір нәрселермен ғана ұштастырып, тар мағынада түсінуден сақтандырады, машықты үлгі-өрнектердің, бейнелі сөздердін төңірегінен айналсоқтап шыға алмаушылыққа сын көзімен қарау қажеттігін аңғартады.
Бейнелі сөздердің басым көпшілігі – теңеу, метафора, мето нимия, аллегория, символ, эпитеттің ауыспалы мағынасы бар мол тобы (мысалы, қанды көз деген сияқты) – екі нәрсені, екі құбылысты бірімен бірін салыстыруға, бірінің сипатын біріне алмастыруға негізделеді. Поэзиядағы осындай салыстырудың өзі жайдан-жай тумайды, көп ретте әртүрлі құбылыстардан белгілі бір ұқсастық табумен ғана іс бітпейді. Құр салыстыруда тұрған айтарлықтай ештеме болмауы да мүмкін.
Екі нәрсені жанастыру, жақындастыру үшін олардың қасиетін, ерекшелігін түсіне білу, олардан бір не бірнеше ортақ белгі, ұқсастық, қарама-қайшылық сипат табу керек. Ендеше салыстыру дегеніміз көреген ойдан, өткір сезімнен шығады.
Салыстыру, ұқсату, балап айту, тұспалдау тәсілі солай етсем деген жалаң тілектен ғана тумай, өмірден алынған нақтылы әсерлер негізінде, яғни екі нәрсенің, құбылыстың ұқсастығын, жалғастығын айқын байқап-сезіну негізінде пайда болатынын, сөйтіп, табиғи түрде жасалатынын айтқанда, осылай бейнелеп суреттеу көркем ой жүйесіне тән басты ерекшеліктің бірі демекпіз. Ұқсатып отырған нәрсенің қасиет-ерекшеліктері салыстыра сипатталып отырған нәрсеге үнемі ауыстырылып, оған да қатысты, оған да тән болып көрінеді; соған орай жарыса туып жатқан бейне, сипат және мол болады. Соның нәтижесінде біздің көз алдымызда, ой-сезімімізде екі түрлі сурет, екі түрлі көрініс жалғаса қабаттасып, алмасып, бірін-бірі толықтыра түседі. Осының бәрі салыстыра суреттеп отырған жәйдің, құбылыстың сипат-белгілері жаңа бір қырынан жарқырай, ерекше айқындала көрінуіне себепші болады. Салыстырудың өзі екі нәрсені теңестіру арқылы айтылып, баяндалып отырған өмір құбылысының қандай да бір құпия сыры, жасырын сипаты аңғарыла алатындай болса ғана құнды, бағалы.
Салыстыру, теңестіру – ойлау, сезінудің нәтижесі болғандықтан, оған негізделіп жасалған астарлы мағынасы бар көркем бейне оқушының ой-сезімін қозғап, күшті әсер етеді. Са лыстыру негізінде айтылған, көрсетілген жайларға жалғаса туатын ой-сезім, сурет, елес өзінен-өзі өрбіп, өздігінен пайда болып жатқандай көрінеді. Және сол салыстырудың негізі болған ой неғұрлым өткір, терең болса, көркем сезім неғұрлым нәзік, күшті, әсерлі болса, салыстырмалы бейненің, балама, тұспал бейненің оқушының жан-жүйесін тебірентіп, ойын өрістетіп, сезімін оятып, тұтандырып, ұшқындатып тұратын қуаты да соншалық зор болады.
Поэзиялық шығарманың бір бөлегінде, не тұтас бір өлеңде екі нәрсені бір-біріне ұқсату, көрінеу тұрған салыстыру болмауы да ықтимал, өйткені өлең тілінің суреттілігін, ұтымдылығын арттыратын одан басқа да амалтәсілдер аз емес. Оның үстіне са лыстыру, ұқсатудың өзі де үнемі айқын, айшықты түрде көрінбейді. Кейде басты, түйінді бір ой, сурет, бейне біздің ой-сезімімізге әртүрлі әсер беріп (ассоциация туғызып), содан тұтанып, қоздап, туындап жатқан көп елес, суретті көз алдымызға алып келеді.
Бұл поэзияға ғана тән құбылыс емес, адамның ой-сезіміне түгелдей қатысты ерекшелік. Поэзияда басқаша сипат алып, басқа тұрғыдан көрінеді яғни өлең тілінің, сан алуан өрнекті, нақышты сөздердің суреттілігін, көркемдігін, орамдылығын күшейте түседі. Поэзиядағы суреттеу әдісін танып-білуде үлкен мәні бар осы айтылып отырған ерекшелік те, сөзсіз, әр қилы нәрсені, ұғым-түсінік, көрініс, бейнелерді түйістіріп, байланыстыратын, сол арқылы не нәрсенің болсын өзінен-өзі байқала бермейтін мәнін, сипат-қасиеттерін айқындап беретін қабілеттен туады. Бірақ мұнда салыстыру тікелей бой көрсетпей, негізгі ұғым, негізгі бейнеге кірігіп кетіп, астарлы ой, астарлы сурет қалпында көрінеді.
Бейнелі сөздердің жоғарыда көрсетілген түрлерінің қай-қай-сысының болсын құндылығы, түптеп келгенде, өмір құбылыстарының ұқсастығын тап басып, дәл көре біліп, мол әсер, бай ассо циация туғызатын, оқушының ойын қозғап, терең сезімге бөлейтін шеберлікте жатқанын естен шығармауымыз керек. Поэзияда, әдебиетте салыстыру арқылы аңғартылған шындық дайын күйінде айтылған ақиқат-тұжырым емес, ол әдетте оқушының жан-сезімін оятып, оған ой салатын және көбінше астарлы мағынасы бар, кейде тұспал, ишара секілді мағынасы бар бейне, сурет түрінде көрінеді. Сөйтіп, эпитет (кейбір түрлері), теңеу, метафора, метонимия, аллегория, символ секілді бейнелеу, көріктеу тәсілдері не екі нәрсені тура, тікелей салыстыру түрінде жасалады не болмаса, екі нәрсе арасындағы жалғастық, ұқсастық ескеріліп, соның негізінде ауыспалы, астарлы мағынасы бар бейнелі сөз туады.
Бұл айтылған жайларды бейнелі сөздердің түрлерін жекелеп қарастыру арқылы да анық байқауға болады. Мысалы, теңеу «шоқпардай кекілі бар» деген секілді әдетте қос мүшелі болып келеді. Мұнда аттың кекілі де, теңеп отырған шоқпары да аталып, көрсетіліп отыр. Үнемі дәл осындай қатар, анық айтылмағанымен, теңеудің екі мүшесін де тауып алу қиынға соқпайды.
Метонимия, аллегория, символда, көбінесе метафорада, осындай екі мүшенің біреуі тасаланып, жасырынып тұрады. Мы салы, «Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға» дегенді алсақ, мұнда шындық іздеу идеясы бейнелі суретке айналған. «Шындықтың ауылын іздеу» дегеннің керек ауылды іздеп, сұрастырып жүретін сахара адамының бұрыннан үйреншікті, таныс кейпі арқылы жасалып, соның негізінде жаңа мағына алып отырғаны белгілі. Осының бәрі екі нәрсені тікелей салыстыру түрінде берілмей, «шындықтың ауылы» деген бір ғана бейнелі сөздің аясына сыйып тұр. Соның нәтижесінде біздің көз алдымызда, ой-
сезімімізде екі түрлі сурет, екі түрлі көрініс жалғаса қабаттасып, алмасып, бірін-бірі толықтыра түседі.
[1] Белинский В.Г. Собрание сочинений в трех томах. Т.ІІ. ГИХЛ. М., 1948. стр. 13.
[2] Толстой Л.Н. Собрание сочинений в 20 томах. М., 1948. т. 15. стр. 140.
З.АХМЕТОВ