Әдеби әдіс – қатып қалған қасаң (догмалык) қағидалар қосындысы емес, уақыттың көркемдік концепциясы. Демек, басынан ешқашан дау арылмаған социалистік реализм де – қолдан құрастырыла салған әлдебір ережелер жинағы емес, өмірдің объективтік даму заңына сай, кеңес дәуірінің өзі туғызған құбылыс.
Социалистік реализмнің көркемдік әдіс ретінде туып қалыптасуы А.М.Горький творчествосымен тығыз байланысты. Достоевскийдің сыншыл реалистер жайлы «бәріміз Гогольдің «Шинелінен» шықтық» дегенін аздап өзгертіп, социалистік реалистер жайлы «бәрі Горькийдің «Анасынан» туды» деуге әбден болады. Өйткені Горькийдің атақты «Ана» романында ешқандай ережесіз-ақ жаңа көркемдік әдістің творчестволык принциптері іс жүзінде қалыптастырылды. Дәлірек айтқанда, Горький романында, бәрінен бұрын, нағыз шындық, жинақталды. Содан соң, шындық тарихи жағынан нақты суреттелді, ақыр аяғында шындық революциялык даму үстінде көрсетілді. Осы үш принцип еңбекші қауымды идея жағынан қайта тәрбиелеу міндетімен ұштастырыла келе социалистік реализм әдісінің өзіне дейінгі реализм атаулыдан сапалық ерекшеліктері болып қалыптасқаны мәлім.
Социалистік реализмге дейінгі ең прогресшіл әдіс – сыншыл реализм. Социалистік реализм – сыншыл реализмнің мұрагері. Екеуін салыстырып қарасақ, араларынан шынайылық бірлігімен қатар, үлкен алшақтық бар.
Ең негізгі алшақтық – мақсат алшақтығы: сыншыл реализм өз кезіндегі ащы шындықтарды ашып көрсете тұра, капиталистік құрылыстың негізін шайқалтуға қызмет етсе, социалистік реализм өз кезінің қандай шыңдығын суреттемесін, бәрібір, социалистік қоғамды мейлінше нығайту мақсатын көздейді. Бұл – бір.
Екінші алшақтық – мұрат алшақтығы: сыншыл реализм қаншама прогресшіл болғанмен оның эстетикалық идеалы айқын емес-ті. Бір кезде Флобер «өздерінің оркестрі кеп дауысты, палитрасы көп бояулы» болғанына қарамастан, сыншыл реалистерде «ішкі принцип жетпейтінін» айтса, Чехов одан да гөрі ашығырақ, «өмірді өз қалпында көрсетуден асып не әрі, не бері кете алмайтындарын, өйткені өздерінде анық көрініп тұрған не алыс, не жақын мұрат жоқтығын» айтып еді.
Ал социалистік реализмнің жайы мүлде басқа, мұнда ап-анық идеал бар. Бұл – екінші айырым.
Социалистік реализмнің өзіне дейінгі реализм атаулыдан сапалық ерекшелігінің бір алуанын шыншыл жазушылар, міне, осы маңнан іздеуге мәжбүр болды. Дей тұрғанмен, әдістің құрамындағы «таптық», «партиялық» принциптер олардың творчестволық еркіндігіне тұсау сала берді. Социа листік реализмнің қазіргі жаңа кезеңде жұртшылық сынына ұшырап, тарих сахнасынан ығысу себебі осы арада жатыр.
Асылы, творчестволық әдіс бір бар да, суреткерлік шеберлік бір бар. Социалистік реализм әдісі кеңес жазушыларының шын мәніндегі суреткерлік шеберліктерімен ұштасқан жағдайда ғана дұрыс нәтиже бермек. Көп ұлтты кеңес әдебиетінің ең таңдаулы шығармалары тек қана осындай тұтасудан туған. Демек, социалңстік реализм мәселелерін қозғау – жазушылық, шеберлік мәселелерін қозғау деген сөз. Кезінде бәріміз осылай түсіндік.
Шеберлік әр суреткердің тек өз творчестволық мүмкіндігі мен ерекшелігіне байланысты, әр суреткер тек өз қабілеті мен талантының жеткен жеріне дейін ғана шебер. Олай болса, творчестволық әдістің бірдей болуы әр суреткердің бүкіл творчестволық ерекшеліктері де бірдей деген сөз емес. Әдіс әр суреткердің өзіне тән творчестволық ерекшелік атаулының бәріне толық мүмкіндік беруге тиіс. Ендеше, социалистік реализм әрбір талантты шығармада тыңнан туып, өзінің жаңа сырын ашып, жаңа қырын танытып отырмақ еді. Алайда іс жүзінде олай болмады.
Социалистік реализмнің айрықша сипаттарының бірі – бір творчестволық әдістің ішінде екі түрлі әдістің: реализм мен романтизмнің бірігуі, біте қайнауы деп білдік. Бұл туралы Алексей Толстой былай деген: «Біздің елде романтиктер мен реалистер арасындағы жік жоғалды, біздің бәріміз – жаңа дүние құрылысшыларымыз, Үлкен Адам жасаушылармыз – әрі романтиктерміз, әрі реалистерміз»…
Қысқасы, термин ретінде тарихта тұңғыш рет 1932 жылы («Литгазета», 23 мамыр) социалистік реализм атанып, негізгі принциптері кеңес жазушыларының Бүклодақтық І съезінде (1934) ресми заңдандырылып жарғыға енген бұл көркемдік әдіс содан бергі жетпіс жыл бойына әдебиет пен өнер қайраткерлерінің шындыққа барар жолы боп белгіленді де олардың творчестволық беті мен бағытына айналып кетті. Ал шығармасына қажет шындықты халық өмірімен тығыз байланысты суреткердің өзі іздеп табады. Егер суреткер өнері мен халық өмірінің арасында нық байланыс болмаса, әдіс те жай схемаға айналатыны ескертілді. Демек, социалистік реализмді өзіне нұсқалы әдіс еткен суреткер оны кез келген схема мен догмадан өзге емес, өзі қорғай білуі шарт болды.
Бүгінде бұл әдіс те жоғарыда арнайы сиптталған класси цизм, сентиментализм, натурализм, т.б. «измдер» тәрізді өз рөлін біршама ойнап бітіріп, жалпы әдебиет пен өнердегі реализмнің өрбу, өсу, өркендеу барысындағы белгілі бір кезең болып қалды.
СӨЗ СОҢЫ
Әр істі бастау қандай қиын болса, аяқтау сондай қиын. В.Шкловский әдеби қауымға кеңінен таныс теориялық зерттеулерінің бірін қалай бастаудың бабын таппай қиналып, бұл реттегі жауапкершілік жөнін былай білдіріп еді. «Көне риторика үлгісіне бақсақ, заттың тақырыбын тұжырымдайтын қысқа кіріспеден бастауға болады. Кейде кешегі өткен жайларға қайырыла сөйлеген жөн деседі; кейде өзіңнің жаза білмейтініңді әңгімелеу орынды, кейде тыңдаушымен кеңесу қонымды, кейде ұстазыңның мықтылығы мен өзіңнің осалдығыңды мойындаудан бастаған дұрыс деседі».
Ал аяқтау бұдан да жауаптырақ, А.Твардовский кеңес классикасының асыл қазынасына қосылған керемет кітабын басынан емес, бел «ортасынан бастап, аяқсыз бітіргенін» өлеңмен айтты. Бұл тегін айтылмаған: өмір қандай шексіз болса, өнер де сондай шетсіз, – бұлар жайлы сөз ешқашан бітпек емес.
Осы еңбектің басқы тарауларының бірінде біз сөз өнері туралы тұңғыш толғамдар бұдан бес мың жыл бұрын туа бастағанын айттық, Аристотель тұсында теориялық толғам эстетикалық трактатқа айналды. Содан бергі он сан ғасыр бойына сөз өнерінің табиғаты күллі әлем көлемінде тексерілген үстіне тексеріліп келеді, бірақ ешкім талдап түгесе алар емес және көркем сөз құпиялары қазыла қопарылған сайын тереңдей түседі.
Бір есте болатын нәрсе – әдебиеттің теориясы оның тарихы мен сынынан гөрі басқаша: қазақ әдебиетінің тек өзіне ғана тән тарихы мен сыны бар, бірақ өз алдына жеке-дара теориясы жок. Орыс пен ағылшын, неміс пен француз, өзбек пен қырғыз… бәрінде де солай. Әдебиеттің теориясы нәсіл таңдамайды, ұлтқа бөлінбейді, ел-елдің бәріне бірдей ортақ.
Бұл айтылған жайлар біздің алдымызға екі түрлі қиын талап қояды: біріншіден, біз өзімізге дейінгі әдебиет теория сын толғайтын еңбектерді қолдан келсе – түгел, келмесе түгелге жақын оқып, танып, біліп алуымыз керек; екіншіден, өз еңбегімізді методологиялық жағынан солармен бір арнада, ал методтық жағынан тек өзімізше ғана жазуымыз керек.
Қиындық мұнымен бітпейді. Әдебиет теориясын әншейін әріпшіл ежіктеуге айналдырып алмау үшін, оны көркем творчсствоның психологиясымен тығыз байланыстыра білу қажет. Ал «творчествоның психологиясы әлі толық туып үлгермеген ғылым» (Б.Мейлах).
Қиындық мұнымен де бітпейді. Әдебиет теориясын бірыңғай құрғақ қисынға, жасаңды заңға айналдырып алмау үшін, оны жазушының шеберлігімен тығыз байланыстыра білу қажет. Ал шеберлік шексіз, оның ұшы-қиырын табу қиын, өйткені әр суреткер «бар ғұмырын тек шеберлік жолына сарп етіп өтеді» (К.Федин). Сонда да шеберлік шегіне жете алмай кетеді, бірақ осы қиындықтардың бірде-біріне қарамастан, әлгідей үш нәрсенің (әдебиеттің теориясы, творчествоның психологиясы, жазушының шеберлігі) басын бір жерге біріктіре отырып, қайткен күнде де орасан ірі және іргелі үш нәрсені: а) көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, ә) әдеби шығарманың сыры мен сипатын, б) әдеби дамудың мағынасы мен мәнін өзімізше парықтап, ғылыми сипатта зерттеп шығу қажет болды. Қазақ әдебиетінің теориялық проблемаларын тек осы ретпен талдап-тексеру мүмкін еді.
Біз мүмкіндігінше солай еттік.
З.ҚАБДОЛОВ