• Бек болмаған бек болса, таяқ кетпес басыңнан.
• Алты аға бірігіп, әке болмас,
Жеті жеңге бірігіп, ана болмас.
• Жақының үшін жақсының жағасынан алма.
• Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды.
• Асыл әйел – әрі еркек, әрі қатын.
Үнемі айтып жауыр қылған мақалдардан өзгеше бұл мақалдар мені фольклорға жетеледі. Мақалдың мағынасы мен мәнін тереңнен зерттей келе көп нәрсені түсіндім. Біздің болмысыздың қалыптасуына мақал-мәтелдер айрықша әсер еткен. Шешендіктің бастауы да – мақал-мәтелдер!
• Кеңес қылған ел азбас,
Кеңінен пішкен тон тозбас.
• Ерден аспақ бар, елден аспақ жоқ.
• Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді.
• Аңдысқан ауыл болмас,
Ерегіскен ел болмас.
• Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды,
Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды.
• Ердің баласы – елдің панасы.
• Көп қайда болса, Құдай сонда.
• Адам ойлайды, Құдай шешеді.
• Құдай берейін десе, жұдырыққа тас сынады,
Қимайын десе, бұршаққа тіс сынады.
• Құдайдың бергенін шайтан қызғанады.
• Құдайға да сенеді,
Албастыға да ереді.
• Жаратқанның назары не жақсыға, не жалғызға түседі.
• Басы аман, малы түгелдің Құдаймен ісі жоқ.
• Алла кешірер, аруақ кешірмес.
• Күштіде Тәңір жоқ.
• Құдайдан безгенді шайтан сүйеді.
• Бекерден бекер жатқаннан Тәңір безер.
• Алла бермегенді молда бермейді.
• Тамыр берген түйеден Тәңір берген тоқты артық.
• Халықтан ұял, Құдайдан қорық.
• Құдайдың бір аты – халық.
• Адам басына бір Алла.
• Құдай біреу, кезек екеу.
• Құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас.
• Ескі мешітке көкек азаншы,
Есі кеткен ауылға есек азаншы.
• Аруақты жерден ат үркеді.
• Ишанға қол бермеген шайтанға жол береді.
• Діні пәктің ділі пәк, ділі пәктің тілі пәк.
• Қорыққан молда мешіттен ұзамайды.
• Өлтіретін молда көп,
Өлтірмейтін кітап көп.
• Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен.
• Өлейін деп өліп бара жатқаным жоқ,
Молдадан ұялғаннан өліп бара жатырмын.
• Ала шапанды молда да бір,
Ала қанатты сауысқан да бір.
Екеуі де арам ниет: жығылғанда қасыңда, өлгенде басыңда.
• Сорлының тамағын дүмшенің біссіміласі тауысады.
• Адам – түп ата, Хауа – түп ана.
• Адам адамға, жан кеудеге мейман.
• Адал адамның аты арып, тоны тозбас.
• Он адам жүрген жерде із,
Жүз адам жүрген жерде соқпақ,
Мың адам жүрген жерде жол қалады.
• Алланың шайтанынан адамның шайтаны күшті.
• Ақылды адам айтқызбай біледі,
Ақ сұңқар қаққызбай іледі.
• Мың адам салған көпірді бір адам бұзады,
Бір адамның жаққан отына мың адам жылынады.
• Адамның жаны – Алланың аманаты.
• Халық қаһары қамал бұзады.
• Құдайдың қарғысына ұшырасаң да,
Халықтың қарғысына ұшырама.
• Халық – ханға басынғанда бала, ашуланғанда әке.
• Халықты дана қосады,
Әйел мен ерді бала қосады.
• Өсер халықтың арманы көп,
Өшер халықтың жанжалы көп.
• Түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі.
• Ноғай, қазақ – бір кісі.
• Қазақтың айраны көп,
Орыстың мейрамы көп.
• Көп түкірсе, көл болады,
Көп біріксе, ел болады.
• Көп күлкісі Күннен де жылы.
• Көп аузы – зеңбірек.
• Көптің мүлкін көргенсіз бөледі.
• Бірмен сырлас, мыңмен кеңес.
• Көп құмырсқа жабылса, түйені де өлтіреді.
• Патша залым болса, жұрт тозады,
Патша ғалым болса, жұрт озады.
• Хан сырын білгеннің қаны төгіледі.
• Хан қасында уәзір білгіш болса, қара жерде кеме жүргізеді.
• Ескі ханның ақылы жүрмес,
Жаңа ханның бұйрығы жүрмес.
• Хан табылар, қараша табыла бермес.
• Кілемге бергісіз алаша бар,
Ханға бергісіз қараша бар.
• Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді.
• Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті.
• Қараша ханға жыласа,
Хан ханымға жылайды.
• Хан ақымақ болса, халық күйзеледі.
• Ханда қадір болмаса,
Қарада ұят болмайды.
• Хан Құдай емес,
Қара қурай емес.
• Төренің тілі тәтті, діні қатты.
• Күшті есіктен кірсе,
Төре түндіктен шығады.