Эпос (грекше epos – баяндау, әңгімелеу, тарихтап айту) – көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда, өмір шындығын мейлінше мол қамтып кең суреттейтін адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан- жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.
Осындай теориялық анықтамаға келмес бұрын профессор
Л.И.Тимофеев эпосты термин ретінде екі түрге бөліп алады да, алдымен «әдеби-тарихтық мағынада эпос – халық поэмалары мен ертегілері (орыстың халық эпосы, көне дүние эпосы, т.б.)»[1] – дейді. Мұнда да үлкен логика бар: әдебиет теориясында эпос жанр атанғанмен, әдебиет тарихында халық дастандары, айталық, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» сияқты батырлар жыры екені рас. Әйтсе де, мәселеге историзм принципінен қарасақ, бұлайша бұтарлай бермей-ақ, бәрін бір жүйеде тексеруге әбден болады. Өйткені эпос деген терминнің әдебиет тарихындағы мағынасы әдебиет теориясындағы мағынасымен сабақтас, сондықтан біз бұл жанрдың байыбына осы тұрғыдан барған дұрыс деп білеміз.
Өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктеріне қарай эпикалық жанр үш түрге бөлінеді: 1. шағын көлемді эпикалық түр; 2. орта көлемді эпикалық түр; 3. кең көлемді эпикалық түр. Қандай эпостық шығарма болсын, бәрібір осынау үш түрдің біріне жатады. Эпостың ендігі ерекшеліктерін неғұрлым ұтымды аңғарту үшін осы айтылған жанрлық түрлердің әрқайсысын (құрамындағы кейбір үлгілерін мысалға ала отырып) жеке-жеке сипаттауға көшеміз.
Шағын көлемді эпикалық түрге жататын әдеби туындыларда, негізінен, өмір шындығы бір немесе бірер ықшам эпизод мөлшерінде, адам тағдыры бір немесе бірер жинақы оқиға көлемінде ғана көрсетіледі. Оқиғаға қатысатын қаһармандар санаулы, олардың басынан өтетін құбылыстардың бәрі емес, кейбір үзіктері ғана суреттелетін болғандықтан, мұндай шығарманың көлемі де шағын, ықшам. Адам мінезі мұнда көбіне қалыптасқан, дайын қалпында көрінеді. Кейіпкер өмірінің көп бұралаңы шығарма сыртында – баяндаудан да, суреттеуден де тыс; авторлық материал – нағыз қажетті детальдар мен штрихтар ғана. Шығарманың сюжеттік арқауы ұзақ желілі, арналы даму үстінде емес, қысқа қайырылған келте суреттер түрінде тізбектеледі; композициясы да – жинақы, үйірімді, ширақ.
Шағын эпикалық шығармалар әдебиет тарихының әр кезеңінде әр сипатта болған. Мәселен, ежелгі көне дүниедегі бұл тектес көркем туынды – миф, одан кейінгі әр тұстардағы үлгілері – аңыз, ертегі, мысал, новелла, т.б.
Миф – табиғат құпияларын, адам не қоғам өмірінің сан алуан сырын қиял ғажайып оқиғаға айналдыра бейнелейтін фантастикалық баян. Бұл байырғы халықтардың бәрінде бар, бірақ түпкі туған төркіні көне Греция (Троя, Фивы циклдері), кейін римляндарға ауысқан.
Бұл секілді мифтер көне дүние көркем әдебиетінде көп және әр алуан; бәрі бірігіп, әлемге әйгілі грек мифологиясын құрайды. Мұны әдебиет теориясында мифологиялық эпос деп атайды.
Мифологиялық эпос – жалпы эпос атаулының басы. Бұл эпостың идеялық-тақырыптық негізі – адам баласының табиғат пен қоғам туралы ғылым тумай тұрғандағы сонау алғашқы қауымға тән идеологиялық, синкретизм тұсында етек алған аңқау әрі аңғырт ұғым нанымдары. Демек, мифологиялық эпосты адамдардың басын тұмандай тұтқан бірыңғай діни сенімдер ғана туғызады деуге тіпті де болмайды. Мифологиялық эпос – халықтың бүкіл қауым болып қанаттандырған қиялынан туған қымбат қазына. Ондағы негізгі мотив жеке бастың күйкі тіршілігі емес, кейінірек өрбіген батырлар жырындағыдай, жалпы жұрт тағдыры болуы да сондықтан.
Эпостың көне түрлерінің бірі – аңыз. Бұл да миф секілді әсіре қиял аралас фантастикалық хикая, бірақ мифтен өзгешелігі – аңыздың негізінде шындыққа жанасымды, көбіне тіпті өмірде болған, халық жадында сақталған оқшау оқиғалар жатады. Әр халықтың тарихындағы әлдебір абзал адамдар – аса көрнекті қайраткерлер хақында да талай аңыздар туған.
Қазақ ауыз әдебиетінде Асан Қайғы туралы аңыз бар. «Бұл – тарихта болған адам, бірақ тірлік еткен заманы Жәнібек ханның тұсы дегені болмаса, дәл кім еді, қай ортадан шығып еді, қандайлық еңбек, әрекет етіп, қандай өмір кешіп еді. Ол жайының ешқайсысынан дәл дерек жоқ»[2].
Бір ескеретін нәрсе – Асан жайлы аңыздар екі ұдайы; бірі – халыққа жат, онда Асан Жәнібек ханның жанындағы кертартпа сәуегей халінде көрінеді де, екіншісі – халықтық аңыз, онда Асан жалпы жұрт үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» жайлы қоныс, құтты мекен іздеп жүрген ел қамқоры кейпінде көрінеді. Соңғысы қызық аңыз, бізге керегі де осы аңыз. Бұл аңыз – шағын эпикалық түрдің қазақ әдебиетіндегі тәп-тәуір, нұсқалы туындысы да, Асан кәдімгідей көркем шығарманың кейіпкері.
Шағын көлемді эпикаға тән жанрлық түрлердің бірі – ертегі. Бұл да миф пен аңызға ұқсас, адам өмірінде, не хайуанат дүниесінде болуға лайық,, әр алуан қызық, кейде тіпті ғажайып оқиғаларды ойдан шығарып, өсіре әңгімелейтін көркем баян, әсерлі хикая.
Мысал – эпостық, шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатта, көбіне аң, хайуанат, кейде зат туралы жазылады да, сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік күлкіге, келекеге, мазаққа айналдырылып, сықақпен саналады. Мазмұны бүкпелі болғанмен, идеясыз астарсыз, ашық, тілі мірдің оғындай өткір, шымшымалы.
Мысалдың классикалық үлгісі ретінде Ахмет Байтұрсыновтың атақты «Қырық мысалындағы» И.А.Крыловтан аударған «Аққу, шортан һәм шаян» атты өлеңін ұсынсақ, осының жанрлық ерекшелігін әркім өзінше айтпай-ақ аңғара алады:
Жүк алды Шаян, ІІІортан, Аққу бір күн, Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін. Тартады Аққу көкке, Шаян кейін, Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін. Бұлардың машақаты аз болмады, Жұмысы орнына кеп мәз болмады.
Тартса да бар күштерін аямай-ақ, Асылы, жүк орнынан қозғалмады. Оншама ол жүк артық ауыр емес, Құр сырттан пәлен деу де тәуір емес. Жүк бірақ әлі күнге орныңда тұр, Бірыңғай тартпаған соң бәрі тегіс. Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас, Әуелі бірлік керек, болсақ жолдас. Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей, Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.
Көркемдік дамудың жаңа кезеңдерінде эпикалық шығармалардың да бұрынғы түрлері өзгере, жаңғыра тұра, тіпті тың түрлері туады. Феодализм мен капита лизм тұсындағы шағын эпоста сондай жаңадан туған түрдің бірі – новелла (италянша novella – жаңалық, соны сөз) — «бұрын-сонды көз көріп, құлақ естімеген тамаша оқиға туралы шындыққа сыйымды әңгіме» (Гете).
Новелланың алғашқы белгілері грек әдебиетінде біздің эраның бас жағында көріне бастағанмен, ол шағын эпикалық түр ретінде Европадағы Ояну дәуірінде туып қалыптасты. Бұл тұста қоғам назары бір түрлі жеке адамдарға ауа бастады: әркімнің дара тіршілігі, ісәрекеті, оның басынан өтетін оқшау оқиғалар, кездейсоқ құбылыстар көп көңілін көбірек алаңдататын болды. Новелла осындай жеке адамдар басынан кешкен оқыс, оқшау оқиғалардан туған еді. Ренессанс кезіндегі Италияның көрнекті жазушысы Боккаччоның әйгілі «Декамероны» – сондай новеллалар циклі. Бүкіл дүние жүзі әдебиетінде жұртқа мәлім айрықша шебер новеллистер – Н.Гоголь мен А.Чехов (Ресей), П.Мериме мен Г.Мопассан (Франция), Эдгар По мен О’Генри (Америка), т.б.
Біз новелланы эпостың шағын түріндегі даму сырларын қаперге алғандықтан ғана атап отырмыз. Әйтпесе, новелла біздің дәуірімізде көркем әңгімемен ұласып, екеуінің ара жіктері жойылып, бара жатыр. Әдебиет білімпаздарының бірқатары тіпті бұл екеуін бір-бірінен айыра қарауға қарсы, екеуін бір нәрсе деп түсіндіреді. Сондықтан біз кей реттерде новелланың жанрлық ерекшеліктері болып көрінетін сюжеттегі оқшау шиеленіс, оқыс шешім сияқты жайттарға арнайы тоқтап, айрықша мән бермей-ақ көркем әңгіме мәселесін пайымдауға көшеміз. Әңгіме новелладан кейінірек туған ұғым болғанмен, екеуінің табиғаты бір екені даусыз. Оның үстіне, әңгіме – шағын көлемді эпикалық түрдің соңғы жүз жыл ішіндегі аса бір әсем үлгісі.
Әңгіме – қиын жанр. Алдымен, көлемі шағын. Ол жазушыдан барынша жинақы болуды талап етеді. Содан соң оқырманды бірден үйіріп әкету үшш, сол шағын көлемдегі өмір эпизодының өзі соншалық тартымды, сюжет желісі қызғылықты болуға тиіс. Сюжетке ене бастаған бетте-ақ оқырманның көз алдына іші-сыртын, мінез-құлқын, іс-әрекетін аттаған сайын аңғартып, адам келе бастауы керек. Ол адам өзіне тән ең бір елеулі өзгешелігімен шұғыл даралана беруге тиіс. Адам тұл көрінбейді, оның өзін қоршаған айналасы айқын көзге түсуі, сол арқылы белгілі бір әлеуметтік топ, қоғамдық орта танылуы шарт. Әлгі адам соның өкілі, типтік тұлға болуы қажет. Осының бәрі жазушыдан өмірді терең білумен қатар, шұрайлы сөз байлығын, жіті байқағыштықты, асқан талғампаздықты, тілдегі тамаша суреттілікті, бір сөзбен айтқанда, қалам тиген жерді өмірдің өзіне айналдырар нағыз шеберлікті, соған қоса кемел идеяға апарар терең білім мен биік мәдениетті талап етеді. Мұның бәрі күрделі, қиын жұмыс, сондықтан болуға тиіс, қаламгер қауым әңгіме жазуды шеберлік шыңдау деп ұғады.
Қысқасы, әңгіме – шағын көлемді эпикалық түрдің айрықша асыл үлгісі.
Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк. Бұл да қысқа көлемді көркем шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлегі, адам өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен, әрлі суреттер арқылы шебер, тартымды бейнеленуге тиіс. Бірақ очерктің әңгімеден бірнеше өзгешелігі бар. Ең бастысы: очеркте суреттелетін шындық – ойдан шығарылған нәрсе емес, өмірде болған не бар адам. Содан соң очерк өткен шақтың көне шындығынан емес, осы шақтың жаңа шындығынан ғана туады.
Очеркте беллетристиканың да, публицистиканың да сипаттары бар. Мұнда да ол – аралық нәрсе! Очеркті тегі жағынан алып қарасақ та әрі әдеби жанр, әрі газет жанры екенін аңғарар едік.
Эпостың шағын түріне жататын очерк секілді аралық жанрдың бірі – фельетон (французша feuilleton – парақ); бұл да әрі әдеби жанр, әрі газет жанры. Өлеңмен де, қара сөзбен де жазыла береді. Мұның әдеби қасиеті мол жақсы үлгілерінде кәдімгідей көркем бейнелер, қызық мінездер, сатиралық типтер жасалған.
Кейбір әдебиет зерттеушілері мемуар, памфлет, эссе секілді әдебипублицистикалық жазбалары да шағын эпостың очеркке жақын түрлері ретінде атап жүр. Бұлардың қай-қайсысы да күрделі баяндау, көлемді хикая, дәлірек айтқанда, ұзақ әңгіме. Ал ұзақ әңгіме яки повесть – орта көлемді эпикалық, түрдің үлгісі.
Повесть деген не? Әдебиет зерттеушілері бұл сөзді алдымен термин ретінде анықтамақ болып оның тамырын тереңге әкетеді.
Орта көлемді эпостың повестен басқа тағы бір түрі – поэма (грекше роіеmа – туынды) – өлеңді повесть, өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен суреттеу. Поэмалар түрлі-түрлі: сюжетті поэмалар да, сюжетсіз поэмалар да болады. Поэмаларда жасалатын адам образдары да әр алуан: эпикалық образ да, лирикалық образ да, романтикалық образ да, реалистік образ да болады.
Зерттеліп отырған жанрдың үшінші саласы – кең көлемді эпикалық түр.
Эпостың осы түрін көбіне роман деп атап жүр. «Роман деген сөз – дейді Пушкин, – ойдан өрбіте баяндалған тарихи дәуір ұғымын береді». Белинский де романды «жаңа дәуір эпопеясы» деп түсіндірген болатын. Ал дәуірлік шындықты көркем жинақтау үшін жекелеген адам тағдыры жеткіліксіз, әр алуан әлеуметтік топтардың қым-қиғаш күрделі қарымқатынастары, олардың мақсат-мүдделеріндегі бірліктер мен қарамақарсылықтар, өмір тіршіліктеріндегі өзекті оқиғалар мен кезеңді құбылыстар кең қамтылып, терең тұтастырылуға, сол арқылы жалпы қоғамдық дамудың заңдылықтары танытылуға тиіс. Романның, көлемі үлкен, мазмұны қат-қабат, сюжеті мен композициясы орасан күрделі болу себебі де осыған байланысты.
Романның даму жолдары – өз алдына жеке тарих болса, сол тарихтың кезең-кезеңдерінде туып, қалыптасқан жанрлық, түрлері тағы да коп. Орта ғасырдың «Тристан мен Изольдасынан» Ояну дәуірінің «Гаргантюа мен Пантагрюэліне» келетін рыцарлық эпостың бар бұралаңын түгел қозғамай-ақ, М.Сервантестің «Дон Кихотындағы» серілік сипатты айтқанның өзінде біраз шежіре шерткен болар едік. Бірақ бұл – әдебиеттің теориясы емес, тарихына қатысты әңгіме, сондықтан біз романның әр тұстағы жекелеген жанрлық үлгілері ретінде Лесаж ден қойған плуттық роман, Дюма көп жазған авантюралық роман, ВальтерСкоттан басталатын тарихи роман, Бальзактан былайғы психологиялық роман, Жюль Верн өрбіткен фантастикалық роман, Чернышевский туғызған публицистикалық роман… болғанын атап қана тынамыз. Өйткені романды бұлайша түрлендіріп, әр түріне мінездеме беріп түгесу тіпті мүмкін емес. Түрлер шексіз, туған үстіне туындай береді. Мәселен, бір ғана Б.Томашевскийдің өзі утопиялық роман, семьялық роман, мещандық роман, бульварлық роман, роман-күнделік роман-фельетон… деп жіпке тізе жөнелгенде ондаған түрді бір-ақ көгендеп тастайды. Оның үетіне, осынау атаулардың бәрі шартты екенін ескерсек, әрқайсысынан жеке-жеке қисын қорытудың қажетсіздігі өзінен-өзі айқын болуға тиіс.
Романның кең құлашты, мол тынысты синтетикалық жанр ретінде әбден кемелденген кезеңі – сыншыл реализмнің тұсы. Бұл ретте «көркем прозадағы Гомер мен Шекспир дәрежесіне көтерілген Толстой мен Достоевский» (Кожинов) романдарын атаған жөн. Өткен ғасырдағы орыс романы осылар санатындағы алып суреткердің арқасында бір ел емес, бүкіл адам баласының көркемдік даму тарихында айта қалғандай адым жасағаны жұртқа мәлім. Мазмұндағы салиқалы бітім мазмұнды пішіндегі жан-жақтылыққа әкелді: авторлық баяндау мен суреттеу, қаһармандардың монологтары мен диалогтары, әр тәсілді мүсіндеу мен мінездеу, жинақтау мен даралау, сөздегі сурет пен психологиялық дәлел, биік парасатты пафос пен терең философиялық толғам…
Проза – қазақ, әдебиетінде кешеңдеу туған, бірақ орасан шапшаң дамыған сала. Абай Құнанбаевтың ғақлиясы мен Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» жаңа туған жас жанрдың алғашқы тәжірибелері ғана болса, тарихи жағынан қысқа мерзім ішінде Бейімбет Майлиннің, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің күрделі де кесек шығармалары арқылы көп ұлтты үлкен кеңес әдебиетінің ең алдыңғы қатарына бір-ақ ырғып шықты. Бұл – қазіргі қазақ прозасын, оның ішінде роман жанрын сөз ете қалғанда атап айтар айрықша сипат.
Дүниежүзілік әдебиеттегі кең көлемді эпикалық түрдің соңғы жүз жыл ішіндегі дамуына тән тағы бір тамаша сипат – эпопеяның кемелденуі болса, қазіргі қазақ романы бұл сипатқа да еркін ие болып отыр. «Романэпопеяның басты ерекшелігі – деп жазады профессор Т.Нұртазин, – онда бір романның кемерінде бірнеше роман иіндесе сыйысады. Қазақтың эпопеялық романдарының ішінде мұндай ерекшеліктер «Абай жолында» бар. Романның төрт кітап болуының өзі бір романда төрт романның басы тоғысқанын көрсетеді. Төрт кітап Абайдың басымен байланысты оқиғалармен тұтаса желіленеді. Алайда әр кітаптың логикалық тынысы бар»[3]. Ғалымның осы ойлары және осыған байланыстыра айтқан «тұйық роман», «ашық роман» туралы тұжырымдары жанр табиғатын танығысы келгендерді бір алуан қызық толғанысқа мезгейтін кенеулі пікірлер.
[1] Тимофеев Л.И. Основы теории литературы. М.: Просвещение, 1966, стр. 343.
[2] Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы, 1959. 245-б.
[3] Нұртазин Т. Жазушы және өмір. Алматы, 1960. 200-201-бб.
З.ҚАБДОЛОВ