ӘБДІРАХМАНОВА ГҮЛСІМ (12.12.1917 Қарағанды облысы Нұра ауданы — 7.10.1970 Семей) —актриса, Қазақстанның халық артисі (1964). Алматы театр көркемсурет училищесін бітірген (1937). Сол жылдан бастап өмірінің соңына дейін Семей музыкалық драма театрында актер болды. Ол музыкалық һәм драмалық қойылымдарда бірдей ойнап, көп қырлы талантымен көрермен қауымның құрметіне бөленді. Осы театрдың әр кезеңде қойылған, М. Әуезов қаламынан туған “Еңлік — Кебегі” Еңлік, “Қарақыпшақ Қобландыдағы” Қарлыға, “Айман — Шолпандағы” Айман, Теңге, “Түнгі сарындағы” Жүзтайлақ, “Қарагөздегі” Маржан, Ә.Тәжібаевпенбірігіп жазған “Ақ қайыңдағы” Алтыншаш рөлдерін келістіріп ойнады. Өз замандастарының бейнесін жасауда да Әбдірахманованың еңбегі зор. Жер — Ана (Ш. Айтматовтың “Ана — Жер — Анасы” бойынша), милиционер әйел (Қ. Шаңғытбаев пен К. Байсейітовтың “Ой, жігіттерінде”) т.б. рөлдер оның актерлік шеберлігін танытты. Актрисаның драм. қабілетімен бірге, тамаша әншілік өнері көптеген музыкалық қойылымдарда ойнауға мүмкіндік берді. Олардың ішінде — Софья (Б.А. Александровтың “Малиновкадағы тойында”), Ақжүніс (С. Камалов пен Е.Г. Брусиловскийдің “Ер Тарғынында”), Қамқа (Ғ. Мүсірепов пен Е.Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібегінде”), Телли (У. Гаджибековтің “Аршин мал аланында”), Клементина мен Елена (И.Ю. Дунаевскийдің “Еркін желі” мен “Шалқар теңізінде”) т.б. рөлдердің актрисаның шығармашылық жолында ерекше орны бар. Ол өзінің жарқын өнерімен театрдың драмалық һәм музыкалық келбетінің қалыптасуына мол үлес қосты.