СӨЗБЕН ШЫҢДАЛҒАН ШЫНДЫҚ

 

СӨЗБЕН ШЫҢДАЛҒАН ШЫНДЫҚ

I

Көркем шығарма – нағыз суреткерлік әрекеттің нақты нәтижесі, әдеби еңбектің көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын затты дерегі. Сәтті шыққан көркем шығарма – бір жазушы келесіндегі ғана емес, бүкіл әдебиет көлеміндегі кесек құбылыс, бүкіл өнер әлеміндегі тұрлаулы тұлға дейтін болсақ, образ – осынау өнер туындысындағы көп тұлғалардың бірі.

 «Әдебиет – ықшамдалған әлем» (Салтыков-Щедрин) болса, әдеби шығарма – сол нұрлы дүниенің сырлы бөлегі. Ол – өмірдің өзі секілді күрделі, бұралаңы көп, қия-қалтарысы мол шытырман шындық. «Шұғаның белгісі», «Еңлік–Кебек», «Сұлушаш»… Оқимыз, тұшынамыз, тағы оқимыз, ойланамыз. Жалықпаймыз. Әр оқыған сайын бұрын байқамаған жаңа, соны сыр ұққандай боламыз. Шын мәніндегі шынайы өнер туындысы оқырманға осылайша әсер етуге тиіс.

II

Сылдырап өңкей келісім, Тас бұлақтың суындай…

Абайдың осы сөзінде аса терең мағына жатыр. Шын мәнісіндегі өнер туындысының айрықша асыл қасиетін, сыртқы түрі мен ішкі сырының тамаша үндестігін осыдан артық дәл тауып айту қиын. Әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеннің өзі де осы – көркем шығарманың шына йы сұлулығы яки «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісім».

Мазмұн мен пішін – күрделі мәселе, іргелі философиялық ұғым. Мазмұн мен пішін – тек өнер ғана емес, өмірдегі ақиқат шындықтағы кез келген затқа және құбылысқа тән нәрсе.

Мазмұн мен пішін ең алдымен бір-бірінен айырылмас байланыста, бірлікте, бірінсіз бірі жоқ яғни мазмұнсыз пішін жоқ, пішінсіз мазмұн жоқ.

Пшінді алайық. Пішін дегеніміз – бір нәрсенің пішіні, басқа ережесі жоқ. Осының енді ішкі қасиеті, анықтамасы бар, ол – мазмұн.

Мазмұнды алайық. Мазмұн дегеніміз – бір нәрсенің мазмұны; басқа ережесі жоқ. Осының енді сыртқы қасиеті, анықтамасы бар, ол – пішін.

Мазмұн мен пішіннің бірлігі осының өзінен-ақ анық көрініп тұрғандай. Мазмұн пішіннің ішкі қасиеті, пішін мазмұнның сыртқы анықтамасы болғанда ғана әрқайсысы өзін-өзі айқындай алады. Жалғыз-ақ осынау мазмұн мен пішіннің бір-біріне ауысу, көшу процесінің негізінде мазмұн жататынын ұмытпау керек. Қандай жағдайда болсын, әуелі мазмұн туады да, өзін анық, айқындау үшін өзіне пішін іздейді. Демек, мазмұн мен пішіннің мызғымас бірлігінің негізінде мазмұнның пішіннен басымдығы (примат) жатады.

Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретін бір нәрсе – бір мазмұнның бірнеше пішіні болатыны. Өмірде де, өнерде де солай. Өмірдегі көрінісін алып қарасақ, пролетариаттың тап күресінің неше алуан пішіндері бар екені саяси әдебиетте сан рет дәлелденгенін көреміз: мәселен, стачка – жеке стачка ма немесе жаппай стачка ма, бәрібір, – тап күресі болып табылады. Бойкот, саботаж да, күмән жоқ, тап күресі болып табылады. Манифестация, демонстрация, өкілдік орындарға және сондайларға қатынасу – мұның өзі жалпы парламенттер ме немесе жергілікті өзіндік басқармалар ма, бәрібір – бұлар да тап күресі болып табылады.

Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретін екінші бір нәрсе – мазмұнға қарағанда, пішіннің өзгерімпаздығы. Өмірде де, өнерде де солай. Айталық, махаббат. Бұл – өмірде тұрақты шындық, өнерде мәңгілік тақырып. Абай әдемі айтқан: «Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар».

Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретін үшінші бір нәрсе – мазмұн мен пішіннің тарихи категория екендігі. Әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пішін тауып, жаңғырып, жасарып қана қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек өз мазмұнын ала келеді. Мәселен, ғасырлар бойы үнсіз мүлгіп, тылсымдай тынып, құлазып жатқан қазақ даласына Қазан революциясынан кейін күретамырдай тарамданып темір жол жосылды да, оның бойымен бұрын-соңды бұл маң көрмеген жаңа көлік – поезд жүйткіді. Бұл – өмірдегі жаңа шындық болса, өнердегі – жаңа мазмұн. Осы мазмұнды әдебиетте пішіндеу қалам қайраткерлерін жаңа ізденулерге салды. Даладағы бұл құбылысты, қимылды, жылдамдықты, айталық, баяғы Тайбурылдың шабысын суреттегендей:

Ол төбе мен бұл төбе, Шағалалы шалқар көл, Бауыры шұбар көл төбе.

Қызғыштының қызды көл,

Онан да өтіп жөнелді,

Құмыра, қотан Қос көлден,

Қамыстының қазды көл,

Айналасы бес көлден,

Қоғалының қулы көл, Бәрінен өтіп жөнелді, – Шеңгелдінің желді көл.

деп сыпыртып соға беруге болмайды.

Сонымен, әдебиетттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеніміз сөз өнеріндегі орасан зор маңызды заңдардың бірі, өнер туындысының көркемдігі үшін ауадай қажет жағдай болып табылады. Көркем шығармадағы мазмұн мен пішіннің бірлігі – оның етене бүтіндігі, эстетикалық бағалылығы.

Әдебиеттегі мазмұн мен пішін дегенді белгілі бір көркем шығармадағы заттты деректерге көшірсек, былай болар еді: шығарманың мазмұны– оның ақиқат пен шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні – әдеби қаһармандардың өзара қатынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы – суретті сөзі яки көркем шығарманың тілі.

III

Әдеби шығарма туралы әңгімені тақырыптан бастаған жөн, өйткені тақырып – өнер туындысының іргетасы. Үйдің қабырғасын салып, төбесін жаппас бұрын іргетасы қаланатыны секілді, көркем шығарманың туу процесі де тақырыптан басталатыны даусыз.

Жазушының шындық болмыстан таңдап, талғап алып, өзінің көркем шығармасына негіз, арқау еткен өмір құбылыстарының тобын тақырып дер едік. Әдебиет теориясының тіліне салсақ, егер тақырып жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея – жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы.

Идеясыз шығарма болмайды және болуы мүмкін емес. Мазмұн мен пішіннің байланысы секілді тақырып пен идея да әрқашан бірлікте болады. Тақырыптан идея, сондай-ақ идеядан тақырып туып жатады. Идеясыз тақырып, тақырыпсыз идея болуы мүмкін емес.

Дүниетанымы бір, әлеуметтік көзқарастары ортақ бірнеше суреткер бір тақырыпқа жаза қалса, әрине, олар да идеялық жағынан бірін-бірі қайталамауы қажет, әрқайсысы өзінше тың, нұсқалы идея туғызуға тиіс. Мәселен, С.Мұқановтың «Ботакөзі», Х.Есенжановтың «Ақ Жайығы», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері» бір тақырыпқа – тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған романдар. Әр романның идеясы өзінше, нұсқалы, бірін-бірі қайталамайды және әр жазушының ортақ тақырыптан туған идеяны көркем жинақтау мәнері өзінше, машығы бөлек; бұл реттен де бірін-бірі қайталамайды. Демек, бұл арада да бір тақырыптан біреу емес, бірнеше идея туып тұр. Бірақ бұлар бір-біріне кереғар жатқан жоқ, өйткені бұл жазушылардан әрқайсысының о бастағы ой өзегі бір-біріне бағыттас, ұқсас, сыбайлас. Сондықтан бұл – идеялық қарама-қарсылық емес, бірлік: дүниеге көзқарастары бір тұрғыдағы бірнеше жазушының бір тақырыптан бір бағытта, бірақ әрқайсысы өзінше, бірін-бірі толықтырар бірнеше идея туғызуы. Бұл өзгешеліктің түп тамыры әр жазушының тек өзіне тән дара қасиетінде, ешкімге ұқсамайтын өзіндік творчестволық ерекшелігінде жатыр. Сондықтан әp жазушы бір тақырыпты әр қырынан жарқыратып ашып, оған әрқашан жаңа, жас мазмұн мен пішін бере білген.

Тақырып пен идеяның маңында тереңірек тексеруді, талдауды тілейтін мәселелер көп. Сырттай қарағанда, кәдімгідей даулы, талас түсініктер де жоқ емес. Мысалға Шәңгерей Бөкеевтің «Ұршық» деген өлеңін алуға болады. Ұршық, кәдімгі жіп иіретін ұршық. Осында не тұр?! Түк те тұрған жоқ, ұп-ұсақ қана нәрсе. Ал оқып қаралық, өлең бір-ақ шумақ:

Ағаш едің құрма өскен, Ұршық болдың шуда ескен. Бір қалыпта тұрмақ жоқ,

Шығармалық мұны естен.

Тамаша! Кішкене нәрседен ақын үлкен философия туғыза білген. Мұндай үлкен идеяға әкелген тақырыпты, әрине, ұсақ деуге болмайды.

Шындық – күрделі болса, одан туған шығарма да – күрделі. Өмірдегі оқиғалар шым-шытырық болса, оны суреттеген шығарманың мазмұны да әр алуан. Проза мен поэзияның шағын түрлерінде, әрине, солай болуы мүмкін. Ал көлемді, кесек шығармаларда, әсіресе орта немесе кең көлемді эпикалық түр туындыларында бір емес, бірнеше тақырьш, бірнеше идея болады.

Алайда көркем шығармадағы тақырыптар мен идеялар қанша көп болғанмен, олардың бәріне ортақ желі, бәріне дәнекер бірлік болады. Ол бірлік – идеялық бірлік. Оның өзі шығармаға арқау болып отырған шындықтан туады. Барлық жекелеген тақырыптар мен идеялар біріменбірі тоғысып, ұштаса жалғасып кеп, ақыр аяғында бір сағаға сарқып құяды. Осыған келіп, оқырманда дәл осы шығармаға деген бүтін, тұтас бір көзқарас туады да, нәтижесінде шығармадағы орталық, өзекті мәселе айқындалады.

Бір шығармадағы бірнеше және әр алуан жеке тақырыптар мен идеялардың басын бір жерге қосып, бір арнамен өрбітіп тұрған бірегей, өзекті мәселені негізгі идея дейміз.

З.ҚАБДОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *